№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мамандығым – мерейім

Мамандығым – мерейім


Ұстаз – мамандық атаулының төресі. Сондықтан болар, халқымыздың ұстаз деген құрметі ерек. Міне, осындай сенімді арқалаған ұстаздың бірі – кенттегі №56 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Басқожаева.


Ол туған жері – Кеңес ауылындағы №239 мектепті жақсы деген бағаға бітіріп, 1989 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. 1994 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгеріп, еңбек жолын №163 мектепте бастайды. Онда 1997 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарып, сол жылдан бастап №56 мектепке ауысады. Тынымсыз еңбегі мен шығармашылық қырынан танылған ол 2006 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Міне, 13 жылдан бері тәрбие саласы мен ұстаздық қызметті қатар алып, білімпаздарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп жетістіктерді бағындырған ұлағатты ұстаз, білікті басшы.
– Ілім, білімге ұмтылу адам баласының табиғатына тән қасиет. Келер күнге мақсат қойып, беймәлім дүниені ашуға талпынбасақ алға баспаған болар едік. Ел болашағын заманға сай біліммен сусындатып, тәрбиелеу ұстаз қауымына артылған жүк. Бүгінгі жаңартылған білім мазмұны үздіксіз ізденуді талап етеді. Осы жауапкершілікті арқалаған әрбір жан, қиындыққа мойымай еңбек ету керек.
Ұстаздық жолды таңдап, шәкірт тәрбиелеуде бойыма қанат бітірген әкем Әйбеш Басқожаев осы жолда 40 жыл еңбек еткен ардагер ұстаз, – дейді Роза апай бізбен әңгімесінде.

Шәкірті үшін сыпайылық пен адалдықтың, адамгершілік пен биік парасаттың үлгісі болған ұстаздың бағындарған биіктері аз емес. 2018 жылы жас жеткіншектерді оқытып, тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі және білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін облыстық Білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ 2019 жылдың қараша айында облыстық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасара­лары арасында ұйымдастырылған «Тәжірибе. Шыңдалу. Шеберлік» атты байқауда 3 – орыннан көрініп, облыстық білім басқармасының «Құрмет Дипломын» иемденді. Биылғы оқу жылында облыстық деңгейде «Ұлы дала­ның жеті қыры – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Кең көлемді, тағылымы мол шара қызу талқыға түсіп, жоғары деңгейде бағаланды.

Атап айтарлық тағы бір табысы, Қызылорда облыс­тық оқу орталығының ұйым­дастыруымен «Жаһандық әлемдегі Қазақстандық мә­дениет» атты дөңгелек үстелде, «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында әлеуметтік жо­ба дайындап, жас ұстаздарға тренинг өткізіп ұстаздық жолдағы білген-түйгенімен бөлісіп қайтты.
Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйым­дастыруымен өткен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары арасындағы «Тәжірибе. Шындалу. Шеберлік» атты облыстық байқауына Жаңа­қорған ауданынан №56 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбары Р.Басхожаева қатысып, ІІІ орынды иеленді.
Қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табылатын ұстаз өткен оқу жылынан бастап «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығын қолға алып, жұмысын жүргізіп келеді. Қазіргі таңда тәрбие саласына инновациялық әлеуметтік жобалар ендірілуде. Осыған орай мектепте «Ақылды бейсенбі», «ТЕДх» (Таратуға тұраралық идеялар) жобасы, «Ата-ана жұмысындағы үш күн», «Туған жерге тағзым», «Қазақтың 100 әні, «30 кітап» атты жобаларын қолға алып, жүргізу жұмыстарын жүйелеуде.
Шығармашылықты жаны сүйген Роза Әйбешқызының 2006 жылы «Ұстаздық ғұмыр» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Бірнеше әдістемелік оқу құралдары жарық көрген. Бүгінде облыстық, республикалық газет-журналдарға мақалалары тұрақты жарияланып өз оқырманын тапқан қаламгер.
Ұстаздың еңбек жолын сөз еткенде шәкірттерінің жетістіктерін айту заңдылық. 2018 жылы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының бастамасымен ұйым­дастырылған «Ардақты ұстазым» атты республи­калық эссе жазу сайысына қатысқан Ж.Ибрагим алғы орнынан көрінді. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы­ның «Театрдың ғажайып әлемі» облыстық фестиваль-байқауында Мұхтар Әуезовтің «Абай» дарамасы үшін дайындаған шәкірттері ІІІ орынды иеленіп, Дипломмен марапатталды.
Қазіргі таңда шәкірттерінің бірқатары түрлі салада еңбек етіп келеді. «Менің алғашқы жетістігім» деп еске алған ұстаздың шәкірті, аудандық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Алдабекова ұстазы жайлы жылы лебізін білдірді.
– Мен үшін Роза апай ұстаздардың төресі. Адамгершілік пен ұстамдықты ту еткен ұстазымнан әлі де үйренерім көп. Біліммен сусындатып, бүгінгідей биікке шығуда тілекші болған екінші анамыз дер едім, – дейді бас маман.
Отбасының ұйытқысы үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана, аяулы жардың арқа сүйер тірегі осы жандар.

Мақпал МАРҚАБАЙ
09 қазан 2023 ж. 317 0