№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Дала гүлі


Тау суындай тазалықтан жаралған, ен далада еркін өсіп, төл табиғаттың өзінен нәр алған перзент өзін оған мәңгілік қарыздар сезініп өссе керек.
Атамекенімізде әйел-аналар қатарында қоғамға сіңірген ерен еңбегімен жарқылдап көзге түскен ару – Аманкүл Болтаева апамыздың есімін ел ұмыта қойған жоқ. Созақ ауданы, Құмкент кеңшарында дүние есігін ашқан Домалақ ананың ұрпағы оныншыны бітіре сала шұбартаулық жастардың бастамасының үн қосып, комсомол жастар бригадасына құрамына кіреді. Екінші тыңның ерлері қатарында төрт түлікті өргізуге үлесін қосқан ару еңбекте озық танылып, аудандық, облыстық кеңестің депутаты болыпты. Жас шопандардың республикалық слетіне қатысып, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлының батасын алғаны өміріндегі өшпес естелік болып жүрегінде қалды. Өзінің төл кәсібімен бірге шертпе күйдің шебері Файзулла Үрзімовтың шәкірті ретінде домбыра оркестрін ұйымдастырып, көркемөнерпаздар құрамында түрлі байқауларда топ жарғаны өз алдына бір хикая. Өзі де жыр жазып, Берлин, Будапешт қаласында өткен жастардың дүниежүзілік фестиваліне лауреат болып қатысқан сәттері кейінгі ұрпағына үлгі.


Ақжардан ұшқан аққуды қолына түсірген Сыр елінің азаматы – Дінслам Доскелдіұлы болашақ жарымен Алматыдағы медициналық институтында бірге оқыған екен. Арманы асқақ жұптардың еңбек жолдары да егіз өріліп, елге бірге қызмет етуді тағдыр нәсіп етіпті.
Аманкүл Болтаеваның Жаңақорған ауданындағы қызметі «Красная звезда», Задария, Түгіскен кеңшарларында парторг, ауылдық кеңесінің төрағасы ретінде жалғасын тауып, етік киіп ерлермен бірдей жүріп-тұрғанының шет жағасына өзіміз де куәміз. Шаруашылықты аралап, кемшіліктердің бетін ашу бір басқа, еңбекшінің жағдайын білу, шағымы мен мұңын тыңдап, шынайы қамқорлық жасауда нәзік жүректі аңғарымпаздығын алға тұтып, қаншама елге жасаған көмегін көзін көргендер әлі де айтып жүреді.
Аманкүл Болтаеваның әсіресе Аққорған ауылының әкімі қызметін атқарған жылдары іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін нақты дәлелдей алғанына туған жер халқы куә. Ол осы жылдары 6 рет ауылдық, 4 рет аудандық және облыстық кеңеске депутаты болып сайланды.
Алпыс бір жасында жарық дүниені тәрк етіп кете барған жанның аманатын арқалап қала берген аяулы жары Дінслам мен үш перзентіне тағдырдың басқа салғанына шүкіршілік етіп сабыр қылудан басқа не амал?
Дегенмен, іштегі запыран өкінішті өксікті өлеңімен төккенде көкірегі жеңілдеп, жер басып тірі жүрген несібесіне еңбегін ғана еншілетуді білген ері – Дінслам күн-түн ақ қағаз бен қаламды серік етіп, бұрқыратып жыр жазумен болды. Өзі мал маманы бола тұра бейнеттен сәл қолы босағанда жазған-сызғандарын құшақтап келіп аудандық төл басылымның төрінен табылатын Дінслам Доскелді ағамызға сол қиын жылдары қара сөзді кие тұтқан қасиеті көп демеу болғаны айдан анық еді. Сүйген жары Аманкүлдің қазасына жаны күйзеліп жазған мына жыр жолдарынан ақын жүректің зіл батпан қайғысын анық сезіндік.

«Мен сені аңсағанда,
Көкірегім қан жылайды.
Білмеймін, қалай оған жан шыдайды?
Сағыныштың ақ бұлты кеудемдегі,
Жыр болып жүрегімнен тамшылайды.

Мен сені аңсағанда,
Саз келеді.
Саз келіп әндеткенге мәз демегін.
Білем менен жұрттың да аз дерегі,
Түніменен жыр жазсам көзімді ілмей,
Жаздың қысқа таңы да саз береді,
Жетелер тағы бір күн тағдыр мені».

Тірі жанға бәрібір керек тіршілік соқпағында тура жүруден жаңылмаған ағамыз аяулы жарының келте жіптей баянсыз ғұмырынан бір белгі қалса екен деген ниетпен билік орындарын жағалауына тура келген жан-жарының елге еткен еңбегі ескеріліп, белгілі бір көшеге атын беру немесе ауданның құрметті азаматы атағына да лайық екенін жоғарыдағылардың есіне бірді-екілі салып та көрді. Тырс еткен қозғалыс, ықылас-ниетті байқай алмады. Заты жуас жан әрі десе сыпайылықтан аса алмай бұл мәселені жылы жауып қоя салған. Бар қолынан келгені, сағыныш мұңын музасына ақтарып, алай-дүлей жан толқынысын жырға айналдырып жүректің дәруін содан ғана тапты.
Ел ішінде жүріп жалғызбын деуге болмайды. Солардың жай-күйін көзбен көріп, жүрекпен сезініп, толғақты мәсе­лелердің шешілуі жолында жан қинағанның ләззаты бөлек екен. Ауыл халқының арзу-тілегін арқалап, жоғары орындарға мәселе қойып, Аққорған ауылында өнер мектебінің ашылуына қол жеткізді. Бүгінде аты елімізге танымал Талдысу тынығу жайының қазығын тіктеуіне Дінслам Доскелдінің еңбегін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Халықтың сенімін ақтап, қажетіне жараған осы емес пе?
Өмір-ай десеңші, бұл кісінің де дүниеден озғанына биыл үшінші жыл. Бұрқыраған қағаздарын қолтығына қыстырып, жазған өлеңдерін алдымызға жайып салғанда тұтас бір «Әдебиет беті» өңдеусіз-жөндеусіз оқырманға жол тартатын. Кісі өзі өмірден өткен соң бейнесі де көзден көмескілене береді екен.
Тұлғаны өлтірмейтін үш нәрсе – соңында қалдырған өсиет сөзі, ізгі амалдары, сосын жақсы перзент. Бұл тәм­сілді мысалмен тірілтейік. Түс қайта редакциядағы жұ­мыс орнымызға жарқ етіп Аманкүл апай кіріп келе жатыр. Ақиқатына келсек, Аманкүл апайымыздан айнымай ұқсап қалған ару «қызымын» деп таныстырды өзін. Құшағында бір бума қағаз. «Орнында бар оңалар» деген осы. Дінслам көкеміз бен Аманкүл апамыздың көзіндей соңында үш перзент қалды. Солардың атын тірілткелі редакциямызға бұл келген Шолпан Сапаровамен (1 бетте суретте) жайланып отырып әңгімелесіп, көп жайға қанықтық.
Шолпан өзі орта мектептен соң Оңтүстік Қазақстан медициналық университететінің фармацевтика саласын бітірген. Аудан орталығындағы дәріханаларда меңгеруші болып қызмет атқарған. Қазірде Түгіскен ауылында тұрады. Ері екеуі де кәсіпкерлікпен айналысады. Отбасында төрт перзент тәрбиелеп отыр екен.
Өзі жақында анасының туған жерінде болып қайтыпты. Анасы Аманкүлдің «Мен әке-шешемнің Баба түкті шашты Әзиздің басына түнеп тілеп алған жалғыз қызы екенмін» деген сөзі есінде. Анасының табаны тиген топырақты басып, ауасын жұтқанда өзгеше сезімде болғанын жасырмады. Сол жақтағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінде осы шаңырақтың түлегі Аманкүл Болтаеваны ескен алу кеші өтіпті. Анасының туған жеріндегілер жастайынан ерек танылған тұлғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында орталықтағы көшеге атын беріпті. Шымкент қаласындағы баспадан қазақтың қайсар қызы Аманкүл Болтаева жөнінде «Дала гүлі» деген атпен кітап басылып жатқанын сүйіншіледі. Міне, еткен еңбек әйтеуір бір ескеріліп шын бағасын алатынының бұл бір мысалындай біз де қуанып қалдық.
Әкелері Дінслам Доскелдіұлының да соңында мол мұра қалды. Оның жазған дүниелерін перзенттері «Тау ұлы» деген атпен жинаққа ендіріпті. Жаңа кітаптың жақында оқырманымен қауышатынын жеткізді.
Әкесі мен анасының екеуінің бірдей ақындық қасиеті перзенттерінің ішінде осы Шолпанына дарыпты. Мүмкін, сондықтан болса керек, әкесі осы қызын жанына жақын тұтып, сырымен бөлісіп отырады екен.
Шолпанды газеттің қарашаңырағына таудай аманат жетелеп әкеліп отырғанын білдік. Ол әке аманаты. Қо­лындағы тор көзді оқушы дәптерін ұсынғанында оның бетіндегі маржандай тізілген жазудан төл авторымыз Дінслам Доскелдіұлының қолтаңбасын бірден таныдық. Ақырғы демі жақындап өмірден аттанар сәтінде де жан сырынан сая іздеп, соңғы жазған дүниесін жанында отырған перзентіне аманаттап «Мына жазғанымды «Жаңақорған тынысындағы» Баян қызымның қолына апарып бер» деп тапсырып кетіпті…
Міне, осы аманаттың өтеуі болсын,осы дүниені өздеріңіздің назарларыңызға ұсынбақпыз, қадірлі оқырман.

Ақын болып өтемін

Құзар шыңның жүрсем де етегінде,
Ойлы жырдың келемін жетегінде.
Шынарына сол таудың шықпасам да,
Өрмелеумен тер төгіп өтемін де.

Көкірегіне сыр тұнған ақын едім.
Жырдан жақұт сыйлайын кетерімде.

Әр ақынның өзінше сөз таласы,
Сынға түсер пайымы, көзқарасы.
Сөз маржанын тереңнен сүзбесе де,
Әркімге ыстық көрінер өз баласы.

Шабыт шалқып тұрғанда бағым күліп,
Сезімді ойға жүремін бағындырып.
Дінслам боп өтемін Абай емес,
Өлеңнен пір жасаған табындырып.

Мені іздеме, ағайын өлеңімнен,
Гәптің мәні түйсікте көре білген.
Мен Құландай дүлдүлдің жалғасымын,
Сөздің парқын қымшыдай өре білген.

Сөз маржанын тереңнен тере білген,
Саналыға ой тастап тереңінен.
Мен қазақтың бірімін өнерге әуес,
Өткізіп көр, әділ сын елегінен.

Соңы да емен, ақындар дәуірінің,
Терілігі кеппеген сауырының.
Кілемде күш сынасқан балуандай,
Жер иіскемей кетсінші жауырыным.

Күзгі бақта

Күзгі бақты араладым, қыс қамына кіріскен,
Бірлі-жарым түйнек қапты суық желден бүріскен.
Жапырақтан ада болған ағаштардың бұтағы,
Жамылғы іліп алғандай - ау боз қыраулы күмістен.

Сәні кеткен, әні кеткен, тек тыныштық айнала,
Күзгі желмен теңселеді жапырақтар жай ғана.
Күрең күзде күрең түске күрең тартты көңілім,
Гүлін аңсап көктем-бақтың ағашында жайнаған.

Адамдар-ай ұрпағымен мәңгілікке жалғасқан,
Рухтар жатыр жамылғы етіп топырақты қар басқан.
Адамдар да ағаш сынды қайта гүлдеп бүр жарса,
Бәз-баяғы соқпағында жүрер ме екен адасқан?

***

Жаратқан соң бір Алла пенде қылып,
Жаратқан да жоқ шығар кем де қылып.
Қырсықтықты құрсаулап мініп алып,
Іс қылмаймыз кейде біз жөнге жүріп.

Бірде жылап, өмірде бірде күліп,
Бірде құлап, тірлікте бірде тұрып.
Үмітімді жалау қып жалғап келем,
Кермек дәмін өмірдің татып жүріп.

Баян ҮСЕЙІНОВА
08 қазан 2024 ж. 311 0