№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сыр елі перзентін ұмытпайды

Сыр елі перзентін ұмытпайды



Өмір жолында әркімнің өз тағдыры болады. Жаратылысында өзі үшін ғана емес, айнала орта, қоғам үшін, ел үшін еңбек ететін, қуанышы мен қайғысын бірге бөлісіп, одан өзін бөлек санай алмайтын ерекше адамдар болады. Тұлға дейді оларды.
Қасиетті Сыр мен Аралдың ортасында орналасқан қалың орман қазақтың рухани бәйтерегі іспеттес бедел мен абыройды иеленген Сәпиұлы Оңалбек ағамыз осындай азамат еді. Сексен бір жастың кемерін толтырып, кейінгілерге ақылшы-ұстаздығынан танбаған дегдар тұлғаның қызметтен қол үзсе де елдің тілеуінен ажырамай, көпті ағалық көңілдің мейіріне бөлей білген кең құшағына кімдер саяламады? Тағдырға не амал, ешкімді жатырқауды, алалауды білмейтін үлкен жүрек соғысын тоқтатты.
Қадірлі ағаның қазасына Сыр елі болып қайғырды. Соңғы сапарға шығарып салу үшін туған жерінен арнайы өкілдерді бастап барған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аға рухына тағзым етіп, асыл азаматтың мемлекеттік деңгейде атқарған ұшан-теңіз еңбегіне жүрекжарды лебізін арнады. Одан әрі әлеуметке ортақ асыл жанның рухына құран бағыштап, арнайы ас беруге ықылас танытып отырған елдегі көзін көрген, тәлімін алған ағайынның ілтипатниетін жеткізуді құп көрді.
Ағаны шығарып салу қаралы жиынында мемлекет және қоғам қайраткері, асыл жанның үзеңгілес інісі Қырымбек Көшербаев өзінің алғаусыз жүрек сөзін арнаса, Сенат Төрағасы Мәулен Сабырханұлының да көңіл қосына жұртшылық болып куә болдық.
Осы ретте аға өмірбаянына қысқаша ғана тоқталып өтсем, ол былай өріледі. Оңалбек Сәпиев 1944 жылы 11 қаңтарда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы «Өзгент» ауылында колхозшылар Сәпи Құдайбергенов пен Ұрқия Әбішеваның отбасында өмірге келді. Еңбек жолын «Октябрь» колхозында шопан болып бастады.
Ол 1969 жылы Өскемен педагогикалық институтын, сондай-ақ 1971 жылы БЛКЖО Орталық Комитеті жанындағы жоғары комсомол мектебін және 1983 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын саясаттанушы мамандығы бойынша бітірді. 1969-1981 жылдары Өскемен педагогикалық институты комсомол комитетінің хатшысы, Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы, БЛКЖО Орталық Комитетінде жауапты ұйымдастырушы, Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Кейінірек Қызылорда облысының атқарушы және партия органдарында басшылық қызметін жалғастырды: Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы (1983-1985 жылдары), Жалағаш аудандық партия комтетінің бірінші хатшысы (1985-1987 жылдары), Қызылорда облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы (1987-1991), Сырдария ауданының әкімі (1992-1997) болып істеді. Ал 1997-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші, екінші, үшінші шақырылымдарының Қызылорда облысынан сайланған депутаты болды.
Оңалбек Сәпиев қайда қандай қызмет атқарса да, өзінің жоғары мәдениетімен, білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, қарапайымдылығымен, ашықтығымен, белсенділігімен, турашылдығымен және ақжарқындығымен көзге түсіп, ерекшеленіп тұратын. Ол тіршілігінде әлемнің әр түкпіріндегі алуан түрлі адамдармен қоян-қолтық араласып жұмыс істегенінің куәсіміз. Өз басым, 95 жылдары Жаңақорған ауданы басшылығы құрамында Арал ауданында өткен семинарда болып, ол кезде Сырдария ауданы әкімі Оңалбек Сәпиевтің ауыл шаруашылылығын көтеру, дамыту бағытындағы кең көлемді іс-тәжірибесіне жете қанық болдым. Ол кісі үнемі ғылыми ізденісте жүрді. Ғалым-профессорлармен қарым-қатынасын үзбей, ең таңдаулы идеяларды ел өміріне ендіруге ынтышынтысымен еңбек етті. Осының бәрінде ол бүкіл өмірінің негізі мен өлшемі өзіне сенім мандатын арқалатқан адамдар үшін арға жүгініп, адал өмір сүру қағидатынан айнымады. Оңалбек Сәпиевтің отан алдындағы қалтқысыз қызметі кезінде жоғары мемлекеттік марапаттармен, құрметті атақтармен атап өтілді. Солардың арасында Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет», III дәрежелі «Барыс», «Ынтымақтастық» ордендері және КСРО мен ҚР медальдары, БЛКЖО-ның Құрмет белгісі бар. Біз аудан жұртшылығы атынан Сәпиевтер отбасына, ағаның жары Зада Ахметқызына, Қазақстанның Түркиядағы Тұрақты және өкілетті елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиевке көңіл қосымызды білдіреміз. Сыр елі ардақты перзентінің есімін ешқашан ұмытпайды.

Серқожа Ыдырысов,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы
21 шілде 2024 ж. 1 245 0