№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді


Ұлтымызда білімі мен білігін, өмірі мен өнерін туған елдің тарихы мен өркендеуіне арнаған тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі – белгілі жазушы, журналист, аудармашы Омар Бәкір. Оның жақында «Өнер саңлағы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық орталық кітапхананың қоры жаңа кітаппен толықты.


Шарапаты мол шараны кітапхана басшысы Әсемкүл Тілеубергенова ашып, жазушының шығармашылығына табыс тіледі.
– Әсілі, адам болып өмірге келу – Алланың адамзатқа берген ең үлкен нығметінің бірі десек, адам деген ардақты атты асқақтата білу – үлкен жауапкершілік. Міне, Омар Бәкір ағамызды осындай санаттағы жандар қатарына қосамыз. Бұл кісінің бүгін ауданға келіп, төл туындысымен ауылдастарын таныстыруы, осындай үлкен қуанышына бізді ортақтастыруы үлкен көрегендіктің белгісі. Алдағы уақытта да Омар ағамыздың шығармаларымен таныса беретінімізге сенімдімін. Қаламыңыз ұштала берсін, – деді Әсемкүл Манапқызы.
Одан әрі ел ағалары кітаптың тұсауын кесті.

– Бауырымыз Омар түлеп ұшқан туған жеріне келіп, кітабының тұсауын кесіп, ағайынның арасында бүгінгі ұрпаққа өзінің туындысын қалдыруды жөн санап отыр. Осындайда елден жырақта жүрген бауырымызға қолдау көрсетіп, бүгінгідей салтанатты шара ұйымдастырып берген аудандық кітапхана ұжымына алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта жұмыстарыңы жемісті болып, ойлы оқырмандарыңыз көп болсын, – деді жазушының бауыры Әділбек Бәкірұлы.
Туған жердің топырағында тұсауы кесілген «Өнер саңлағы» кітабында автор халық ақыны, сазгер Нартай Алыпқашұлы Бекежановтың елімізге сіңірген зор еңбегі, шығармашылығы мен қалдырған мол мұрасы жайлы әсерлі әңгімеленіп, Сыр сүлейі табиғаты жаңа қырынан ашыла түскен. Деректі-ғұмырнамалық хикаят ретінде жазылған кітаптан оқырман Нартай Бекежановтың осы уақытқа дейін ешқандай кітапта жазылмаған жаңа қырымен танысып, оның еңбек және өнер жолымен таныса алады.
Ал, Омар Бәкірұлының өзіне тоқталсақ, ол белгілі жазушы-журналист, аудармашы. 1954 жылы Сунақата ауылында дүниеге келген. 1972 жылы №194 «Сунақата» орта мектебін бітіргеннен кейін, әскери борышын өтеп, Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеті) журналистика факультетін 1980 жылы тәмәмдаған. Түрлі басылымдар мен Қазақстан кәсіподағы федерациясының Кеңесінде және мемлекеттік басқару органдарында жемісті қызмет еткен. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, 5 кітап пен 700-ден аса өзекті мәселелерді көтерген мақалалардың авторы.
Иә, төл туындылары оқырмандарының жүрегіне жол салып, көңілінен шықса, мақсатының орындалғаны деп білетін Омар Бәкірұлы ағамыздың шығармашылығы қашан да өнегеге толы. Олай болса, ар жүгін арқалаған, ақиқатын алқалаған, ұрпаққа ұлағатты ізін тастаған бұл кітаптың оқырманы көп болғай.

Айсұлу Алданазар

08 қазан 2024 ж. 287 0