Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Еңбек адамы – Ел ағасы

Еңбек адамы – Ел ағасы


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі халыққа арнаған Жолдауында еңбек адамының мәртебесі туралы айырықша тоқталды. Өйткені қоғамды осындай адал еңбегіне сүйенген жомарт жандар алға апарады. Осы ретте бір ғана отбасының сыр-шежіресін көңілден өткізгенде ерік пен жігердің, еңбектің тау қопарар құдіретіне қапысыз бас игендей болдық. Қарапайым ғана өмір сүріп, бірақ тағдырдың сынын қаһарман қажыр-қайратпен еңсеріп, елдің алдына шыға білген қожакенттік Бұрхановтар әулеті түзген тарих бізге осыны дәлелдеп берді.


Кешегі еңбек адамы, бүгін ел ағасы Мұхтар Сейтқасымұлы­мен сұхбатымызда зерделі кеуде, құймақұлақ деген ұғымның шын мәнісіне көзіміз жетті. Өз жағ­дайынан бұрын сырлы кеу­де­ден өткеннің аманаты ағытыла жөнелгенде пенде атаулының ақырғы деміне дейін үміттің сәулесін үрлейтін өмірге деген құштарлықтың қуатына бас имес­ке шарамыз қалмады.
Әкесі Сейтқасым 1900 жылы туды. Алты-жеті жасында Мәметек молдадан арапша хат таныпты. Анасы Күнсұлу Құлымбет болыс­тың қарындасы екен. Құлымбет­тің баласы Жамал да оқымысты, кейін партия қызметкері болған, жиенінің алғырлығына сүйсініп, төрт жылдық гимназияда оқыт­қан. Көзі ашықтығының арқасында 1928 жылдары бұл кісі дария­ның арғы жағындағы бес ауыл біріктіріліп кейін «Политотдел» атанған колхоздың төрағасы болған. Сол жүрген кезінде кол­хоздың тайлағын аш-арыққа сойып бергізгені үшін он адам жалаға ілігіп, соның бірі болып он жылға сотталып кете барған. Қаңтардың қара суығында қазіргі 26 бекеттен қызыл вагонға тиеліп, аязға қақталған аш-арық күйі жиырма күнде Қарағандының лагерінен бір-ақ шығыпты. Ол жақтағы азапты айтпай-ақ қояйық, қу жаны олжа, екі қазақ болып темір тордан қашып шығып, жол бойы көрмеген қорлықты көріп Ташкентке тұяқ іліктіріпті. Бұрын ашаршылықта ауып кеткен Жәмеке мен Құдайбергенге жетіп жығылуға таяп қылған талабы тасқа соғылып тар қапылыста қайтадан қолға түсіп қалады. Қызыл-ала қанға боялып, қол-аяғына тас кісен салынып қызыл вагонға тасталған қашқындар Карлагтың лагеріне қайта айдалады.
Бұрынғыдан да қатал жазаға кесіледі. Кемеге тиеп Беломор каналынан өткізіп, Қиыр Шығысқа айдапты. Бұл жақта ақтүтек боранда бірді біреу көрмейді. Тас барак дегенге қамалып, алтын қазуға жұмыс­қа жегіледі. Айналасы серейген-серейген күнде өлік, отынша жинап қоя береді екен. Жердің тоңы жібігенде дәу траншея қазып соған бір-ақ аударатын көрінеді.
Өмір мен өлім лагерінде қу сүлдерін сүйретіп бес жыл өткенде орысша сауаты кәдеге асып табельші болады. Өлместің күнін көріп жүріп он жылды өткізіп, босайтын сәт туғанда соғыс басталып кетеді. Айып батальонына айдалып кетер ме еді, татар командирдің мұсылмандығы жар болып аман қалады. Алты жыл тағы жұмыс атқарып 1946 жылы қайтуға рұқсат алады. Арман-ай, алты айда бір келіп тоқтаған он бір мың адам сиятын кемеде бұған орын жоқ болып шықты. Кеме жүрер мезет әлдекім теуіп жіберіп теңізге құлап түскен бұл өліп-талып жағаға шыққанда кеме жүріп те кеткен болатын. «Маңдайым-ай, енді қайда барам?» деп жер тоқпақтап жылағанмен не пайда. Алты ай сол маңдағы орманды паналап бас сауғалап келесі кемені күтті. Кейін естігені, сол кеткен кемені жапониялықтар теңізге батырып жіберген көрінеді. Яғни сол жолы мұны ажалынан періштесі қаққан екен. Оны отыз жасында итжеккенге айдалып, араға он алты жыл дегенде өлдім-талдым туған жерге табан іліктіріп, одан он баланың ең кенжесін тізесіне отырғызып көңілі еріген сәтте талай-талай жылап отырып жүрегімен де айтып еді-ау. Осындай да жан төзбес ит қорлықтан, азаптан адам аман қалады екен-ау. Алланың кеңшілігі ғой, өркенін өріске жайып, әр елдің түті­нін түзу ұшырып отырған қызғалдақ­тар­ының жайқалуы, әке шаңырағының мұрагерлері – Қалдыбегінің, Мұхтарының, Алпысбайының, Жетпісбайының көрер жарығы да.
Аналары Мәрзия 47-жылдан 53-жылға дейін Келінтөбе каналын қолмен қазған­дардың бірі. Сәпи шал сырықшы, осынша жер қазасың деп өлшеп берген сызыққа дейін өл-тіріл, орындайсың. Патыма апа, Мәрзия апа үнемі екпінділер қатарында болады екен. Ударник болсаң керзі етік киесің, жүгері көже ішесің, жағдайың да ілгерілейді. Осыншама енапат еңбектің арқасында канал құрылысы бітіп ауылға су келді. Сумен бірге елдің басы құралып, ашаршылықта шетке кеткен ағайындар атамекенге бет түзеді.
Алпыс жетінші жылдары шаруашы­лықтың қазығы қадалып, «Октябрь» колхозы атанды.
Бұл ауылда бастауыш мектептің қазы­ғы 1953 жылы қаланып, соғыс жауынгері Оразбек Қашқынов тұңғыш директоры болды. Ауылдың қарадомалақтары түгел осы мектепте оқып білім алды. Кейін ол сегізжылдық мектепке айналды.
Біздің кейіпкеріміз әкесі өмірден өткенде он бір-он екідегі кезі, ағасы Қалдыбек те жас, жесір қалған анасына қолқанат болуға тура келді. Үйге айлық кірмейді. Әкесі көзі тірісінде «халық жауы» деген қара таңбаның жаласынан зейнетақыдан қағылған. Анасы белді буып шаруашылыққа шығып күріш екті. Есік алдында мал байлап, балаларын ақтан тарықтырмады. Ұсақ малдарының санын елу-алпыстан түсірмепті. Соны сатып бірін азық қылса, бірін киім етіп балапандарына жетімнің күнін көрсетпепті. Жесірдің күнін кешпепті. Қайта біреулерге қарасып, болысып жүретініне ауыл-елі куә.
Алпыс сегізінші жылдары кеңшарға тас жол салынғанда іс басындағыларға кең дастарханын жайып, күніне үш-төрт пісетін күбінің айранын құйып беріп жатады екен.
74-жылы Қалдыбегі әскерде, осы Мұхтары дәу там саламын деп фундамент құюды бастайды. Соған үш машина тіркемесімен тас әкелген жігіттерге ана­сы алпыс сом ақша ұсынғанда ұзын Бекен деген жігіттің «Апа, сіз бізді ұмы­тып қалдыңыз ба? Талай үйіңізде жатып аяқ созып жатып, май жеп, айран іштік. Соның ақысын қалай өтейміз деп жүрміз. Алмаймыз ақшаңызды» деп өзіне қайтарып бергені бар екен.
Міне, бұрынғы адамдардың пейілі қандай болған десеңізші.
Қазірде жол салып жатқандарға, көпір салып жатқандарға айран апарып бермек түгілі қара су ұсынуға ықырары бар ма осы жұрттың?
«Анамыз біздің әкемізден жиырма төрт жас кіші еді. Елуінші жылдары бас қосқан екен. Әкем ауылда дүкен ұстады. Анамның ол кісінің бабын жасауы ерекше еді. Көк сиырдың сүтін бөлек сауып, бө­лек пісіріп беретін. Ас-ауқатын да қатаң қадағалауын үзбеді. Анамның ерекше күтімінің арқасында ол кісі жетпіске жетті деп ойлаймын» дейді Мұхтар аға.
Он баланы туып асыраумен қатар кеңшардың шаруасын да атқарып ек­пінділер қатарынан танылған аналары 53 жасында зейнетке шығып 120 сом тағайындалған екен. Кейін осы Мұхтар ағамыз 1968 жылы анасына берілген КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы бар екені есіне түсіп исполкомдағы Керімхан құрдасының алдына бармай ма, ол кісі грамота салған қалың папкамен төбесінен бір қойыпты. «Баяғыдан бері әкелсең қайтеді? Екі жүз сомға дейін пенсия шығатын еді ғой» деп. Сөйтіп қолынан келгені, қарияға ай сайын шай, ұн бергізіп тұрыпты.
Біздің Мұхтар ағамыздың өзі туралы тоқталар болсақ, жиырма жасынан сов­хоздың озат механизаторы болған кісі. Подмосковьенің Ульяновск қаласында әскери міндетін өтеп елге 79-жылы орал­ған жігерлі жас трактор руліне отырып №4 бригадада Сатыбалды Бұйрабаевтың қарауында Ізатулла, Жандарбек үшеуі тізе қосып бірге еңбек етеді.
Сексен бірінші жылы жары Қатирамен бас қосып, комсомолдық тойы өтсе, 83 жылы тұңғыш нәрестелі болады. Бұл туралы журналист Пахмадин Айнақожаев аудандық «Коммунизм жолы» газеті­не «Қуаныш иесі» деген мақаласын жазыпты. Бұдан басқа да еңбек адамы туралы жергілікті басылымдарда шыққан материалдың бәрін жары Қатира Дос­хожақызы көздің қарашығындай сақтап жүр екен. Соның барлығын алдымызға жайып салып көрсете бастады. Ері 1986 жылы өңір бойынша астық бастырудан жүлделі орынды иеленіп облыс чемпионы атаныпты. Ал 1987 жылдан облыстық Жоғары кеңестің депутаты болып сайла­нып, сессия сайын ауыл-ел мәселелерін жоғарыға жеткізіп отыруға мол мүмкін­дік туыпты. Нағыз еңбектің адамы сол кездері аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәмит Далдабаевтың қолдауымен партия қатарына өтіп, қоғам жұмысының алдыңғы шебінде жүргенін мақтанышпен еске алды.
84-жылдары бригаданы басқарған кездері «1485 гектар жердің 470 гек­тарына күріш, 300 гектарына жоңышқа, 260 га жер көлеміне бидай дақылы егілді. Қарамағымда 25 жұмысшы, оның 10-ы механизатор, 5 жатка айдаушы, 6 подборщик бар» деп ары қарай егіннің түсімі жөнінде «Шалқар» радиосына сұхбат бергендегі мәліметтері санада әлі жаттаулы тұрғаны таң қалдырды. Осы жылы ол Бұкілодақтық екпінді жастардың «Алтын масақ» сыйлығына ие болыпты.
Ағасы Қалдыбек те шаруашылықта озат механизатор атаныпты. Бірақ бар болғаны қырық тоғыз жасында, тіпті отбасын құрып үлгірмей өмірден озып кете барыпты.
Тоқсан төртінші жылдары кеңестік шаруашылықтардың іргесі сөгіле бастаған соң еңбек адамдарының отбасы бірігіп жеке шаруа қожылықтарын құрғаны белгілі. Солардың қатарында Бұрханов­тар әулеті Ерхожа Әбітаев басқарған «Қожахмет» шаруа қожалығына бірікті. Осы қожалықтың жұмысын екімыңын­шы жылдардан кейін Мұхтар Бұрханов қолға алыпты. 2005 жылдарға қарай қожалықтың құжатын інісі Алпысбайға тапсырып арқа-басын кеңітуге бел буыпты.
«Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» пыйғылына бас ұрып, әркім өз қамын күйттеген күйкі тірліктің атамекен жағдайын тұралатар тұрлаусыз деңгейіне сол кездері көз жеткенін айтады еңбектің өкілі. Сол екі аралықта он жылда ауыл тозуға бет алыпты. Бұрынғы кеңестік шаруашылықтың каналдары қараусыз қалған, ауылға су келмейді. Су келмеген соң ауыл ажары азып, жасыл бұтақтар қурайды. Әркім бет-бетімен өз қотырын өзі қасып, «ортақ өгізден оңааша бұзауын артық көріп» тұтас ауыл шын мәнінде егесіз қалған тәрізді. Ауылдың сол кездегі әкімі Әбілғазы Төлегенов осындай кезде кімге сенеді, кімге арқа сүйейді? Әрине, елдің үлкендеріне. Кезінде ауылдың әр тасын біртіндеп қолдан құрап әр жетістігіне баладай қуанған, қоғам мүддесі дегенде бала-шағасын ұмытып, уақытпен санас­пай күн-түн далада, егіс басында қона жатса да қабақ шытуды білмейтін кеңес заманының ақ пейіл, ақеден, алдымен жанды емес, арды ойлаған азаматтары бар емес пе? Соларға қолқа салмай ма? Олар да «айналайын, мен шаршадым, болдым, тыныштық бер» деуге дәті бармайды, айтты болды, алдына түсіп жүре береді. Өйткені олардың табиғаты сондай, ел-жер дегенде емешегі үзіліп, кетігіне кірпіш болып қалануға қайраты кемісе де қарауыл болып егелік етуден ешбірі қашқан емес. Солардың ең бірінші қатарында біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Мұхтар Сейт­қасымұлы да сол күндері айлығы жоқ қызметке белді буып ақ тер-көк тер іске кірісіп кетті. Ауыл басшылығымен бірге ел – жұртты ұйыстырып атамекенді аяқтан тұрғызуға ұмтылды. Техникасы барларды жұмылдырып, қалғанын қолдың күшімен арықтар түгел тазалынды. Каналдың су жүйелері аршылып, су келді. Су келген соң жасыл саябақтың сәні кіріп айнала­ның ажары артты. Түрлі қайырымдылық-көпшілік шаралардың тынысы ашылуы ауылдағы ағайынның тұрмысын тіктеді. Сөйтіп жүргенде ауылдың азаматы Әсіл Айтжанов әкім болып тағайындалды. «Әбілғазыға көмектестіңіз, енді маған да қолұшын беріңіз» деген жаңа әкімнің қолқасын қалай жығып кетсін, жұмысты одан әрі жалғастыра берді. Ал бүгін… Көкеміздің жасы болса жетпіске жақындады. Ентігін басып, демін алсын дейін деп тұрған енді Елеуді көріп тұрған жоқ. Сәл көрінбей қалса ат шаптырып, адам жіберіп шақыртады да жатады. Ауданнан өкілдер келе жатыр дейді, су жүретін, жол салатын аумақтың қай жерінің астында труба бар, көрсетуіңіз керек дейді, одан қалды асфальттың басында болып сапасын бақылау керек дейді, әйтеуір таусылмайды. Еріккеннен емес, ел ағаларына сенгеннен, ардақ тұтып, арқа сүйегеннен кейін айтса керек.
Туған жердің тұғырын тіктеуге атса­лысқан тұлға тоқсан бесінші жылдар­дан бастап өңірдегі тарихи мекендердің шежіресін түзуге атсалысып, осы ауылдың перзенті Әбілғазы Берденұлымен екеуі бір топ ынталы азаматтармен экспедиция­лық маршрут түзіп (суретте) Қойлақы ата, Сәдір ата, Бұрхан Шайх, Өмір ата, Бес кемпір, Тәшім тал, Төбесі ойық, Қасым ата, Қылауыз ата, Қылышты ата, Шәмші бүзірік, Сахабұлттан Айқожа ишанға дейін ежелгі қоныстар мен әулиелі жерлерді аралап, мұқият хатқа түзіп, суреттерін тасқа басты. Оның ішінде иелері шығып, демеушілік жәрдем жасап, жеке кітап болып шығып жатқаны да бар. Бірақ бәрінің де түп негізінде осындай ізденісті азаматтарға алғысы шексіз.
«Бәсекеге қабілетті экономикасы бар ел боламыз десек, ең алдымен адал ең­бекті бағалаған абзал» деді Президент кешегі халыққа Жолдауында. Ел бағасына ие болған осындай ағалардың өнегесін үлгі ету келешек кәсіп иелеріне де ерекше шабыт береді деп сенеміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 қыркүйек 2024 ж. 1 581 0