» » » Кішілік – міндет жүктесе, кісілік – адамға парыз артады

Кішілік – міндет жүктесе, кісілік – адамға парыз артады


Ұлы ұстаз айтады: «Адамның асылы - туа біледі, оған тетесі - оқып, тоқып, танып, жүре біледі, одан соңғысы - мәжбүрліктен үйренеді; ал қажетінің өзіне оқымаған, тоқымаған - адамның азғыны, талайсыз, тексізі. Дегдар - жақсы, бәкене - жаман».
Сіз өзіңізді осының қай сатысына жатқызар едіңіз?


Ғафу етерсіз, санаға салмақ салар ой жетегінде отырып, ми қажаған сан сауалдың жауабын білгіміз келгені. Соны іздегендейміз. Кім өзін өзгеден кем көрсін, көбісі өзін толысқан, толған айдай толған, болған демесе де, бәкенемін демейді. Әрине, Адам өз бойындағы мінді мойындағысы келмейді, пенденің өзін - өзі тануы өте қиын нәрсе. Бұл келешексіз іс, кемелдіктен алшақ. Ұстаз тағы да еске салады: «Әркімнің оғаштығы - жан құмарына қатысты». Сондықтан да адам өзін - өзі жарылқаушы әрі жазалаушы. Адам әр ісіне есеп беріп, өз - өзіне, басына ие бола алса, мақсат-мұраттарына неғұрлым тез жақындайды. «Күйкі кісіні көрсең, өз ішіңде не барына үңіл! Кемел кісіні көрсең, биікпен теңесуге ұмтыл!»
Иә, қалам ұстаған елу жылдың бедерінде ойға түйгеніміз осы сарынмен өріледі екен. Кімдермен сұқбаттаспадық дейсіз? Малшы, егінші, механизатор, құрлысшы, мұғалім, дәрігер, оқымысты, ғалым, әнші, күйші, әртіс, спортшы, тағы кімдермен жолымыз тоғыспады? Аудан әкімдері, аймақ басшылары, министр деп өрлей келе өз заманымыздың Тұлғасын іздеген екенбіз. Мақтап та жаздық, сынадық та әрине, кері реакция әртүрлі. Бұл енді заңдылық!
Білгеніміз, зейінділік – табысқа бастайды. Шын­шылдық – сенімге жеткізеді. Мейірбандық – кеңістікке жол ашады. Осы ойлардың тамыры – тереңде. Мұны бізге жеткізуші құдіретті – кітап! «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана!» деп заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев бекер айтпапты. «Өзіңді тану үшін кітап керек, өзгені де тану үшін кітап керек», мұны Расул Ғамзатов еске салады. Өткен өмірге ойша шолу жасасам, елу жылдан бері таныс – біліс болып, соңы достыққа ұласқан кешегі жиырмадағы қара бала, қазіргі жетпістегі қария Ерубай Қалдыбекұлымен кітапқа деген, кітап оқуға деген құштарлық арқылы табысқан екенбіз.
Жаңақорған халық депутаттары аудандық кеңес атқару комитетінің Азаматтық қорғаныс штаб бастығы лауазымын иемденген жас маман Ерубай кітапқұмар жігіт екен. Бұ жігітіңіз әдебиеттен мол хабары бар, ескі шежіреге де құйма құлақ алғыр болып шықты. Мектепте қатар оқыған ауылдастары, кластастарының дені жазу - сызу маңындағы майталмандар екен. Жұмабай Әбілов, Ертай Бекқұлов, Жолтай Әлмашов тағы басқалар. Аудан орталығына келгенде Ерекеңмен жолығыса қаламыз.
– Нұрмахан, – дейді ол. – Аудандағы кітап дүкеніне жаңа кітаптар түсті. Тезірек бармасаң, түгесіліп қалады - ау,–дейді жанашырлықпен. Әйтпесе, «Оралхан Бөкеевтің бір кітабын саған деп алып қойып едім», деп үстөлінің суырмасынан баспадан жаңа шыққан кітапты алып беріп жатады. Тағы бірде «Мәдениет үйінің алдындағы жаймада небір құнды басылымдарды байқап қалдым, жүр сонда баралық», деп жол бастайды. Қазіргі кезде жазу кабинетімде сақталған көптеген кітаптарым сол аудан орталығындағы кітап дүкенінен сатып алған құнды дүниелер.
Ерекеңнің тағы бір ерекшелігін кейін аңғардым, сурет өнеріне деген құштарлығы бар екен. Мені таң қалдырғаны – фанерь тақтайшаға түрлі суреттер салып, оны отпен күйдіріп, бетін лактеп әп-әдемі дүние жасайды. Фабрикадан жасалып шыққандай әсем! Тіптен жарасымды.
Облыстық «Сыр бойы» газетінің оңтүстік аудандарындағы тілшісі ретінде шеткі ауылдарға жиі сапарлайтын едік. Кейде үш-төрт күн үй бетін көрмей ел жағалап жүреміз. Екімыңыншы жылдары жарық көретін газет-журналдың саны шектеулі. Халық пен билік арасындағы алтын көпір ретінде аймақтың аға басылымының рөлі мен міндеті орасан болғандығын қазіргі интернет заманындағы мүмкіншілікті иемденген кейінгілерге айтып түсіндіре алмаспыз, дегенде ескі көздердің есінен шыға қоймаған шығар, мемлекеттік түрлі бағдарламалардың орындалу барысымен таныстыра отырып, жамағат көкейіндегі мәселелерді жергілікті атқарушы орындарға жеткізу мақсатында біз секілді тілші қауымының жарғақ құлағы жастыққа тимеген күндер өтті. Сол сансыз сапар барысында жолымыз тағы да Ерекеңнің шаңырағында түйіседі. Көзқарас пен пейіл бір болған соң, таусылмас әңгіме таңнан таңға жалғасып жатар еді. Отанасы Әрияның қабағы ашық, тамағы дайын. Балалары Мейрамбек пен Тәкен тіл алғыш, «Көке, көке!» деп жаныңа жалау болып жүргені. Ал отағасы қызықты әңгімелерімен құлақ құрышын қандырады. Өзі бір шешіліп кеп берсе, жуық арада ат басын тарта қоймай, еркін көсіледі дейсің. Көненің есті сөздерін, тарихты тәспірлегенде тіптен шешен. Әзіл әңгімелерді де жандырады. Ал тыңдай бер!
Бұ кісіңіз төсегінен таңертең тым ерте тұрады екен. Ауылда өскен адамбыз, малдың жәйімен ерте қимылдау дағдымызға айналса да, Ерекеңе ілесе алмадық. Намазы қаза болған намазқандай, қай кезде жатса да, таңғы сағат 6-дан қалмай төсегі үстінде, әлдебір қалың жинақты оқып отырғаны. Азанғы шәйге дейін әлгі кітаптың біраз жерін аударыстырып тастайды-ау. Осындайда еске түседі, Наполеон минутына екі мың сөз оқыса, Максим Горький минутына төрт мың сөз оқыған көрінеді. Біздің кейіпкерімізде соларға еліктейтін болуы керек, әйтеуір, кітап парақтарын аударуы тым шалт. Түйгені де аз емес.
Тоқырау жылдары аталған сол бір тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап бұрынғы одақтық байланыстар үзілді. Көптеген мекемелер жабылды, жұмыс таппай қалған адамдар саны молайды. Ақша тапшы, ал дүкенде зат жоқ, тіршілік ету қиындай түскен кездерді бастан өткердік. Ерекең де күнкөрістің қамымен шама-шарқынша өз тіршілігін жасап жүрді. Сол екімыңыншы жылдары болуы керек, аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы Алмас Бекжігітов жан-жақты қабілеті бар, білігі мол, адам­дармен тіл табыса алатын ұтқыр ұйымдастырушы Еру­бай Қалдыбекті жанына алды. Оның менеджер ретін­де аудандық газеттің таралымын молайту барысына өзіндік үлес қосарына сенімді еді. Расында ол бұл аманатты лайықты орындап шықты. Ауыл - ауылдарды аралап, ауыл әкімдігі мен шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге дейін баспасөздің қоғамдағы орнын насихаттады. Болса да нақты ақша жоқ, сондықтан газет жазылымын зат есебіне шағып, ақы ажыратудан да тартынбады. Күріш, бидай, картоп, көкөніс, бақша өнімдері есепке кірді. Алынған затты базарға сатып, газет өнімінің шығынын жабу, қызметкерлердің айлық жалақысын беру жолға қойылды. Мұндай жоқтан бар жасау амалын тек аудандық газеттер емес, мүмкіндігі басымдау облыстық басылымдлар да бастан кешкені жасырын емес. Осылайша, газет таралымы мүмкіндігі молая түсіп, үнжария оқырмандар қолына уақтылы тиіп отырды.
Қазіргі «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясы ғимаратын салуда да бас редактор Алмас Бекжігітов­тің шаруашылық жұмыстарын жақсы білетіндігімен қатар Ерубайдың бұрынғы қызметіндегі тәжірибесі мен батылдығы үлкен рөл атқарды. Орталықтан жер алу, ондағы құрылыс жұмыстарын жүргізуде олардың жанкешті еңбегі әлі көз алдымызда. Оның сәулетті де қолайлы жұмыс орны болуына көптеген жергілікті кәсіпкерлер қол ұшын бергенін білеміз. Бұл осы шаруаның басындағы жігіттердің беделі мен ыждағаттылығының нәтижесі екендігі анық. Жаңа редакция ғимаратының ашылу салтанатын ұжым басшылары жоғары деңгейде өткізіп, елдің алғысын алғаны да сол кез.
Ерубай 2007 жылдан бастап, менеджерлікпен қа­тар фототілшілікті де қоса атқарды. Ауыл – ауылдардан тұшымды хабарлары жиі жарияланып, қаламгерлікке қабілеті бар екендігін танытты. Осылайша, кейіннен аудандық газеттің бөлім меңгерушісі қызметіне де тағайындалды. Бұл орайда ол өткір мақалаларымен қатар ел үшін еңбек еткен түрлі кәсіп иелерінің портретін жасауда қаламы қалыптасып, құнды дүниелер тудырды. Оқырмандар алғысына бөленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Ал 2009 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісін алды.
«Қиыршықтан тас тұрады» демекші, тілшілікке бет бұрған оншақты жыл мұғдарында Ерубайдың жазған-сызғандары бірқыдыру болып қалған екен 2020 жылы ол өзінің «Қалам сәулесі» атты жинағын баспадан жарыққа шығарды. Жерлестері мұны жылы қабылдады. Өйткені онда замандастар бейнесі, елдің сол кездегі тыныс-тіршілігі шынайы бейнеленген-ді.
Елу жылдан бері жақсы білетін досым Ерекең туралы әлі де ұзақ әңгімелеуге болады. Дегенде, оқырмандар уақытын сыйлай отырып, мақаламды осымен шақтаймын. Расында бұл өмірде бәрі де бар; кісілік те, кішілік те. Кішілік-міндет жүктесе, кісілік - адамға парыз артады. Екеуін бірдей азаматтың парасаты қана көтереді. Мұндай қабілет Ерубай Қалдыбекте жетеді.
Аман бол, арда бол, жетпіс жасың құтты болсын, бауырым!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Ақпарат саласының үздігі»

30 тамыз 2024 ж. 698 0