№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Құрылысшы


Ауылдың көркеюі, оның келісті келбет қалыптастыруы аймақтың бас жоспарына байланысты. Ал осы жобаның тыңғылықты жүзеге асуына маңдай терін төгіп, қажырлы еңбек ететін кәсіп иелерінің қатарында құрылысшы мамандығы алдыңғы орында тұр.
Құрылысшылардың кәсіби мерекесінің қарсаңында, ардагер құрылысшы Жалғас Сапарбекұлымен сұхбаттасып, күрделі де, жауапты саланың қыр-сырына тереңірек бойлай түскендейміз.


Жалғас ағамыз көп жылдар аудан орталығындағы ПМК-34 мекемесінде жемісті қызмет атқарыпты. Өзі балалық шағында әжесінің бауырында өскенін айтады. Ерін соғысқа шығарып салып, Сталинград түбінде қаза болғандығы жөнінде қаралы қағаз алған ана жесір қалса да тағдырға мойымай, Жаңақұрылыс, қазіргі Құттықожа елді мекенінде өсіп-өніп, бауырында қалған қос перзентін маңдайынан құс ұшырмай өзі жетілдіреді.
Ұлы Сапарбектен туған немересі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жалғасты бауырына басқан әжей жүз жасап, 2009 жылы өмірден озыпты.
Жалғас Сапарбекұлының еңбек жо­лы ауданның өсу-өркендеу тарихымен біте қайнасып жатқандай. Ол кезде мемлекеттік деңгейде жоспарланатын күрделі құрылыстар мерзімінде берілу үшін түс қашып, түн қатып уақытпен санаспай жұмыс істеп, ортақ мүддені жеке бас қамынан биік қойған қағиданың салтанат құрғанын осы кісімен әңгіме барысында ойда тағы бір қорытқандай болдық.
– Аудан ортаоығындағы «ПМК-34» мекемесінде прораб, учаске бас­тығы қызметінде жүріп өңірдің су шаруа­шылығын ретке келтіруде лайық­ты қолтаңбам қалды. Мына Жайылма пло­тинасы құрылысын қолдан өткердім, – дейді ол.
Елімізде бірінші рет Израйлдік тамшылатып суару технологиясы Жаңа­қорған ауданының «Юбилейный» кең­шарында қолға алынғаны жөнінде қы­зықты ақпараттармен бөлісті.
Қожамбердідегі, Екпіндідегі, «Крас­ная звездадағы» су қоймасы құрылысына да бастан-аяқ қатысқанын баян етті.
Кейіпкеріміздің өмір жолына тоқ­салсақ, ол былай өріледі. Орта мек­тептен соң арнайы алған мамандығы бойынша жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, еңбек жолында инженер-гидротехник, бас маман, прораб, учаске басшысы сатыларынан өтіпті. Қандөз, Көктөбе, Қыркеңсе, 24 партсьезге дейінгі жолдарды тегістеу, Көктөбедегі жаңадан сағасы ашылған Мұсаханов каналын тазалау жұмысына атсалысты.
Шаруашылықтар жекешеленіп, жұ­мыс қысқарғаннан кейін де қарап отыр­май, екімыңыншы жылдардың бедерінде болгар құрылыс компаниясы құра­мын­да Жалағаш ауданында жер тегістеу жұмысына қатысыпты.
Қарап отырса, жастық шағының дені қайнаған жұмыстың басы-қасында бекітілген межені мерзімінде тапсыру үшін жанталасумен, ерте келіп, кеш кетіп, қоғам қызметіне жегілумен балаларының қалай өсіп-ержеткенін де білмей қалған жағдайын жасырмады.
Үш ұл, төрт қызының ішінде әке жолын жалғауға ешбірінің ықылас таныт­пауының сыры содан, бәлкім. Сол кез талап-тәрбиесінің ықпалдылығы сондай, әркімді жеке бас жағдайын ойлап жатпай қоғам мүддесі жолында бойдағы барын сарқып беруге бар құштар тілектің қуатымен қанаттандырыпты. Нарықтық қатынасқа көшкен заман талабы жаңаша сананы қалыптастырса оған ұрпақты кінәлаудың не жөні бар?
Жалғас Сапарбекұлы өзі қызмет атқарған ПМК-34 мекемесі құрылысшы­ларының орта­лықтағы «Арман» кино­театрын, оның жанындағы №2 бала­бақшаны, үкіметтің меншігіндегі көп балалы отбасыларына арналып бір көшенің бойына салынған бірыңғай стандартты тұрғын үйлердің қазығын қадап, пайдалануға бергенін әңгімеледі.
Бұрынырақта құрылысын өздері жүргізген Бесарық плотинасының олқы тұстарын қайта бекемдеу мақсатында рекострукциялау жұмысы жүріп түнгі екі-үшке дейін жұмыс басынан кете алмаған кездер көңілінен шыққан емес. Кеш қайттым, ұйқым шала болды деп ертесіне демалу жоқ, таңғы жетіде жұмыс басынан табылу бұлжымас тәртіп. Күн сайын облысқа есеп беріп отыратын тапсырма тағы бар. Таң атқаннан бульдозер, скрепер, экскватор, бірдей қызу іске кірісіп кететін.
Соның рахатын халық бүгінге дейін көріп отыр дейді ол. Жайылманың плотинасы әлі күнге сыр бермей жарап тұр. Жергілікті халық қазығын қағып, огородын салып, жоңышқасы мен дақылдарын егіп, Жайылма­ның шаруаларының бренд қарбызының атағы алысқа кетіп жатса күні бүгінге дейін сапасы сыр бермеген бөгеттің арқасында ол да. Соған сенген еңбекші қауым туған жерден табан аудармай талапты тірлігін жалғап келеді. Рас, одан гөрі Бесарық плотинасы­ның су ұстау жарамдылығы нашарлау, жаңбырдың, қардың суы құмға сіңіп кетеді. Түп қазығынан бастап құрылысы қайтадан қолға алуды қажет етеді. Мұның қасында Жайылманың бөгеті қысқалау, бірақ сапасы мықты. Екі бөгеттің бірінің сыйымдылығы 8,5 млн метр куб, екіншісінікі 10 млн метр кубты құрайды, – деген кәнігі маманның бүгінгі жағдайдан да толық хабардар екені аңғарылды.
Ол Израилдік тамшылатып суғару әдісін ендіруге келген шетелдік маман­дардан аудан басшылығынан бастап көп нәрсені көңілге түйген жағдайлар туралы да айтып берді. Әрине, жаңа әдісті ендіруге қажет материалдың барлығын олар өздерімен бірге алып келгенін айтады. Ал оны орналастыру жағына келсек, бізде оның тілін білетін маман жоқ, бірақ облыс күнде ақпар сұрап қадағалайды. Содан аудан­ның басшысынан бастап мамандардың барлығы іс басына күн сайын келуге мәжбүр. Бір-бір көлікті мініп кеп төбеден төніп тұратын шенеуніктердің жүрісі шетелдіктердің көңіліне жүдә қонбайтынын айтады ол. «Бұл кісілер неғып жүр? Жұмыстары жоқ па?» деп таң қалатын көрінеді. Ал, жарайды, бәрі бір жерге келетін болған соң жеке-жеке көлік тізгіндеп ысырап етпей, барлығы бір автобусқа мініп неге келмейді деп шыр-пыры шыққан шетелдік мамандар­дың пікірі көңілден шығып-ақ тұр. Жаңа технологияны қондыруда қолекі жұмыстарға тартқан жергілікті жердің жастарына да жұмысқа дәл уақытында келіп, уақытында кетуді үйреткен солар көрінеді. Кеңшар­дың орталығындағы қуықтай қонақүй­ге қатынауға деп берген совхоздың дәу автобусын жұмысшылар­ға бергізіп, өздеріне «Екеумізге бола автобусты қаңтарудың не жөні бар? Бізге Пикап болса жарайды» деп талап етіп тұрып алып, ақыры ауданнан шағын «Уазик» алдырғаны да құнттай тәртіп пен талапқа, қанағатшылдыққа келіп тұр. Қалай болғанда да, облыста бірінші болып жаңа технология практикаға енді. Соның жемісін бүгінде жеке кәсіпкерлер де көріп, емін-еркін тәжірибеде қолданып жүр.
Біздің кейіпкеріміз заманында обком хатшысы Әуелбековке тікелей өзі басы-қасында болып толық пайдалануға бер­ген Қандөздегі бес мың басқа арналған мал бордақылау комплексінің алаңында тұрып жұмысы жөнінде есеп берген адам. Комплексте Қандөздің ыстық суын нау­аға суытып құйып, шлангамен малдың суатына жеке-жеке жеткізетін жүйе жасалып біткен еді. Соның барлығын облыс басшысы көріп, жанындағы көмекшісі қағазға түртіп жүргені, ең қызығы, аяғына шүберек етік киіп құмды емін-еркін кешкен кісінің Әуелбеков екенін кейін білгені ғажайып күндердің естелігіндей мәңгі көңілінде қалды. Бұл кісінің бір өкінетіні, осы еменде-семен қаржыға тиімді технологиямен салынған мемлекет иеліктерінің барлығы жекешелендіру кезінде талан-таражға түсіп, тып-типыл болды. Бір Қандөз ғана ма, Қыркеңсе мен Жаңарықта 3 мың бас мал ұстайтын комплекс салынған еді. Қожакентте, Келінтөбеде де болған. Қазір соның біреуі де жоқ.

ТҮЙІН: Құрылыс саласының арда­гері бүгінде мүлде жаңа кейіпке енген ауданның келбетіне сүйінісін жасырмайды. Әрбір маман өз кәсібін биікке шығарады. Осы ұстанымды ұлық тұтуымыз керек дейді ол.

Баян ҮСЕЙІНОВА
17 тамыз 2024 ж. 731 0