№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстазым менің, ұстазым...

Ұстазым менің, ұстазым...


Қазақта «Бір әріп үйреткенге 40 жыл сәлем бер» деген тәмсіл бар. Иә, мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен адамзатты білім баспалдағына жетелеген ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Білімнің қазығы – бастауышта қаланады. Міне, сондықтан саналы ғұмырын ағарту саласына арнап, бірінші рет партаға отырған балапанға «А» алфавиттегі барлық әріпті үйретіп, көкірек көзін ашқан Қарлығаш Құрықбаева туралы толғанатын боламыз.


Ол 35 жыл ішінде жеті рет өзі оқытқан шәкірттерін жоғары сыныпқа шығарып салды. Зейнетке шыққалы 20 жылға жуық уақыт өтсе де ұстаз көңілі шәкірттерін іздеп, елеңдеп тұрады. Биылғы соңғы қоңырау күні аудандық білім бөлімінің басшылығы тарапынан ардагер-ұстазға ерекше ілтипат көрсетілді.
Қарлығаш Іргебайқызы Бірлік ауылындағы мектепті тәмамдап, 1969 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Тұтас қызметтік жолында Өзгент ауылындағы №224 орта мектебінде ұстаздық етті. Осыдан 25 жыл бұрын Әліппені ұстатып, әріп үйреткен шәкіртінің бірі, бүгінде Аққұм ауылындағы №221 орта мектеп директоры Нариман Жакудаев бір құшақ гүлін, сый-сыяпатын және білім бөлімі басшылығының арнайы құттықтауын алып барып, ұстазымен қауышты. Кең отырып, дидарласып, сырласып шәкірттік лебізін бөлісті. Қарлығаш апай өткен күндер естелігінен сыр шертіп:
– Мен №224 мектепке мұғалім болып қабылданғанымда жолдаманы сол кезде білім саласының басшысы болған Мақсұт Ибрагимов берген болатын. Директор болып Тастанбек Сазанбаев деген кісі келді. Алғашқы шәкірттерім 1963 жылы өмірге келген балалар еді. Бүгінде олардың барлығы түрлі саланың желкенін ұстап, елге қызмет етіп жүрген жайы бар. Одан кейінгі буындар да қалаған мамандық иелері атанып, елдің әр өңірде елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Менің ізімді басып, ұстаздық жолда жүрген шәкірттерім де аз емес, – деді ол.
3 ұл, 5 қызды дүниеге әкелген апайдың жары Көбей ақсақал уақытында мықты механизатор, былайша айтқанда техника тілін түсінген білікті маман болды. Бүгінде ол жолды үлкен ұлы Өркен жалғап келеді. Екінші ұлы Беркін полицияда, ұлдар ішіндегі кенжесі Қуаныш та құқық қорғау саласында еңбек етіп, қазір зейнетке шығыпты. Ал, қыздарының төртеуі мұғалім. Айта кетейік, апайдың биыл мектеп бітіргеніне 55 жыл толыпты.
– Біз кешегі қиын кезеңдерді бастан өткердік. Таңғы бесте тұрып сиыр сауып, күбі пісіп, нан жауып жұмысқа кетеміз. Міне, біздің кездің тәртібі осындай болды. Бүгінгі күні зейнеттік демалыста отырғаныммен қоғамдық жұмыстардан қол үзе қоймадым. Мектептегі шараларға жиі шақырып тұрады. Тіпті тәжірибе алаңы ретінде жас ұстаздарға бар білім-білігімді үйрету үшін арнайы барып тұрамын. Сабақтарына қатысып, кем-кетіктерін айтып, жөн сілтеп отырамын. Әже атанып, немере бағып, шөбере сүйсем де бойымдағы күш-қуат таусылғанша мектептен ажырамауға, ұрпақ тәрбиесінен жырақ кетпеуге барымды саламын.
Менің өмірдегі үлкен жетістігім – шәкірттерімнің биігі. Облыс, республикадан алғысқа бөленгенім бар. Мұның барлығы еңбектің жемісі деп білемін, – дейді ұстаз.
Мектеп бітіргендеріне 20, 30 және 40 жыл болған шәкірттері жиыннан қалдырмай, құрмет көрсетіп келеді. «Өмір ағысында бізге батыл қадам басып, қоғамдағы өз орнымызды қалыптастыруда ұстаз ұлағаты, тәлім-тәрбиесі өте маңызды. Әсіресе, мектеп табалдырығын аттағанда қанатының астына алып, ыстық алақанынан жылулық аямаған апайдың орны бір бөлек. Алғаш әліппе оқулығын қолға ұстатып, әріп тани білуді, алғаш партаға отыруды үйреткен, өмірдің оң-солын танытқан ұстазымыз болған Қарлығаш апайды анамыздай көрдік. Ғұмырын машақаты көп мұғалімдік салаға арнады. Бүгінде біз ұстаз салған ізбен келе жатырмыз. Ұстазыма айтар алғысым шексіз, – дейді Нариман Үсенұлы.
Қарлығаш Іргебайқызы мұғалімдер әулетінен шыққанын да мақтанышпен жеткізді. Отбасында бауырлары ағарту ісінде еңбегі қалған жандар. Ал, шаңырақтағы келіні Индира Бакирова да мұғалім. Апай бір сөзінде келінін қызындай көретінін, өзі бір емес, қос дипломын алып беріп, педагогтық салаға тәрбиелеген екен. Қазір Индира апай мектептің үздік мұғалімдердің алды. Шәкірттері ағылшын пәнінен жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Әңгіме соңында апай жастарға бірауыз ақылын да айта кетуді жөн көрді.
– Бастауыш пәнінің мұғалімдеріне айтар ақылым, олар бойларына мейірімділікті тереңірек сіңіруі керек. Өйткені балаға бірінші білім емес, тәрбие мен мейірімділік керек. Баланың жүрегіне жылулық сыйлап, жанына желеу болу үшін баламен балаша сөйлесуіміз қажет. Бүгінгі жас ұстаздарға айтарым – осы. Сабақ беру әдісін әркім әртүрлі бағдарлай берер, – деп әңгімесін түйіндеді ұстаз.

Әли ТЕМІРБЕК
28 мамыр 2024 ж. 445 0