№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Батыр қыздың тұғыры биікте

Батыр қыздың тұғыры биікте


Батыр бабалардың ерлік жолын дәріптеу – қасиетті парыз. Келешек бақыты үшін кеудесін оққа тосқан қаһармандардың бейнесі ұрпақ санасында жаңғырып тұр. Жаңақорған кентіндегі қазақтың батыр қызының есімі берілген Әлия Молдағұлова көшесі «Ең таза көше» атанып, жасыл желекке оранып тұр. Ауызбіршілігі мығым тұрғындар батыр қыздың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында көше атын қайта жаңғыртып, Жеңіс күні қуанышын атап өтті.


Айта кетейік, бұл көшеге ілгеріректе батыр қыздың есімі берілгенімен көшенің белгісін орнату өзекті мәселеге айналған еді. Осы кемшін істің орнын толтырып, өз қаражатына көше белгісін орнатуға атсалысқан аудандық мәслихат депутаты Жандос Әбдімәуленов екенін айрықша атап өтуіміз керек.
Игілікті шарада бас қосқан көпшіліктің жанарында қуаныштың лебі сезіліп тұрды. Қан майданда ерлік көрсеткен батыр апамыздың даңқы мәңгілік. Он тоғыз жасында оқ пен оқ қақтығысқан шақта жанынан елдің ар-намысын биік қойған қаракөз жайында талай деректі фильм көрдік. «Жанкештілік заманда жауынгерлігімен ел жадында қалу екінің маңдайына бұйырмаған ерлік» десіп жатты үлкендер.
Бұл игі шара – жеңіс күні қарсаңында каһарман апаларымыздың рухына көрсетілген ұлы тағзым. Шараға еңбек ардагері Алмас Қалдыбаев ақ батасын беріп, батыр рухына құран бағыштады. А.Файзуллаев атындағы көше комитетінің төрағасы Мәди Мырзахметов, қоғам белсендісі Серік Абдуллаев , Ә.Молдағұлова атындағы көшенің бір топ тұғындары – Зейнеп Әбішева, Айжан Күмісбекова белгінің ашылу салтанатында шашуын шашып, ақ тілегін айтты.
Тағзым шарасында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов игі іс барысын тарқатты.

– Алқалы жиындарда бірнеше рет осы көшенің белгісін орнату жайы жиі сөз болды. Осыны қаперінде ұстаған аудандық мәслихат депутаты Жандос Әбдімауленов белгі қоюға өзі ниетті екенін жеткізді. Осылайша, ел бюджетіне қол салмай-ақ, өз қаржысына игілікті іс жасады. Өздеріңіз сайлаған депутаттарыңыз үнемі осы аймақтың өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге ықпал етіп келеді. Қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылатын жомарттығын көпке үлгі етуге болады, – деді ол.
Көптің алына шығып, сөз бастаған халық қалаулысы Жандос Әбдімәуленов: «Біздің аймақта бірнеше көше комитеті төрағалары бар. Оның ішінде Әуезхан Сәрсенбаев ағамызды нағыз қоғам жанашыры дер едім. Осы көшенің бірнеше мәселесін бірлесе шешіп келеміз. Халықшыл, елшіл істерді үздіксіз жалғастыра беретін боламыз, – деді ол.

Ал көше комитетінің төрағалығына келгеніне көп болмаған Әуезхан Сәрсенбаев: «Келер жылы батыр қыз Әлия Молдағұловаға 100 жыл, жеңіске 80 жыл толады. Біз оны республикалық деңгейде атап өтеміз. Соған дейін көшені абаттандырып, тазалығын күзетіп, жасыл желекке айналдырмақпыз. Әр сенбілікте тұрғындар тазалық апталағын жасап келеді. Ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің арқасында белгіні де орнатып алдық. Енді мұны күтіп-баптау – ортақ міндетіміз, – деді.
Көшенің өнерпаздарынан құралған бір топ жас өрендер концерттік бағдарламасын ұсынды.

ТҮЙІН. Кенттің келбетті болуы ең алдыменен тұрғындардың әлеуметтік мәдениеті мен ауызбіршілігінде екенін тағы да бір терең ұғына түстік. Әр мерекені ұлттық үрдіске айналдырып, туған өлкенің жарқырай түсуіне үн қосып жүрген Әуезхан Сәрсенбаев секілді елжанашырларын көргенде шүкіршілік етеді екенсің. Батыр қыздың есімі мен ерлік жолы жайлы аз-кем ақпарат беріп тұрған тақтайшаның орналытуының өзінде үлкен идеология жатқандай. Қолына қызыл гүл ұстаған жасөрендер «Қазақтан шыққан батыр қыз» туралы естіп-білгендерімен бөлісіп жатқаны жүрегімізге қуаныш ұялатты.

Мақпал МАРҚАБАЙ
11 мамыр 2024 ж. 517 0