№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Адамды адам еткен – кітап

Адамды адам еткен – кітап


Кітапхана – рухани байлықтың ордасы, кеше мен бүгінді жалғайтын ғасырлық тарихымыз сақталған мұралар мекені. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» демекші, адамдық асыл қасиеттерге баулып, бойға білім дарытатын мәдениет ошағының құндылығы қай кезде де жоғары. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын. Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхана директоры Әсем Тілеубергеновамен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.


– Өзіңіз басқарып отырған орта­лықтың бүгінгі жай-күйі туралы баяндасыңыз?
– Кітапхана қорында 467 мыңға жуық кітап бар. Мақсат – тұрақты оқырман ортасын қалыптастыру. Осы бағытта түрлі ұйымдастыру шаралары өтуде. Сәуір айында мектеп оқушылары арасында «Кітап саған не берді» тақы­рыбында сауалнама жүргізілді. Сауал­намаға қатысқан 836 баланың 345-і көркем әдебиет жанрына, 333 бала фантастика, детектив жанрына, 149 бала психологиялық-мотивациялық жа­нр­ға қызығатынын көрсетті. Сонымен қа­тар бұл оқырмандарымыздың 604-і кітап­тың баспа түрін оқуды ұнатса, 152 бала электронды кітаптарды оқығанды ұнатады екен.
23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күні және авторлық құқық күніне орай «KITAPшоу – 2024» атты аудандық фес­тиваль ұйымдастырылды. Аталмыш ша­рада жергілікті ақын-жазушылар мен кең таныла бастаған жас авторларды және кітап жанашырлары мен демеуші оқырмандарды марапаттадық. Сонымен қатар жеңіс мерекесіне орай өткіз­ген шараларымыз оқырмандар көңілінен шықты. Сын сағатта бірлікте болып, туған жерге, елге деген ыстық ықылас пен өшпес махаббатын ту етіп, отан үшін отқа түскен боздақтарымызды еске алып, өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында өткізілген шараларға елді мекендердегі кітапханалардың барлығы дерлік атсалысты. «Ер есімі-ел есінде», «Ел мен ердің жеңісі», «Жеңіс даң­қы мәңгілік», «Жеңіс туы желбірейді көгімде» сияқты шаралар кітапхана мен оқырмандар арасындағы байланысты одан әрі бекемдей түсті.
Оқырман қатарын көбейту және тұрақтандыру үшін түрлі бағыттағы жұмыстар жүйеленген. Тарқатып айтар болсақ, әр жыл сайын жылдың үздік, белсенді оқырмандарын марапаттау ша­ралары жүргізіліп келеді. Кешегі ка­ран­тин уақытында, өздеріңіз білетіндей, барлық мекеме онлайн форматта жұмыс жасады. Осы тұста онлайн жұмыс жасауға төселіп, заман талабына қарай әрекет етудің артықшылығын айтқым келеді. Әлеуметтік желідегі белсенділік дәстүрлі кітапхананың маңыздылығын арттыруға айтарлықтай ықпал ете алды. Ктапхана жұмыстарын желі арқылы бақы­лап отырған көрермен уақыт оздырмай оқырмандарымызға айналды. Оқырман – кітапхананың жаны десек артық болмас. Байланыс нығайған сайын қос тараптың да белсенділігі артып, жемісті жұмыстарымыз көбейетініне сеніміміз мол.

– Ауданымызда орта жастағы аға буыннан кітап жанашырлары бар ма, олар сіздермен қаншалықты тығыз байланыста?
– Әрине, бар. Кітаптың қадірін – кітап оқыған білетіні сөзсіз. Тұрақты байланыс жасап отыратын оқырмандарымыз кітап алып қана қоймай өздері де кітапхана қорына түрлі жанрдағы кітаптарды сыйға тартып отырады. Өмірдегі ең жақсы сыйлық та кітап. Кітап беру, кітап оқу, үй кітапханасын жинау әр отбасының өмірдегі ең маңызды мәдениетті қадамының бірі. Осындай азаматтарымызға тоқтала кетсек, Құлтасов Қалжан Қызылқұм ЖШС "Қорасан1" кенішінде Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай жөнін­дегі қызметкер. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы. Аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасаған. Қазіргі кезде доғарыстағы полиция полковнигі. Қалжан ағамыз жеке үй кітапханасынан Аудан­дық А.Сопыбеков атындағы орталық кітапханаға 200-ге жуық құңды кітаптарын сыйға тартты. Сонымен қатар, «Бабай батыр» кітабының авторы Асан Сарқұлов 10 кітабын, Еркін Мұсаев «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының 2 данасын кітапхан қорына өткізді. Кітапты сыйға тарту арқылы халықтың рухани байлығын дамытып, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасын нығайтуға үлес қосамыз. Басты мақсат адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі-кітаптың құдыретін таныту. Бұл құнды кітаптар алдағы уақытта орталық кітапхана қорына енгізіліп, оқырман қауымға ұсынылатын болады.
– Балалардың кітапқа қызығушы­лығын қалай арттыруға болады?
– Балаларымыздың кітапқа қызығу­шылығын арттыруда ұйымдастырыл­ған жобамыздың бірі – жас суретшілер көр­месі десек те болады. Бұл жобаның мақсаты балалардағы танымдық деңгейді қалыптастырып қана қоймай, бейімі бар балалардың сурет салу шеберлігін шыңдай түсуіне мүмкіндік беру. Жоба барысын­да балалар өздеріне ұнаған балалар әдебиетінен бір кітап оқып, одан түйгенін қағазға суреттейді. Бұл бағытты қолға алғалы кішкентай оқырмандарымыздың да қатары күн санап артып келеді. Одан бөлек, «Адал адам» мәдени танымдық концепсиясындағы «Әлем-BOOK» жобасы аясында кітапханалар жаңа серпін алды. Мектеп оқушыларымен байла­ныс артып, түрлі рухани-танымдық ша­ралар ұйымдастырыла бастады. Ал балалар әдебиетіне тоқталсақ, Адырбек Сопыбековтың авторлығымен жазылған кітаптарымызды ұсынудамыз. Балалар әдебиетінің қатарын көбейту алдағы жоспарларымызға енгізілген. Айта ке­тетін бір жайт балалар арасындағы кітап оқырмандарын қалыптастыруға ау­данымыздағы «Зерек», «Дарын» сияқ­ты жеке мектептердің үлесі жоғары. Олар орталық кітапханамен үздіксіз байланыс жасап, түрлі шараларды бірге ұйымдастыруға ұсыныс жасап, бала­лар­дың кітапқа қызығушылығын арттыруға белсене жұмыс жасауда.

Жәмила ЕРМАХАН

11 мамыр 2024 ж. 403 0