№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Нағыз ұстаз – талантқа тәуелді

Нағыз ұстаз – талантқа тәуелді


Қырық жылға жуық еңбек жолында өзінің табиғи талантымен, жаңашылдығымен, іскерлігімен әріптестеріне үлгі ғана емес, сонымен қатар ақылман, сүйеніш, тірек бола білген ұлағатты ұстаз Базарбай Жаманқұловтың есімі көптің жүрегінен ұмытыла қойған жоқ. Ол кісінің өзі өмірден озып кеткенімен ұлттық мектептің оқу процесіне ендірген іс-тәжірибесі, тасқа басып қалдырған ғылыми еңбектері ұрпақ қажетіне жарап келеді.


Ол кісі математик болатын. Есеп ғылымын ерек меңгерген жанның өз ғұмырының әр сәті мағынаға өріліп, өнегелі өрнектелуінің оның төл мамандығын терең меңгеруінің басты өлшемі болса керек. Әр қадамы логикаға, нақтылыққа, дәлдікке жүгінген Базарбай ағаның ғажайып ғұмырдариясы оны осы биіктен таныта білді.
Базарбай ағаның өмірден озғанына биыл он жыл болады екен. Соған орай өзі 28 жыл басшылық еткен туған жердегі білім ұясы ұжымы еске алу кешін өткізіп, сол шараға арнайы қатысып қайттық.
Төменарық ауылындағы №223 орта мектеп залы ар­найы безендіріліп, фойеде ұстаз өмір жолына арналған көрме ұйымдастырылыпты. Базарбай Жаманқұловтың рес­публикалық, облыстық газет-журналдарға және салалық мерзімді басылымдарға шыққан материалдарымен таныстық.
Орта мектептен соң 1958 жылы Қызылордадағы Н.В. Гоголь атындағы пединституттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, мамандық алып шыққан ол еңбек жолын №184 мектепте ұстаздықтан бастаған екен. Одан әрі №53, №162, №223 мектептерде мұғалім, одан әрі мектеп директоры болды.
Ол осы білім ордасын басқарғанда «Облыстағы ең таңдаулы мектеп» атанды. Ал өзінің жеке ұстаздық лабораториясына келсек, сол жылдары республикалық «Үздік сабақ» байқауының жүлдегері атанғанын айту жеткілікті.
«Ұлағатқа толы ұстаздық жол» атты кештің негізгі ұйымдастырушылары қатарында аудандық білім саласы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аллаберген Ахметов алдымен сөз алды. Одан әрі аудандық білім қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасы Елшібек Мелдебекұлы құттықтау сөзін айтып, ұстаздың жары, өзі де көп жылдар ұрпақ тәрбиесіне тер төккен тәлімгер Қаным апамыздың иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсет­ті. Ауданның ағарту саласында 950 ардагер болса, соның 638-і мұғалім, қалғаны кіші қызметерлер, Оларды әлеуметтік қолдау шараларына жіті көңіл бөлініп келе жатқанын айтты. Аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Нұргүл Аширова Базарбай ағаның сол сексенінші-тоқсанынышы жылдардың өзінде жан-жақты ізденіп, жаңаша оқыту әдісіне бет бұрып, ауданның білім сапасын арттырудағы айрықша орнына тоқталды, Кеңестік білім беру жүйесінің әдіс-тәсілдеріін зерттеп, жаңа бағдарламалардың моделін ендіруі нәтижесінде ол басқарған мектептің аймақ бойынша алдыңғы қатардан танылғанының куәсі екенін айтты. Кейін кембридждік методика деп әдіптелген жаңа технологияны сол кездің өзінде сабаққа ендірген ұстаз­дың тәжірибесімен республикалық байқау­ға қатысқанында комиссия құрамында болған ресейлік мамандардың: «Шалғай ауданның бір түкпіріндегі ауылда осындай озық сабақ беру технологиясын қалай меңгерген?» деген таңданысы туралы да айтып берді.

Ұстаздың статусы – ұстанымы

Базарбай Жаманқұловтың артында қалған ұрпағы әке тағылымын тірілту мақсатында 8-10 сыныптар арасында математикадан аймақаралық байқау өткізуді мақсат етіпті.Шара барысында мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Асқар Дүйсебаев сөз алып, өзінің ұстазы, «ҚР халық ағарту ісінің үздігі» Базарбай Жаманқұлов туралы естеліктерін ортаға салды.
– Мен ол кісінің алдымен шәкірті, содан соң әріптесі ретінде үлгі-өнегесін алдым, – деді ол. Дәстүрлі оқыту процесне бұрын-соңды болмаған «инновация» деген ұғымды алып келді. «Білім жүйесі бұлай тұра бермейді. Келешекте бәрі өзгереді. Мемлекеттермен тәжірибе алмасамыз» дейтін ол. Кейін ойлап қарасақ, ол кісінің айтқаны айдан-анық келді. Жаңартылған мазмұндағы білім беру көшіне ілестік. Ол кісінің «Келешекте біз ұлттық мазмұндағы мектептерге көшуіміз керек, жаһандану заманында ұлттық болмысымызды жоалтып алмауымыз керек» деген ой-армандары бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып тұр. «Әркім өзінің бас киімін бойы жеткен жерге іледі» дейтін ол кісі. Сен педагогсың. Сен басқалардан бір саты жоғары тұруың керек. Ұстаз статусын көтеретін ұстаздың өзі» деген кеңестерінің бүгін де маңызы бөлек, – деді ол.
Сонымен жүлдегерлер қатарында 8 сынып оқушысы Аделя Бегалиева (жетекшісі Жаңагүл Опашева), №221 мектеп оқушысы Ерасыл Әбдраманов, (жетекшісі Беспай Шолпан). №52 мектеп оқушысы Мұхаметқали Нұрислам (жетекшісі Өмірбек Нағима), №223 мектеп оқушылары Аяулым Нысанбекова және Несібелі Мұсалимова, №162 орта мектеп оқушысы Қарақат Есенбек және №52 мектеп оқушысы Ақылбек Рамазан, №53 мектеп оқушысы Назым Тұрғанбек есімдері аталып, заттай сыйлықтар тарту етілді.
Ұстазға деген сағыныш шәкірт жүрегінде мәңгі сақталады. Осы мектептің ұстазы Қанат Жүрсін сөз алып, өздерін шығармашылық тұрғыда дамытуда ғылыми бағдар берген ұстаздың бейінді оқыту мәселесіне сол кезде дем бергенін айтты. Ұстаз ғана емес, туған жердің түлегі ретінде ауыл жағдайы, мал жайылымы, балалар ойнайтын жасанды газондар салу мәселесінде мінберлерде мәселе көтерген азаматтығына тоқталды.
Келесі кезекте Базарбай Жаманқұловтың сыныптасы Алматы қаласынан келген Шәріпбек Әуезов, әріптестері болған Жансейіт Пазылов, Әлиакпар Қансейітов, Есенгелді Ержігітов, Сансызбай Пазылов ағаларымыз сөз алып, замандас бейнесін жарқырата танытатын өткен күн естеліктерімен бөлісті. Ауылға жаңа мектеп салып беріп, оқу ошағын үздік мектеп қатарына қосқан тұлғаға зейнетке шығарда аудандық оқу бөлімі «Волга» автокөлігін сыйға тартыпты. Мұндай құрметке ие болған бірден-бір басшы Базарбай Жаманқұлов ағамыз еді.
Қандөз ауылында ұзақ жыл мектеп басқарған, бүгінде ел анасы Қарлығаш Бекмұханбетованың пікірі де осы мазмұнда өрілді.
– Мен 1985-2000 жылға дейін мектеп басқарғанымда үлкен педкеңестерде ағамен жиі кездесіп тұрдым. Ол кісі барлығымыздың ақылманымыз бола білді. Басшы қандай болса мектебі сондай. Базекең 74 жасында өмірден озды. Адам ұрпағымен мың жасайды. Артында қалған перзенттері аман болсын, – десе ардагер-ұстаз Әлиакбар Қансейітов ұстаздың ұлтжандылық қасиеттерінен мысалдар келтірді.
– Мен Базекеңнің қарамағында тәрбие завучы болдым, - деді Сансызбай Пазылов. Ол халықаралық деңгейде білім беру мен тәрбие жүйесі туралы зерттеп, соны іске асыруға мүдделі болды. Осылайша облыста ең алғаш туризм үйірмесін аштық. Үйірменің жас өрен ой-өрісін ашып, көзқарас көкжиегін кеңейтудегі маңызын түсіндіру оңай болған жоқ. Қаржы мәселесін де заңдастыруда көп ізденістерге барып облыстық білім басқармасына дәлелдей отырып, мақсатымызды іске асыра алдық. Осылайша біздің аудан үлгісімен облыс мектептерінің барлығында осы үйірме ашылып, жұмыс жасауға кірісті. Осы бағытта өткен облыстық байқауда қатарынан бес жыл мектебіміз үздік шығып отырдық. Ғылыми жоба бойынша Семейде 24 команда ішінен оныншы орын алдық. Ол кісі теоретик болса, мен практик болдым. Сондықтан да мен ол кісіге басымды иемін, – деді ардагер ұстаз.
Көп жылдар ұстаз болған, мектеп басқарған Есенгелді Ержігітов оқыған- тоқығаны көп, ішкі дүниесі бай, жаны таза әріптес жөнінде «Ол бардың емес, ардың жолында жүрді. Елдің қамы дегенде жүрегін беретін кісі еді. Қаншама ұрпаққа шарапаты тиді. Қазірде ізін басқан қызы Гүлмира ауданда ең озық орыс тілі маманы. Базекеңнің есімі осындай ізбасарлары барда өлмейді» деп лебізін білдірді.
Аққұм ауылындағы №221 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Батырхан Жоланов: Мен институт бітіріп келген соң Базекеңнің кеңесімен үш облыс көлемінде социолог-педагог болып істедім. Ол кісі мектеп жұмысынан қолы қалт еткенде ауыл зиялыларының басын қосып, елішілік мәселелерді талқылайтын. Ауылдың мәдени келбетін қалыптастыруда жастар тәрбиесін мықтап ұстауда мықты тетік деп санайтын аға буын өкілдерімен жиі кеңесіп отыратын. Аудандық басылым – «Жаңақорған тынысы» газеті бетінде ұлттық салт-дәстүрлердің құндылығы, тіл тазалығы туралы жиі мақала беріп отырды» десе, тағы бір шәкірті, кейін өзі де білім ошағын басқарған ұстаз Еркін Өтебеков:
– 2008 жылы Астанада тәрбие концепциясына байланысты жиналыс өткен еді. Сонда орта мектептерге арналған Тәр­бие тұжырымдамасы туралы таныстырылым өтті. Білгеніміз, авторының бірі – біздің Базарбай ағамыз екен. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Базекең білім саласында өзінің орнын белгілеген кісі. Болашақты да осындай азаматтыққа тәрбиелей білді» деді ол.
ТҮЙІН: «ҚР Білім беру ісінің үздігі», ғалым-оқытушы, публицист Базарбай Жаманқұловты еске алу кеші асылды ұлықтаудың керемет көрінісіндей әсер етті.

Баян Үсейінова

04 мамыр 2024 ж. 308 0