№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қош келдің, Әз-Наурыз!

Қош келдің, Әз-Наурыз!


Наурыз мейрамы – Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулы жанданып, табиғат қайта түлейтін шақ. Бұл күнді күллі қазақ жұрты үлкен тойға ұластырып, дүбірлетіп, алты Алаштың басын біріктіріп, ұлттық нақышта атап өтуді дәстүрге айналдырды. Жаңақорған төрінде тойланған Наурыз мерекесі көпке қуаныш сыйлады. Биыл кент орталығындағы “PRIME PARK” саябағына жиналған жаңақорғандықтар мерекелік кеште қазақы салт-дәстүрдің куәсі болып, ұлттық тағамнан дәм татып, шат-шадыман көңіл-күйге бөленді.


Биылғы Наурыз мейрамына саябаққа жиналған халықтың қарасы көп. Әрбірінің жүзінен шаттықтың лебі еседі. Әуелі ақ кимешек киген әжелер алаңды қақ жара, қатар түзеп, әдемі әндерімен мерекенің сәнін кіргізді. Бірнеше киіз үй, ақ шатырлар тігіліп, мерекені тамашалауға келген халық наурыз көже, қымыз-қымыран және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Мерекеге келген жұртшылықты аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті жерлестер, қадірлі қауым! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні тіршілік оянып, күн мен түн теңеліп, табиғат-ана жасарып, жаңарып, ерен еңбектің думаны басталады. Адамзат баласы сағынышпен қауышып, өкпе-реніштерді ұмытып, бір-біріне жылы лебізін білдіріп, өсіп-өнуін тілейді. Игі дәстүр бойынша біз де жаңа жылдан жақсылықтар мен жаңа жетістіктер күтеміз. Ұлыстың ұлы күні біз үшін қашан да ата-бабаларымыздың ұлағаты мен даңқын дәріптеген дәстүр ретінде қымбат. Жер бетінің қайта түлеп, табиғаттың арайлы шуағын тарту ететін шағы адам баласына ерекше серпіліс беріп, рухани тазаруына ықпал етеді.
Ұлыстың ұлы күні – тәуелсіз қазақ елі үшін де жаңа жылдың символы, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.
Адамгершілік пен татулықты паш ететін Әз-Наурыздың қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөлі орасан зор.
Бүкіл Шығыс халқына, барша түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамы – жаңарған Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мереке. Ұлыстың ұлы күні – қай кезеңде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып, ұлттық дәстүрлері­міз бен әдет-ғұрыптарымыз жаңғыртылып, жалпы адамзаттық құндылықтар дәріптелген. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Кеш салтанаты одан әрі Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған театрландырылған және думанды шоуға ұласып, көпшілік қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық спорт ұлықталып, балғын білектілер бақ сынады. Қазақша күрес, қол күресі, гір тасын көтеруден де жігіттер жардан жығылмады.

Әсел РЗАЕВА

23 наурыз 2024 ж. 297 0