» » » Баба басындағы бірлік пен береке

Баба басындағы бірлік пен береке

Өткен сенбіде Хорасан баба басында Алпамыс батыр ұрпақтары барша ағайын-туыстың басын қосып, үлкен ас берді. Қоңырат руынан божбан ағайындары дәстүрлі жолды жалғап, елдің түкпір-түкпірінен және көршілес мемлекеттерден келген қонақтарға құшақ жайып, құрметін көрсетті. Жыл сайын берілетін ас биыл божбан бауырларға бұйырып, қасиетті Рамазан айының алдында өнегелі істің үлгісін көрсетті. Арнайы асқа барып, Құран ішінде болып, дін жолындағы ұстаздардың ақыл-кеңесін, уағыздарын тыңдап қайтқан болатынбыз.
Қазақта «ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – ұрпақ тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Міне, осы бір үш үндестікті бір жолда тоғыстырған бүгінгі асқа үш жүздің баласы келіп, ыстық ықылас, жылы лебіздерін білдірді. Сый-құрмет көрсетіліп, мағыналы әңгімелер айтылды. Халықта «ас берсең, ауылы алысқа бер, айта кетер» деген мағына бар, алыс-жақыннан келген бауырлас ағайын тал отырғызып, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетті. Көркейту-көгалдандыру бағытын насихаттаған аға буын жастарды жұмылдырып, жол сілтеп, ұлағатын ұғындырды. Соңынан барып дастарқан жайылып, ас тарту етілді.
Әуелі қонақтар баба басына барып, Құран бағыштап, дұға-тілектерін жасады. Таңнан бастап келген көпшілік түске дейін зиярат етіп, дайындықта жүрді. Арнайы қонақтар тізімінде Сыр елінің ел ағалары мен елге танымал тұлғалар және ұстаз Арман Қуанышбаев та болып, жамағатпен дидарласып, аз болса да уағызын жеткізді. Жиынның тізгінін алған Уәли Ибрагимов ағамыз төрге озған құтты қонақтарды құттықтау тілегін білдіруге шақырып, көптің батасын алды. Алдымен Әлібек Сүгірбаев атамыз ақ батасын беріп, жиынды ашып берді. Ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Құран оқып, дұға бағыштады. Тілек тізгінін Рахымбаба Құтыбаев алып, алыстан ат артып келген және жақыннан тілекші болып келгендерге алғысын жеткізді.
– Жыл сайын берілетін астың кезегі біздерге, яғни божбан ағайындары­на бұйырған екен. Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын жиын биыл оразаға байланысты ертерек өтуде. Барша ниет етіп, құтты қонақ болып келіп жатқан жандарға рақметімізді айтамыз. Жасаған дұғаларыңызды, тілеген тілектеріңізді Жаратқан ием қабыл етсін. Бұл қасиетті мекен қазаққа ортақ құтты шаңырақ. Хорасан бабаның басына жиналудың үлкен мәні бар, бұл киелі мекендегі әрбір қайырлы істің сауабы бар. Татулық пен бірлікке үндейтін, имандылыққа ұйыстыратын қасиетті қоныста жасалған тағзым қабыл болсын! – деп жиынды ашып берді.
Иә, Хорасан Ата атанған Абд-әл-Жалил бап, жергілікті халық Әбдіжәлел атап кеткен Хорасан баба басы қасиет қонған құтхана. Елдің ауызбіршілігі­нің ұйытқысы, жақсылығының жаршы­сы болған құт мекен. Бірлікте болуға үндейтін шаңырақ. Ақиқатында, Алланың бізге бұйырған әрбір парыз-амалда­ры­нан ауызбіршіліктің, татулықтың шартта­рын көруге болады. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деп ата-бабаларымыз айтқандай қай елдің болмасын әуелден көздегені – ел тыныштығы мен ауызбіршілігі. Адамдар арасындағы дүрдараздық бүкіл елдің құтын қашырып, берекесін кетірері сөзсіз. Сондықтан да ауызбіршілікте өмір сүру – қоғамның көздеген басты мақсаттарының бірі. Татулық, ауызбіршілік сынды қажетті құндылықтарға асыл дінімізде де бейжай қарамаған. Ұлы Жаратушымыз өзінің қасиетті кітабында: «Барлығың Алланың жібінен (кітабы мен дінін) мықтап ұстаңдар. Бөлінбеңдер» деп барша мүмін мұсылмандарға бөлінбей, татулықта өмір сүруді бұйырады. Әз пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі, бөлінуде – қаһары бар» (Имам Ахмад) – деп ауызбіршілікті сақтаудың маңызын жеткізеді. Міне, біздің айтпағымызда осы.
Баба басына зиярат етушілерге барлық жағдай да жасалынған. Қонақ үй мен меузейі, асханасы мен қонақ күтетін орыны бар. Алдағы уақытта баба басында атқарылар шаруа шаш етектен, бұл жөнінде «Хорасан ата» қоғамдық кеңесінің төрағасы Асылбек Айтжанов баяндап берді.
– Сыр елі қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған берекелі ордасы. Өйткені діни әдет-ғұрыптарыменен салт-дәс­түрлері біте қайтасып өткен өңір десек болғандай. Осындай қара шаңырақта қаншама әулиелердің ізі қалды. Санасаң санынан жаңыласың, міне сондай бабалардың көшінде Хорасан бабаның жолы жатыр. Бүгінгі ниет етіп, ықылас білдіріп келген барша ағайынға Алланың нұры жаусын. Дұғаларыңыз қабыл болсын дегіміз келеді, ас беріп, баба басында тіршілік етіп жатқан божбан ағайындарға да айтар алғысымыз шексіз...
Тағы бір айта кетерлігі, бұл аймаққа жасалатын жұмыс өте көп. Дәрет алатын үлкен ғимарат, ашық аспан астындағы мұражай салу, балалар ойын алаңы, биіктігі 30 метр болатын биік мұнараның еңсесі көтеретін болады. Одан соң мешіт үйі мен шәкірт тәрбиелейтін медресе салу да жоспарда бар. Түпкі түйіні осы аймақты Сыр елінің дін орталығына және туризм орталығына айналдыру мақсатымыз, – деген Асылбек ағамыз бүгінгі асқа атсалысып жүрген аға буынға, жалпы елдік жолда еңбек ететін ел ағаларына сый-құрмет көрсетті.
Сыр еліне ғана емес, қазақ еліне ұсталығымен, құнды дүниелерімен та­нылған Пахриддин Садықов ағамыздың төл туындылары «Хорасан ата» қоғамдық кеңесінің атынан тарту етілді. Құрмет төрінде Рахымбаба Құтыбаев бастаған ел ағалары болды. Әлібек Сүгірбаев, Есдәулет Сейілов, Қыркеңсе ауылының әкімі Тәттімбет Абдраймов, Әбдісаттар және Серік Мырзабаевқа керемет туынды тарту етілді.
Одан кейін сөз тізгінін «Игілік ата» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Қожабай Нәсенов және Базар­бай ағамыз алып, көпке жылы лебізін білдірді. «Біріншіден, Серік Дүйсебаев, Ибрагим Абибуллаев, Дайрабай Ысқақов, Өмірсерік Тақырбасов пен Созақтан келген Ысқақбаб ата ұрпақтары атынан да тілек жеткізілді. Сондай-ақ қазақтың билер кеңесінен арнайы делегат келіп, ізгі ниетін білдірді. Сондай-ақ, ұстаз Арман Қуанышбаев та сахна төріне көтеріліп, көпшілікке жылы лебізін жеткізді.
– Алдымен келіп жеткен Рамазан айымен барша иісі қазақ бауырларды құттықтаймын. Қасиетті айдың алдында жасап жатқан игі амалдарыңызды Алла қабыл етсін. Баба рухына зиярат етудің де тәртібі, өзіндің әдебі бар. Бүгінгі жиынға келіп, Құран оқып, дұға-тілек жасаудың өзі үлкен ғанибет. Сондықтан дәстүрлі жолды жалғап, беріп жатқан астарыңызға Жаратқан разы болсын. Қоңырат, оның ішіндегі божбан бауырлардың жасап жатқан өнегесі сауабынан жазылсын. Ең бастысы, алдағы ораза айындағы ниеттеріңіз қабыл болсын, – деп ұстаз жылы лебізін білдірді.
Иә, дәстүрлі жиын келер жылы жалғасын тауып, баба басына жиналып, дұға жасауға ниетті жандар ризашылығын білдіріп қайтты. Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы сауаптан жазсын, қасиетті айда бас қосып, жамағат болып Алладан дұға тілегеннен асқан бақыт жоқ шығар, сірә!

Әлібек ТЕМІРБЕК
12 наурыз 2024 ж. 431 0