№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Жақсы келін ырысың»

«Жақсы келін ырысың»


Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген аталы сөз бар. Ұлттық санамызда «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегенде жаңа түскен келін сол шаңыраққа бақ-береке, ырыс-несібе ала келеді деген сенімге иек артады. “Арман” кенттік мәдениет үйінде өткен келіндер сайысында әр шаңыраққа құт болып келген келіндер өзара бақ сынасты.

Біздің өңір әдет-ғұрпын сақтаған, салт-дәстүрді ұлықтаған, ұрпақ сабақтастығын жалғаған ибалы келіндерімен мақтана алады. Солардың ішінен іріктеп шақырылған бес ару аудандық деңгейдегі сайыста бақ сынады. Олар алдымен өздерін таныстырып, ұлттық салт-дәстүр жайында қойылған сауалдарға жауап берді. Одан соң өз өнерін паш еткен аналар қонақ күту ерекшеліктерімен сынға түсті.
Тағылымы мол шарада ұлттық құндылықтар ерекше көрініс тапты. «Қолында өнері бардың, аузында өлеңі бар» дегендей, сайысқа қатысушы жас келіндер өздерінің отбасылық өмірдегі міндеттерін қалай атқара алатындығымен сараланды.
Сайыс ережесіне сай келіндер төрт кезеңде бақ сынады. Дәстүрлі дүбірге қазылық еткен Жаңақорған кенті әкімінің бас маманы Гүлда­на Әбдірейімова, «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Мақпал Патенова сайысты бағамдады.
Сайыста қарапайым ауыл өмірінен көрініс сахналап, аналардың асыл үрдісін үкілей білген аруларға сүйсіндік. Бірі ұлттық нақыштағы қолөнерлерімен тамсандырса, енді бірі бесаспап келін екенін ісімен ұғындырды. Ата мен ененің жайын жасап, күйеуінің көңілін таба білген қос бұрымдылар өзінің іскерлігімен қатар білім көкжиегін байқатты. “Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен” аналардың жан-жақты қыры ашылды. Сұрақ-жауап кезінде ұлттық салт дәстүрге берік екендігі көрінді. Ошақ ұстап, самаурын тұтатып, қарашаңырақтың киесін ұққан аруларға елдің құрметі білінді. Сайыс қорытындысында бес келін де марапат биігінен көрінді. «Өнерлі келін» номинациясымен Фарида Мамбеталиева, «Сымбатты келін» номинациясымен Зейнеп Шәзінда марапатталса, Айнұр Тұрабаева «Дәстүрлі келін», Гүлназ Дүйсебай «Инабатты келін», Айнұр Арысбаева «Үздік келін» атанды.

ТҮЙІН. Әйел – қоғамның тірегі. Әйелдің ең айтулы парызы – жар сүйіп, жарық өмірге сәби әкелу, бала иісін сезіну. Аналық ақ сүтін адал емізіп, өнегелі, текті ұрпақ өсіру – теңдессіз бақыт. Адамзаттың бақыты да, жұмағы да ананың табанының астында деуіміз осыдан. Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да перзенттік парызыңнан ешқашан құтыла алмайсың. Қазақ атамыз қызын арға, ұлын нарға балап, ізеттілігін келіннен, татулығын абысыннан, айбарлылығын атадан, мейірімділігін анадан тапқан. Қазақтың қызын қызғыштай қорып, үкідей үлбіретіп өсірудегі басты мақсаты – елдің ырысына айналса деген үлкен үмітінде жатыр.

Гүлден СЕРІКБАЙ

07 наурыз 2024 ж. 541 0