№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мұқағалидың мәңгілік музасы...

Мұқағалидың мәңгілік музасы...


Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім...
Ақпан десе, ақтүтек ақпанда өмір есігін ашқан, қазақ әдебиетінің Хантәңіріне баланған Мұқағали Мақатаев еске түседі. Қара өлеңі қалың қазақтың жүрегіне жақын жатталған мұзбалақ ақынның мәңгілік мұрасын құрметтеп, өскелең ұрпақ арасында насихаттау мақсатында «Арман» кенттік мәдениет үйінде «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.


«Бүгін менің туған күнім ой пәле-ай!» деп дүйім елді өзіне қарат­қан Мұқағали образы сазды кештің шымылдығын түрді. 10 сынып оқушы­сы Ғасырбек Мадияр кеш барысында ақиық ақынның ғұмырнамасынан сыр шертіп, шығармашылығын ақтарды. 5-6 сынып оқушыларынан құралған «Жасөспірімдер» тобы ақынның отан­шылдық рухтағы өлеңдерін жатқа айтты. 8-9 сынып оқушыларынан құрал­ған шығармашылық топ қаламгердің табиғат, махаббат, сезім тақырыбында­ғы лирикалық жырларынан сыр ақтар­ды. Ендігі сәтте көпшілікті назарын аударған Мұқағали мен Фариза образы болды. Кеш барысында сезімге толы сыршыл сәттер суреттелді. Ақынның «Бақыт деген» шығармасынан жастар арасындағы көрініс қойылып, қойылым бейнеленді.
Әні мен әлемі үйлесіп тапқан әдеби кеш барысында ақынның «Жарығым-ай», «Жалаң аяқ», «Бақыт деген», «Сенің көзің түпсіз терең», «Бақытыңды жырлайды» әндері жанды дауыста шырқалып, сазды кешке ерекше реңк берді.
Махаббат пен мұң, сезім мен серпіліс, сырласу мен күрсіну сынды ақынның өмір жолындағы естеліктері тереңнен ақтарылып, ақын әлеміне саяхат жасатты. Оқушылар қара өлеңді саз ырғағымен кұмбірлете оқығанда, жиылған жұрттың сай-сүйегі шымырлап, журегі тулап сала берді. Ерекше әсер берген сәтте көрермен сүйсіне қарап, бірде күліп, бірде жылап, поэзия әлемінің шынайы әсерін түсінгендей...
Салтанатты шараға куә болған Арман мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова мен №286 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Әлібекова арнайы сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді:
Мұқағали – мәңгілік ғұмыр. Хан­тәңірінің мұзбалақ ақыны атанған ақиық ақынның өлеңдері бүгінгі ұрпаққа сарқылмас мұра. Осынау сөз өнерінің киесі мен қаймағын бұзбай, оқушылар арасында ерекше дәріптеп, әдеби сазды ұйымдастырушыларға ерекше алғыс, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қазаққа тән қара өлеңге табынды,
Ата-баба дәстүрінен ап үлгі.
Ұшан-теңіз ұлылықты паш еткен,
Мұқағали – поэзия алыбы.
Иә, Мұқағали жырлары жылдар мен ғасырлардың жалғасы. Мәңгілік сағыныш пен мәңгілік жырдың жаршысы.
Расында, өлеңі мен өмірін ұлықтар ұрпағы барда Мақатаев мұрасы жылдан-жылға жандана бермек...

Ханзада ДОШАН,
№286 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

27 ақпан 2024 ж. 547 0