» » » Ақиық ақын ардақталуда

Ақиық ақын ардақталуда

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім...

Ақпан десе,  ақтүтек ақпанда ақпандатып, өмір есігін ашқан, қазақ әдебиетінің Хантәңіріне баланған Мұқағали Мақатаев еске түседі. Қара өлеңі қалың қазақтың жүрегіне жақын жатталған мұзбалақ ақынның мәңгілік мұрасын құрметтеп, өскелең ұрпақ арасында насихаттау мақсатында «Арман» кенттік мәдениет үйінде «Әр өлеңі бір әлем» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
«Бүгін менің туған күнім ой пәле-ай!» деп дүйім елді өзіне қаратқан Мұқағали образы сазды кештің шымылдығын түрді. 10 сынып оқушысы Ғасырбек Мадияр кеш барысында ақиық ақынның ғұмырнамасынан сыр шертіп, шығармашылығын ақтарды. 5-6 сынып оқушыларынан құралған «Жасөспірімдер» тобы ақынның отаншылдық рухтағы өлеңдерінен сыр шертті. 8-9 сынып оқушыларынан құралған шығармашылық топ қаламгердің табиғат, махаббат, сезім тақырыбындағы лирикалық  жырларынан жауһар ақтарды. Ендігі сәтте көпшілікті еріксіз назар аударған Мұқағали мен Фариза образы болды. Кеш барысында сезімге толы сыршыл сәттер суреттелді. Ақынның «Бақыт деген» шығармасынан жастар арасындағы көрініс қойылып, қойылым бейнеленді.
         Әні мен әлемі үйлесіп тапқан әдеби кеш барысында ақынның «Жарығым-ай», «Жалаң аяқ», «Бақыт деген», «Сенің көзің түпсіз терең», «Бақытыңды жырлайды» әндері жанды дауыста шырқалып, сазды кешке ерекше реңк берді.
Махаббат пен мұң, сезім мен серпіліс, сырласу мен күрсіну сынды ақынның өмір жолындағы естеліктері тереңнен ақтарылып, ақын әлеміне бір саяхат жасатты. Оқушылар қара өлеңді саз ырғағымен кұмбірлете оқығанда, жиылған жұрттың сай-сүйегі шымырлап, журегі тулап, сала берді. Ерекше әсер берген сәтте көрермен сүйсіне қарап, бірде күліп, бірде жылап, поэзия әлемінің шынайы әсерін түсінгендей...
Салтанатты шараға куә болған Арман мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова мен №286 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Әлібекова арнайы сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді:
---- Мұқағали – мәңгілік ғұмыр. Хантәңірінің мұзбалақ ақыны атанған ақиық ақынның өлеңдері – бүгінгі ұрпаққа сарқылмас мұра. Осынау сөз өнерінің киесі мен қаймағын бұзбай, оқушылар арасында ерекше дәріптеп, әдеби сазды ұйымдастырған Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ханзада Төреханқызына және қатысқан өнерлі өрендерге ерекше алғыс, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қазаққа тән қара өлеңге табынды,
Ата – баба дәстүрінен ап үлгі.
Ұшан – теңіз ұлылықты паш еткен,
Мұқағали – поэзия алыбы.
Иә, музасы мәңгілікке бағытталған, ғасыр ақыны  Мұқағали жырлары жылдар мен жылдардың, ғасырлардың жалғасы. Мәңгілік сағыныш пен мәңгілік жырдың жаршысы.
         Ақынның әдеби әлемі ақтарылған әдеби кеш қимастыққа толы қиыннан қиыстырған көркем сөзбен соңыра жетті. Расында, өлеңі мен өмірін ұлықтар ұлағатты ұстаздары мен ұрпағы барда Мақтаев мұрасы жылдан-жылға жандана бермек...
Ханзада Төреханқызы,
№286 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
23 ақпан 2024 ж. 361 0