№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Отбасы – бақыттың мекені

Отбасы – бақыттың мекені


Сәрсенбі күні «Аманат» партиясының аудандық филиалы ғимаратында «Отбасы – бақыттың мекені» тақырыбында көп балаы аналардың басын қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Қазақстан халқының дәстүрі мен мәдени-рухани мұрасын сақтау, ұлт рухын ұлықтау сынды дәстүрлі моральдық қағидаларды ұстануға негізделген құндылықтарды ілгерілетуді көздейтін шаралардың қайсыбір түрі болмасын осындай тәлім-тәрбиенің ұстынын қалап жүрген аға ұрпақтың үлгі-өнегесімен сабақтастықта өткізілері заңды. Сондықтан аталмыш шарада көп бала өсіріп тәрбиелеумен қатар қоғамның түрлі салаларында тер төгіп, бүгін зейнетте отырған әйел-аналарды қонақ етіп, кешегі күн тарихынан құнды естеліктер ортаға салынды.


Кеш тізгінін қолға алған «Аманат» партиясының «Орталық» партия ұйым­ының төрайымы Алмагүл Жұма­діллақыызы келген қонақтарды та­ныстырып шықты. Олардың қатарында көп жылдар кент әйелдер кеңесі төрайымы қызметін атқарып келген Сырғагүл Болғанбаева, заңгер Раушан Назарова, әлеуметтік сала ардагері Базаркүл Құлымбетовалар жеке-жеке сөз алып, өз өмір жолдарын айта отырып, кешегі күннің тағылымды өрнектерінен сыр шертті.
Отбасында ата-анасының жағдайын жасап, ақ батасын алған, қызғалдақ кезінен нәзікжанды болмысына дақ түсірмеген, ар-ұяттан аттамаған, дәс­түр-салтты биік тұтқан осынау жандар жоғары білім алып, қоғамдық қызметтің түрлі сатыларында қызмет еткенде де мінезге мін жұқтырмапты. Табиғатына сай үй болып, түтін түтетіп, отба­сын құрғанда да тәрбие қазығынан жаңылмаған аналарымыздың бүгінде ұлағатты тірлігі көпке үлгі бо­ларлықтай. Осы кезеңдері туып, жастық шақ дәуренді бірге өткізген қыз-келіншектердің баршасына тән ерекшелік – қол өнерінен құралақан қалмай, ісмерлікті меңгеруі дер едік. Кешегі дала дәстүрін қазық етіп ұстанып, қыз баласын қолөнерге баулыған апа-әжелер мен жеңге өнегесінің соңғы куәгерлері осы толқын іспетті. Одан кейінгі жылдар қолөнерді тәрк етіп, жаппай дайынды сатып алуға әдеттенген кезеңмен тұспа-тұс келген жоқ па?
Төрде қатар отырған үш қонағымыз­дың да он саусағынан өнер тамған шеберлігі қыз баласын жүн түтіп, ұршық иіруге, киіз басып, кілем тоқуға баули білген сол кездегі біздің аналарымыз­дың қатал талапшылдығының нәтиже­сі екендігі сөзсіз. Енді осы кісілер­дің қолынан шыққан дүниелер жәдігер­ге айналмай, жаңа заманмен үндес дамуы үшін осы өнерді келер ұрпаққа табыстауымыз керек қой. Біздің апа-әжелерімізді осы мәселе толғандыруы тиіс.
Басқосуда осы тақырып төңірегінде ой талқылар ортаға салынды.
Үй шаруасымен қоса қоғамдық жұмысты да еңсеріп, ерінің де жағдайын жасап, отбасы жылуын сақтай білген аналарымыздың ғибратты әңгімесінен мол сыр түйген жастар жағы өміріне азық болар ақыл-кеңес берген апаларына алғысын айтты. Өздерін мазалап жүрген сауалдарын ортаға салып, сырларымен бөлісті.

Баян ҮСЕЙІНОВА

27 ақпан 2024 ж. 532 0