№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Береке бастауы – байланған білекте

Береке бастауы – байланған білекте

Жақында«Арман» мәдениет үйінде ауданның қыз-келіншектеріне арналған «Сырласу» клубы шымылдырығын түрді. 
Басқосуға ауданның белсенді аналары, үкіметтік емес ұйымдардың төрайымдары және көп балалы аналар жиналды. Алдымен аудан өнерпаздары ұсынған мерекелік концерт тамашаланды. Жаңақорған кенті әкімінің міндетін атқарушы Серік Сейдуалиев құттықтау сөзін арнап, жүрек жарды лебізін жеткізді.
– Ана – әлемнің шуағы. Мейірім-шапағат­­тың бастауы, қоғамның жанашыры. Әйел жанашыр жан ғана емес, олар үздік ұйымдастырушы, беделді тұлға. Елдің дамуына жан-жақты қолдауын беріп, руханияттың қалыптасуына септігін тигізіп жүрген асылдарымызды айтулы мерекемен шын жүрекпен құттықтаймын, – деді.
Салтанатты шарада батыр ана Мария Қалхожақызы мен Мариям Өтегенқызына және бірқатар аналарға «Алтын алқа»  және «Күміс алқа» медалін табыстады.
Қыз-келіншектерді айтулы мерекесімен құттықтаған аудандық  әйелдер кеңесінің төрайымы Әзия Қыстаубаева «Сырласу»  қыз-келіншектер клубын ашудағы мақсатын түсіндірді.
– Ауданда қыз-келіншектер клубын ашудағы басты мақсатымыз – әйелдердің рухани-мәдени дамуына жол ашуды көздеп отырмыз. Бұл клуб алдағы уақытта аудандағы әйелдердің мәселелерін тыңдап, рухани қолдау беретін орталыққа айналады. Бүгін соның алғы шарттарын аудандағы белсенді аналармен бірге түзіп, жасақтамақпыз, –деді.
Осы жиын барысында барлық аналардың әлеуетін зерделеп, олардың рухани-мәдени сусындауына бағыт-бағдар жасалды. Осы уақытқа дейін жас келіндер сайысы, ақ әжелер байқауы, ұлттық ойындарды ұлықтау жиі ұйымдастырылды. Оған қоса, ауыл әйелдерімен кезекті басқосулар, аудан әйелдерімен дөңгелек үстел, облыстық және республикалық белсенді іскер әйелдермен жүздесу, мұң-мұқтажы бар жастарды жеке қабылдау, шағымдарға жауап беру секілді әйел-ана мүддесін қорғайтын жұмыстардың барысына өзіміз де куәміз.
Жұмыссыз талай әйелдің өз ісін табуына қолдау беріп, қанатынан демейтіні де бар. Кәсіптік білім алуға кеңес беріп, талай ісмерлер өз шеберханасын ашып, ісін дөңгелетіп келеді. Ауданда нәзік жанды кәсіпкер әйелдер саны 803-ке артты. Көбі қайтарымсыз несие алып, шағын шаруасын ашқан.
«Сырласу» клубы 8 тарау бойынша қызмет атқаратын болады. Тарқата айтсақ,«Сырымды айтсам деп едім» тарауы жас аналардың жан сырын ақтарады. «Отбасым – тірегім» бөлімінде отбасылық мәселелер жабық талқыланып, оларға мамандар кеңес береді. «Даму – заман талабы» бөлімінде заман талабына сай бейімделу мәселесі талқыланады.  «Өнерім – өмірім» өнерге жақын жандарды дәріптейді.«Имандылық – асыл қасиет» тарауы аналардың имани-рухани сауаттылығын арттырады. «Ақ әжемнің айтары бар» тарауы тәлім-тәрбиеге дем бермек. «Кәсібім-несібем» жас бизнес-лэдилерге бағыт-бағдар береді. «Сырғалым» заңдылық кеңес береді.  Клубтың белсенді мүшелері Рысжан Төлепбергенова, Хадиша Наубаева, Зағипа Әбжелелова, Роза Исаева, Баянсулу Божбанбаева, Баян Үсейінова, Сырғагүл Болғанбаева, Күләнда Әбілтанова  Ардақ Камақ, Раушан Тотаева, Хадиша Мұзарапханқызы өз ойларын айтып, жүйелі жұмыс жасауға уағдаласты.

Мақпал МАРҚАБАЙ

14 наурыз 2021 ж. 844 0