Бекзат болмысты Бекжан
Құт қонған Қожакент ауылының қалыптасуына, өркендеуі мен дамуы жолында қаншама асыл азаматтар қызмет жасады. Елдің еңсесін көтеріп, тұрғындар тұрмысының тіктелуіне табан тіреп, ауылдың бүгінгі беделінің биік болуына тамшы тер төккен жанның бірі – Бекжан Әлжанұлы. Ағамыз арамызда болмағанымен, оның ерен еңбегі, қажырлы қызметі, қарапайымдылығы мен қадыр-қасиеті, бір сөзбен айтқанда, бекзат болмысы ешқашан ұмытылмайды. Осыдан 30 жыл бұрын мәңгілік мекеніне кеткен еңбек ері, ақылман ағамыз туралы естеліктер әлі талай жазылады.
Жалпы біз тәуірдің тірлігін барында емес, жоғында бағалауға жанымыз үйір емес пе? Мүмкін қолда бардың қадірі болмайтыны сондықтан болса керек. Қытайдың ұлы философы Конфуцидің адам бойындағы адамгершілік қасиетке байланысты берген бес сипаттамасы бар. Олар – байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірбандылық. Осы қасиеттерді бойына сіңірген Бекең нар тұлғалы азамат еді. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» дейтіндей ізгілік бұл азаматтың болмысында болды. Әкесі Әлжан көкеміздің бойындағы қадір-қасиеті ұлы Бекжанға бақ болып қонғандай көрінеді. «Әкенің ісі балаға үлгі» демекші, әкесінің жарқын бейнесін үнемі жадында ұстап, айтып жүретін және оны мақтан тұтатын.
Адамды кім екенін танытатын оның өмір жолындағы еңбегі. Ұлы Абайдың 37-ші қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген екен.Осы тұрғыдан келгенде Бекеңнің әкесі Әлжан көкеміздің атқарған еңбегі тағылымы мол өнегеге толы.
Жақсы адам жауапкершіліктің қырында жүреді. Жауапкершіліктің бір жағы жазық, бір жағы құз. Шалыс бассаң, шыңырауға құлауың ықтимал. Сондықтан жауапкершілігі ауыр ел аманатын мойнына алу арлылардың ісі, адамшылықтың шыңы. Осындай қиын-қыстау кезеңде халықтың тұрмыс тіршілігі, Ұлы Отан соғысының ауыр зардабы мен одан кейінгі колхоздастыру уақытында Әлекең елтізгінін мойнына алды. Жастайынан еңбек майданына жылдам көндігіп, елді соңынан ерте алатын қабілетін көрсетті. 1942 жылдан 1962 жылдар аралығында басшылық қызмет атқарды. Ер жетіп, ес білгеннен бастап өмірінің соңына дейін еңбектен басқаны білмейтін жан болды.
Әлжекең басқарма төрағасы болған кезеңдерде колхоздың ауыл шаруашылығындағы жұмыстар батыл шешімдер қабылдаудың нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізіліп, халықтың тұрмыс тіршілігі жөнделе бастады. Өзге мемлекеттерден ағайындар көшірілді. Халықтың саны артты. Жұмыс қолдары күшейіп, әл-ауқат жөнделе бастады. Жинақтап айтар болсақ ол кісі ел игілігі үшін еңбек етіп, өндірістің өсуіне, еңбеккерлердің әлеуметтік тұрмыстың жағдайларының жақсаруына тікелей ықпал жасады. Ел басқаруда басшыда болуға тиісті, адалдық, даналық, қаталдық деген үш қасиет те Әлжан көкемізде болды.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп Төле би айтқандай, Бекжан ағамыз әкесіне қатты ұқсайтын. Алғашқы кезде, көлік жүргізушісі, одан өмірінің соңына дейін егіс даласының бригадирі қызметін атқарды. Атқарған еңбек жолында ұйымдастыра білетін қабілеті мен еңбек өнімділігін дамыту іскерлігі басым болды. Адамдарға сеніммен қарайтын, оларға сүйене отырып, қолдай білетін. Бойында кішіпейілділік пен қарапайымдылыққа толы кең жүректі, көпшіл және қайырымы мол еді. Өр мінезді, әділ сөйлеп, тура айтудан тайсалмайтын, еш нәрседен қаймығып, беті қайтпаған. Желдің ыңғайына қарай ығысып, біреудің ығына жығылмаған.
Тазалықты жаны сүйді, мәрттігі де басым болды. Қолда барымен бөліскенді, жанындағы жандарға жақсылық жасауға айрықша ынталы болатын. Қарамағындағы еңбеккерлерге тиісті мөлшерлі бөліністерінен артық бергізіп, қуантып жүруді әдетке айналдырған. Отбасына қонақ шақыруға келгенде, бұл кісінің алдына жан салмайтын. Көңілі кең, пейілі дархан, қолы ашық, дастарханы жиналмаған жан болды.
Әкесі Әлжан колхоздастыру ісінің ұтымды ұйымдастырушысы, халыққа аянбай еңбек еткен дарабоз парасат биігінен көрінген азамат болған деседі.
– 1985 жылы болу керек ауылға алғаш егін шаруасына ғылыми жүйені енгізуді қолға алдым. Шыны керек, ол кезде совхоздардың күнкөрісі едәуір төмен еді. Ел аса мән бере қоймады. Содан Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты мен Қызылорда қаласындағы күріш ғылыми зеттеу орталығынан ғалымдарды шақырып, зерделеу жұмысын жүргіздік. Мақсат – күздік дақылдан мол өнім алу. Ол кезде мен 23-партсъезде директор қызметіне жаңа келген кезім. Сол уақытта Бекжан бауырымыз бастаған бригада қолдау білдіріп, суару науқанын міндетіне алды. Ойдағыдай өнім алып, жаңа бір жүйені айналымға енгіздік. Ол уақытта судың нашарлығы, жер астының болмауы, жалпы алғанда егіннің жайы қиын кез болды. Осындай алмағайып тұста елге болысып, күш-жігерін халық жолында бере алған азаматтан айналдым, – дейді ауылшаруашылығы саласының ардагері Керімхан Егізбаев.
Керімхан ағамыздың замандасы болған Бекең талай тірлікте иық тірестіріп, бірге аянбай еңбек етті. Бекжан ағамыздың азаматтығын, іскерлігін көп көрген, бірге сырлас дос болғанын жиі еске алады.
– Бекжанның болмысы бөлек болды, оның ұйымдастырушылық қабылетіне тәнті едім. Көкесі Берден ағамыз екеуі соңынан елін ертіп, бірлікке шақырып, ынтымақты арттыруда көп қызмет қылды. Берден ағамыздан дарыған қасиеттердің бірі бір сөзділігінде еді. Көпті қабағымен қарып отыратын. Ал, жары Манаттың дархан дастарханы қашанда жайылып тұратын еді. Ауылға қонақ келсе Бекжан күтіп, қонақжайлығын көрсететін. Қандай істе болмасын әр еркектің тілекшісі әйелі болатыны ақиқат. Міне, Бекеңнің жан-жары да егін шаруасында тірекшісі болды. Бірге суарып, қырманда қатарласа жүрді. Осындай отбасымен, жалпы сол әулетпен дос болып, ағайындас ретінде араласқаныма жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Бір сөзбен айтқанда, Бекең ғылымды өндіріске енгізуде зор еңбек етіп кеткен тұлға, – деп Керімхан ағамыз ағынан жарыла.
Нұрбай Құдайбергенов, Айқожа Шайжанова, Шәзінда Бегманов сынды замандастарынан талай естеліктер қалды. Ағадай қамқорлық көрген Шәзінда бір әңгімесінде:
– Бекең әрбір еңбектің өтеуі ретінде біздерге қосымша сыйақы беретін. Мақсаты адал еңбегіміздің өтеу деп білеміз. Әрі жігерімізді шыңдап, еңбекке деген құлышынымызды қуаттап қойғаны болар. Сондай бір кезде үш құрдас қосылып, Бекең берген демалыста ағаттық жасап қойдық. Өзге азаматтармен шегісіп, бұзықтық жасадық. Ол кезде заң қатал, тек аяғы абақтымен аяқталатын. Бірақ, Бекжан бауырымыз бригадир демей бізді қанатының астына аман қалды. 2 күн егіс басына жіберіп, астындағы темір тұлпарын тапсырып, бізді бір келеңсіздіктен аман қалған еді. Бұл оның бір ғана қамқорлығы болатын. Айта берсек Бекеңнің қамқорлығы, үлкенге інілігі, ініге ізеттілігі өнеге болып тұнып тұр. Ең бастысы, ауылдың атын оздырып, абыройын асырған тарихта қалған тау тұлға болып қалды, – деп еске алды.
Әбдіәкімұлы Төлеген атамызбен Есжанқызы Ләйлі апамыздан екі ұл, бес қыз өрбіген. Ұлдың үлкені Әлжан көкеміз, арда азамат небәрі 49 жыл ғана өмір сүрген екен. Артында теңдессіз атқарған ісі мен өскен-өнген ұрпақтары қалды. Өзінің отбасынан Бекжан, Фархат, Әсия, Палай, Зоя, Мұхтар, Әмина, Насыр, Раушан, Сухрап, Жадырадай ұрпақ қалып, үлкен әулетке айналды.
Ал, Бекжан ағамыздың Зайыбы Манат жеңгеміздің дастарқаны жиналмайтын, кең пейілді, ақ көңіл жан, қонақтарды құшақ жая қарсы алудан ешбір жалыққан емес. Өмірде ақ босағаның береке-бірлігін сақтап, отбасының шаңырақ күмбезін көкке көтерген, аналық пен адалдықты аялап, азаматының қадір-қасиетін бағалап, абырой-атағын дәріптей білген жан. Қабақ шытуды білмейтін, балаларына мейірімді ана, ағайын-туысқанның ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтай алуды мақсат ете білді. Екеуінің жұптасқан өмірінен Мұхаббат, Айгүл, Ерғазы, Нұрғазы, Биғазы, Гүлбахар, Рахымқазы атты перзенттері өрбіді. Олар қазір есейіп, әр салада еңбек етіп келеді.
Қалай болғанда да, уақыт өте келе өкініштің орнын сабыр жеңеді, тұлғаны есте сақтау, құрмет тұту жолдары ғана алға озады. Мына фәни жалғанда ешкімнің де мәңгілік өмір сүрмесі белгілі. Опасыз жалған дүниеде талқаны таусылмайтын тағдыр жоқ. «Өзекті жанға – бір өлім» деген тағы бар. Өмір өткелі – талбесік пен жербесіктің арасында жүріп өткен жол ғана, яғни адамның фәниден бақиға ұзауы бұлжымас заңдылық. Қалай айтқанда да уақыт озған сайын, өткен күн алыстаған сайын, қадір тұтар азаматтың жақұттай жарқыраған есімі елінің есінде мәңгіге сақталып тұратыны шындық. Қай дәуірде де, қай заманда да халық бағасын беріп, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтып жүретін адамдар туды. Сондай жаны жайсаң адамдардың санатында Бекжан Әлжанұлының да жүріп өткен жолы жастарға өнеге, елінің мақтанышы болып қала беретіні ақиқат.
Асылбек АЙТЖАНОВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі
ҚР Білім беру ісінің үздігі