Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бердібек аға жайлы толғаныс

Бердібек аға жайлы толғаныс


Халқымызда жер байлығы, ел байлығы, ер байлығы деген қастерлі де киелі ұғымдар бар. Жер байлығы дегеніміз – табиғаттың сыйы. Берекелі, бақуатты тұрмысымыздың кепілі.
Ел байлығы дегеніміз – заман мен қоғамның сыйы. Өзгелердің алдында еңсемізді тіктеудің, есептесе келгенде есемізді жібермейтін елдігіміз, ұлттық болмысымыз. Ер байлығы дегеніміз - жердің байлығын тасытатын, елдің байлығын еселейтін тұлға.


Бұндайда «Жердің атын ел шыға­рады, елдің атын ер шығарады» дейді халқымыз. Туған жерін аялаудың, туған еліне қызмет етудің үлгісін танытып, ауыр жүгіне арқасын тосқан азаматтар қандай қоғамда да елдің ер байлығын құраған. Олардың қатары неғұрлым көп болған сайын елдің іргесі кеңейіп, мәртебесі тасып, айбыны асып тұрған!
Ежелгі Тоныкөк пен Білге қаған заманында да, Асан Қайғы аңсаған қоғамда да, елдік үшін арпалысқан Абылай ханның кезінде де халқымыздың біртуар тұлғаларының бірі қол бастады, бірі сөз бастады, енді бірі көш бастады. Солардың соңына ерген ел елдігін сақтады, өрлігінен танбады.
Бердібек Мәшбекұлының өмір жо­лын, қызмет баспалдақтарын осы өмір­лік өнегемен сабақтастыра өрудің мә­нісі бар. Шынында, Бердібек Мәшбек­ұлы еліміздің Ер байлығы – Тұлғалар галереясынан ойып тұрып орын алған қайраткер азамат бола алды.
Биыл жетпіс жастың жүзін көрген Бекең соншама жыл елі үшін еткен еңбегінің жемісін көрер шағында келместің кемесіне мініп кете барды. Соңына не қалдырды, не алып кетіп барады дегенге келсек Бекең елін, жерін, пәни жалғанды қалдырып кетті соңына. Сонымен бірге елін, жерін өркендету­де жыраулар айтатын «кәтепті қара нардай» болып атқарған сауабы мол, игілігі аста-төк өнегелі істерін қалдырып кетті. Өзімен қимай қоштасқан елінің ыстық ықыласы мен қабырғасы қайысқан халқының алғаусыз ризашылығын алып кетті өзімен бірге.
Бекеңнің ендігі жерде екінші өмірі – мәңгілік өмірі басталды. Енді қайраткер туралы өткен шақпен ғана әңгіме айтамыз. Мен де аз ғана естелікке орын берейін.
Бекеңмен төрт-ақ рет кездесіп, сұхбаттаса алған екенмін. Алғашқы кездесуім 1992 жылдың желтоқсанын­да еді. Мен ол кезде №52 «Красная звезда» орта мектебінің директоры едім. Алматыда мектеп басшыларының білімін жетілдіру институтына курсқа барған едім. Ол кезде Бекең Қазақстан Республикасы Білім министрінің орын­басары болып қызмет істейтін. Бізге келіп білім мекемелерін қаржыланды­ру мәселесінен дәріс оқыды. Үзіліс­те кездесіп таныстық. Елден екенімізді біліп, іштарта әңгімелер айтқан еді.
Екінші рет 1996 жылдың қыркүй­егінде кездестім. Бұл кезде №86 Шалқия орта мектебінде директормын. Бе­кең Қызылорда облысының әкімі еді. Ол кісінің қабылдауына саяси қуғын-сүргін құрбаны, мемлекет қайраткері Бегайдар Аралбаевтың 100 жылдығын атап өтуге байланысты Жүндібай Жай­панов, Балғабай Жанаділов ағала­рымды алға салып барғанбыз. Аудан­ның деңгейінде шешімін таппаған мәселе Бекеңнің алдында оңынан шешілді. «Елдің болашағы жолында құрбан болған қайраткердің есімін ұлықтамау бізге сын ғой. Неге ертерек келмедіңіздер?» деп орынбасарларына нақты тапсырма берген еді. Кездесу соңында менің кеншілер қалашығында мектеп директоры болып қызмет ететіндігімді білген соң, Шалқияның жағдайын сұрады. Кеніштің дағдарысты жағдайында мектептің биылғы қысты жылусыз қарсы алатындығын айтып көмек сұрадым.
– Кеніштің бастығына тапсырма берілген. Қаржы бөлінген еді. Орын­дадық деп есеп берген.
– Жағдай мүлдем басқаша. Жылу жүйесін іске қосуға қатысты ештеңе де істелген жоқ – дедім.
– Мәселе шешіледі – деп нық сеніммен айтқан әкімнің уәдесіне риза болып елге қайттым.
Ертеңіне түсте Шалқияға келсем кеніш басшылары, кент әкімі бар, барлығы мені автобустан күтіп алды. Бір аптаның ішінде мектепке шетелдік автономды жылу қазандығы әкелінді.Бұл Бекеңнің сөздің емес істің адамы екендігіне өзім куә болған бір сәт еді.
Үшінші кездесуім 2010 жылы Семей қаласында Шәкәрім университетін­де болды. Мен сол кезде доктор­лық диссертация қорғаудың қамы­мен жүргенмін. Семейліктердің облыс әкімінің атқарып жатқан игі істері­не риза пейілде екендігін сезіндім. Облысты қазақыландыруы, шовинистік пиғылдағы әкімқараларды қалай орнына қойғандығы жөнінде тамсана айтатын. Бекең қазан айында университетте Абайдың 165 жылдығына арналған жиынға қатысып, сөз сөйледі. Ағаға арнайы жолығып, сәлем бердім. Хал-жағдай, амандық-саулықтан соң бірден іштартып «Не көмек керек?» деп сұрады. Өзіме ештеңе сұрамадым. Тек «ғылы­ми кеңесшім Ерлан Бәтташұлына оң көзіңізбен қарасаңыз болды» деп әзілге бұрдым.
Соңғы кездесуіміз 2015 жылдың қыркүйегінде Астанада өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығының қоры­тынды шарасы өтіп жатты. Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының құрамында мен де бар болатынмын. Вице-премьер ретінде ол кісінің осы бір саяси мәні жоғары мемлекеттік шараны ұйымдастырудың басы-қа­сын­да жүргенін білетінбіз. Республика деңгейінде қаншама іс-шаралар өтіп жатты. Барлық әрекеттің мақсаты қазақтың тарихы, мемлекеттілігі Ресейге байланып қалмағандығын әлемге паш ету, өзгелерді мойындату еді ғой. Бұл әрекеттер нәтижесін берді.
Тұңғыш Президент қатысқан жи­ынның орта тұсында Бекең шұғыл түрде сыртқа шығып кетті. Сол сәтте Әкім болып тағайындалып, Ақтөбе қаласына ұшып кеткен екен. Әр облыс Тәуелсіздік алаңына өз ордаларын тіккен. Ертеңі­не Бекең оңтүстік қазақстандықтарға «жерлестерім» деп арнайы келіп сәлем беріп, дастарханнан дәм татты. Бәріміз жаңа қызметімен құттықтадық.
Отырысты жүргізіп тұрған едім, әңгіменің ауанын Бекеңнің бүгінгі республикалық шараны ұйымдастырудағы қызметіне қарай бұрдым. Сонда Бекең тебіреніп, толқып тұрып сөйлеп еді. Қазір ойласам, Бекеңді толқытқан жерлестерінің ықыласы екен, тебіренткен өзі бас болып ұйымдастырған Қазақ хандығының 550 жылдығына деген елдің ризашылығы екен ғой.
Бекеңнің қайраткерлік қызметі жайлы осы кезге дейін бұқаралық ақпарат құралдары қаншама ресми мақалалар жариялады. Тіпті тәуелсіздік жолында дағдарысқа тап болған аймақтар мен ведомстволарды басқаруға үнемі сенім артылуына орай оның «дағдарыс менеджері» деген бейресми атаққа ие болуының өзі көп жағдайдан хабар берсе керек. Әйтсе де Бекең әлдебір шенеуніктер сияқты өзін асыра мақтауға, орынсыз дәріптеуге жол бермеді. Ал Бекеңнің өмірбаяны барынша мазмұнды, қызмет баспалдақтары да бас айналдырарлықтай өте қарқынды сипатта өтті. Ол тәуелсіздік қарсаңында және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қаржы министрлігінің қатардағы экономисінен басқарма бастығына дейін мемлекеттік қызметтің баспалдақтарынан өтті. Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жж.); Президент Аппараты Бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті аппа­раты меңгерушісінің орынбасары (1994 ж.); Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті істер басқармасы Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгеруші­сінің орынбасары, меңгерушісі (1994-1995 жж.) қызметтерінде болды. Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы (1995 ж.); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жж.); Оңтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі (1999-2002 жж.) қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Вице-Министрі – Кедендік бақылау комитеті­нің төрағасы (2002-2006 жж.); Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет Өкілі (2006–2007 жж.); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Вице-министрі (9.02.2007 – 27.08.2007), Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (08.2007-03.2009) лауазымдарында болған. 2009 жылғы 4 наурыздан Шығыс Қазақстан облысының әкімі. Одан кейінгі кезеңде Вице-премьер, Ақтөбе, Жамбыл облыста­рының әкімі қызметтерін атқарды. Оның осындай қызмет-лауазымдарды біліктілікпен атқаруына ұйымдастырушылық шеберлі­гі, мол тәжірибесі, мәселені шиеленіссіз шешетін демократтығымен қатар экономика ғылымдарының докторы болуы да көп септігін тигізді.
Өңірлердің мәдени-әлеуметтік ахуалын көтеруде сөзден бұрын іске көшуді қолай көретін Бекең экономист-ғалым ретінде еркін экономикалық аймақ құру қағидасы­ның мүмкіндіктерін молынан пайдаланды. Оның мысалдары жетіп артылады. Экономи­касы тұралаған Қызылорда облысын аз ғана мерзімде өндірісті аймаққа айналды­ру, Түркістан қаласының 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту, Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу сияқты Бекеңнің ұсынған мемлекеттік қызметтегі басқару-ұйымдастырушылық жаңалықтары бұл күнде мемлекеттік деңгейдегі тәжірибеге енді.
Бекеңнің қайраткерлік қызметі мемле­кет тарапынан «Құрмет» (1999 ж.), «Пара­сат» (2007 ж.), «І дәрежелі Барыс» (2012 ж.) ордендерімен, Ресей Федерациясының «Достық» ордендерімен атап өтілді. Бір адамның еңбегі үшін бұл марапаттар аз да емес, көп те емес.
Тұлғаның өнегесі орден-медаль сияқты марапаттармен емес, ең бастысы халықтың жадында орныққан өнегесімен өлшенсе керек. Бекең бұл жөнінде өзімен қатар қызмет атқарған әріптестерінің алдында оқ бойы озық тұрғаны да белгілі.
2022 жылдың қаңтарындағы оқиғалар тарихи танымға жаңа серпін алып келді. Сая­си терминологияда «Жаңа Қазақстан» ұғы­мы орнықты. Соған сай «жаңа Қазақстанға дейін» деген саяси хронология қалыптасып келеді. Бұл саяси-рухани құндылықтардың қаншалықты тарих мазмұнына кірігетіндігін уақыт көрсетер. Мәселе қоғам мен заманға, Ел мен Ерге қатысты құндылықтардың бұндай өлшемі қай кезде де болған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «десоветизация» желеуімен өткен тари­хымызды ақ пен қараға бөліп бағалап келдік. Коммунистік идеяға қызмет ет­кен тұлғаларымыздың барлығына дерлік қара бояуды баттастыра жақпағанымыз­бен олардың еңбегін елеусіз, ескерусіз қалдыра бастадық. Бұл ресми биліктің ұстанған бағыты ғой. Ал халықтың жады оған қарағанда әлдеқайда тұрақты болып келеді.
Қызылорда облыс болып құрылғалы бері оның тізгінін қолына ұстағандардың арасында елдің есінде қалғандары санаулы ғана тұлғалар. Айталық, осы кезге дейін өнегесі жыр болып айтылатын Мұста­қым Ықсанов, Исатай Әбдікәрімов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухамановтардың қатарында Бердібек Сапарбаев та бар. Олардың өзге әріптестерінен ең басты артықшылығы – мемлекеттік қызметкердің аяқ-қол мен саяси ерік-жігерді тұмшалаған қалыбынан шығып, ел мүддесін жоғары қоятын Тұлға деңгейіне көтеріле алғандығы. Бұл құбылыс басшы үшін саяси және азаматтық ерлік болып саналады.
Бердібек Машбекұлы тура­лы толғаны­сымызды «Бердібек аға жайлы бастау сөз» деуіміздің сыры – ендігі жерде қайраткердің екінші өмірі – халық жадын­дағы өмірі басталды. Біздің міндетіміз осы тарихи жадты ғылыми негізде қалыптас­тыру болмақ. Өйткені тарихи тұлғалар ар­қылы төл тарихымызды тереңдей танитын боламыз.

Хазретәлі Тұрсұн,
тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тарих кафедрасының профессоры

09 желтоқсан 2023 ж. 851 0