№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қырық төрт жылын арнаған

Қырық төрт жылын арнаған


Қырық төрт жылын арнаған

«Спортты сүю-бір ерлік, спортшы болу-мың ерлік» дегенді естіп жүргенімізбен спортты өмірінің бір бөлшегіне балайтын жандарды көргенде еткен еңбек пен төккен тердің өтеуінен із қалды ма деген ойдың қылаң беретіні рас.
Сондай жанның бірі – Шайзидин Камалұлы Кенжебаев. Кішкене ғана ауылда өсіп, есейе келе қызмет бабымен өзге облысқа тұрақтап, мақсатты межені бағындырып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ағамен тілдесудің сәті қоңырқай күзбен тұспа тұс келді.


– Ауылда тудым, ауылда өстім. Балалық бал дәуренім, бозбала шағым ауылда өтті. Арайлы таңның атысы, батар күннің бақытын ауылда сезіндік. Сол шақтарда ауылдың күні де ұзақ болатындай еді...Көпбалалы отбасында өстім. Барлық үйдің балалары сияқты ата-анамызға қолғабыс етуді ерте үйрендік. Ер балаларға тиесілі жұмыс төрт түлік малмен тығыз байланысты екені аян. Ертемен уақ малды қойдың кезегіне қосу маған жүктелген міндет. Сондай бір кездерде менің қылаң берген арманым кәсіби футболшы болу еді.
– Сіз сонда арманыңыз орындалған жан­дардың қатарындасыз ғой...
– Солай десек те болады. Бірақ «Генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес» дейді ғой. Есейіп, клубтарда ойыншы болып жүргенде Алматының «Қайрат» командасында ойнауды қаладым. «Қазақстандық Пеле» атанып кеткен Тимур Сегізбаевтан тәрбие алып 1977-78 жылдары сол командада ойнадым. Қазақ футболының көрнекті тұлға, спорт қайраткерлері Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақовтармен бірге жаттықтық, өнеге алдым.
Десе де, өзімнің тұрғылықты жерім Қызылор­да, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қызмет жасау бұйырыпты.
– Саналы ғұмырыңызды спорт саласына арнадыңыз. Ізіңізден ерген шәкірттеріңіз көп. Десе де, отбасыңызда спортты жанына серік еткен жандар бар ма?
– Інім, ұлым Айдос мен секілді спортқа құмар болды. Командада ойнады да. Денсаулық жағдайына байланысты бүгінде басқа салада қызметте.
– Ауылдағы шақтарға қайта ойыссақ. Футбол ойынын бала кезден жақсы көрдім дедіңіз.
– Әкемнің бауыры Нұриддин, оның ұлы Түгелбай да спортқа құмар еді. Інім Пернебай, жаңақорғандық Нәметов Бекзат бауырым, Еркін, Дәулет, Нысан бәріміз қосылғанда бір команда болушы едік. Ауылдан жиылған балалар бір команда болып жарысатын едік. Көрші ауылдың жігіттері келіп те жарысқан кезіміз, көрші ауылға барып та доп тебіскен күндеріміз болды. Жеңіс ылғи біздің қанжығамызда болатын. Сол кезде Түгелбай ағам бізді тауар таситын (товарный) жүк поездарына мінгізіп келесі 25 разъезге жарысуға жіберетін. Нәтижесінде жеңімпаз бо­латынбыз. Бүгін ойланып отырсам, біздің бала арманымызды қолдаған қамқорлығы екен.
– Отыз жылға кері шегінсек, 1994-1996 жылдары Қызылорда қаласындағы «Қайсар – Харрикейн» командасында бас бапкер болғаныңыз жайлы интернет тарихынан білдім. Туған жердің төрінде қызмет ету мәртебесі бұйырған осы жылдар несімен есіңізде қалды?
– Ол жылдар туған жерге қызмет еткен жа­лын жылдар еді. Облыстық футбол федера­ция­сының шақыртуымен барған мені команда жылы қабылдады. Сондай-ақ, өзге облыс­тың командаларында жүрген қызылордалық футболшыларды сол кездегі облыс әкімі Бер­дібек Мәшбекұлы шақыртып, мықты команда жасақталды. Осы жерде айтқым келетіні, Бер­дібек Мәшбекұлы мықты спорт жанашыры болатын. Салауатты өмір салтын ұстануды, спорт­қа жасөспірімдерді баулуды мақсат етті. Ол мақсаты орындалды да. Сол жылдары көп жастар командадада ойнауға қызыққан.
Осы кездегі команданың жеңісі осы өңірде туып өскен спортшылардың туған жердің төрінде ерекше қарқынмен, шабытпен ойнаған еңбектерінің арқасы дер едім.
– Алаңда ұзақ жылдар ойнауыңыздың сыры неде?
– Алаңда ұзақ ойнаудың басты сыры – футболшылардың өздерін күтуі, футболға деген махаббаты, денсаулығына жете көңіл бөлуі, спирттік өнімдерден аулақ болуы дер едім. Сонымен қатар, көп нәрсе адамның табиғатына да байланысты. Осындай ерекшеліктердің бәрі бір арнаға тоғысқан тұста, футболшы ұзақ уақытқа дейін мансабын жалғастыра алады. Бастысы, жарақаттан аман болу керек. Кейбір футболшылар тез жарақаттанатын болса, кейбірінің жарақатының өзі ұзаққа созылады. Бұл кәсіби түрде спортпен айналысатындар үшін үлкен қиындық туғызады.
Алғаш рет 1974 жылы Шымкенттің «Метал­лург» командасында бастадым. 1994 жылға дейін яғни жиырма жыл алаңда ойнасам, 1994 жылдан 2020 жылға дейін жаттықтырушы болдым. Артқа қарайласам, өмірімнің көп бөлігі спортшылармен бірге өтіпті. Осы жерде менің спортты жаныма серік етуіме ылғи да қолдау білдірген жарым Гүлнарға алғыс айтқым келеді.
– Мен үшін қазақ әйелі қашанда сабырлылықтың символы іспетті. Осы тұрғыда апамыз жайлы, отбасыңыз жай­ында айтып берсеңіз...
– Үйдегі апаң Гүлнар Файзинқызын алғашқы еңбек жолымды бастаған Жамбыл қаласында (қазіргі Та­раз) кездестірдім. Қашанда қолдау­шым, жабырқағанда жанашырым болып келеді. Бүгінде денсаулығыма байланысты үйдемін. Ұлым Айдос, келінім Арайлым қара шаңырақта балдай немерелеріммен бірге тұрамыз. Қызым Айжан жолдасымен Алматыда тұрады. Бүгінде 4 немереміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.

Түйін. Оңтүстіктен Батысқа қарай жол тартқан жүрдек пойыз Бесарықтан өтіп, Жеті­төбеге жақындағаннан жүрегі алқымынан шығып кетердей ерекше сезімде болатын туған жер түлегі атамекен ауасын жаңа сауған саумалдай жұтып, ерекше шабыт алғаны жүзінен білініп тұрды.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

28 қараша 2023 ж. 811 0