Жаңақорғандықтардың жеңісі
«Ақ бидай» атты Қызылорда облыстық VII-ші ауыл спорты ойындары мәресіне жетті. Жеңіс тұғырына көтерілген жаңақорғандықтар бұқаралық спортты дамытудағы деңгейін дәріптей алды. Қазір барлық ауылда дерлік заманауи спорт сарайлары салынып, онда спортпен шұғылданушылар қатары жыл санап артып отыр. Бұл – Жаңақорған ауданында спортқа үлкен мән беріп, табысқа жетудің жарқын жолын ашқанын көрсетеді.
Биыл Токио олимпиадасына еркін күрестен осы аудан азаматы Дәулет Ниязымбетовтың қатысқаны баршаға белгілі. Әрине, жеңісті де, жемісті жаңалық жаңақорғанда жетерлік.
Ауыл спорты ойындарында бұрыннан дес бермейтін байкенжелік волейболшылардың мерейі тағы өсті. Ерлер мен әйелдер арасында қатар қарыштаған волейбол спорты аудан мақтанышына айналды.
Осы орайда, аудан әкімі Руслан Рүстемовтың спортты дамытуға барынша қолдау жасап, соның нәтижесі бағаланып жатқанынын айтқан ләзім. Және спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рахымжановтың ұйымдастырушылық қабілеті ерекше екенін ескеріп, оның да ерен еңбегін атап өтеміз.
Жалпы, төрт жылда бір өткізілетін 2021 жылғы ауыл спорты ойындарында Жаңақорған ауданы бірінші, Сырдария екінші, Қазалы ауданы үшінші орынды иеленді.
Қаныбек АБДУОВ