№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бейнеттің зейнеті

Бейнеттің зейнеті


Мағыналы ғұмырының қырық жылын денсаулық сақтау саласына арнап, бойындағы білімін, күш-жігерін сарқа жұмсап, еңбегінің зейнетін көріп отырған Бейсенкүл Нартаева жайлы естіген жақсы пікіріміз ол кісімен танысуға итермеледі.


Бір көргеннен жақын тартып, «Балам, не айтайын, өміріміз еңбекпен өтті» деген оның өз мамандығына деген махаббаты мен сағынышы әдемі естеліктермен өрбіді.
Бейсенкүл Бұлашбайқызы Өзбек­стандағы Жаңажол ауданындағы Әбу Әли Ибн Сина атындағы медициналық колледжінде оқып, білім алады. Жаңарық ауылының тумасы Абдулла Нұрмановпен қосылған тағдыры аудандық емханада қырық жыл қызмет етіп, осы топырақта ұл-қыз өсіріп, немере сүю бақытына бөлейді. Оның өз ісінің білікті маманы болғанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі.
Таңқаларлығы сол, өткен өмірі туралы сұрағанымызда қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында желдің өтінде жүріп міндетін атқаруда адалдықтан айнымаған ақ халатты абзал жанның бұл мамандыққа келуі бала күнгі жан қалауы екен.
– Мейірбике болу – бала күнгі арманым, – деп бастады әңгімесін.
– Осы балаң үміт пен асыл арман алға жетелеп, оқуға түстім. Қалаған, өзім таңдаған мамандық иесі атандым. Ең бастысы, жүрек қалауымен, шын пейілмен беріліп жасайтын сүйікті жұмысыма айналды. Еңбек жолым осы емханада басталды. Осында білікті дәрігерлермен және өзім секілді мейірбикелермен бірге тату-тәтті жұмыс істедік, – деп ойын түйді кейіпкеріміз.
Жұмыстың жеңілі жоқ. Кез келген істің өз қиындығы мен ауыртпашылығы, жауапкершілігі бар. Бізге де сондай. Дәрігерлердің берген нұсқаулықтарын уақтылы орындап, көше аралап, тұрғындардың жағдайын білуге, екпе қабылдауға шақырамыз. Қан қысымын, дене қызуын өлшеп отырамыз. Біздің жұмыс қиын да, қызықты. Әрбір тұрғынүйді аралағанда небір жағдайларға тап болғанбыз. Жылдың төрт мезгілінің ыстығы мен суығы, жауын-шашыны мен боранына қарамай көше аралағанда итке таланған кездеріміз де болған. Бірде қабаған ит қуып, құлағымнан тістеп, сырғамның қайда қалғанын білмей қалғанмын, – деді.
Алғашқы еңбек жолын 1976 жылы желтоқсанда бастағаны бүгінгідей есінде. Құшағындағы алты айлық нәрестесін ата-енесі қарап, аудан орталығындағы емханаға жұмысқа енді ғана тұрған жас келіншекке үлкен қолдау білдіреді. Кейін балалардың басы көбейіп, орталыққа қоныс ауданғаннан кейін үлкені кішісіне қарап таң атқаннан күн батқанша тырп етпей отырғандарын айтып қазір ғой таңданады. Сол ұлдары ержетіп Әбдікәрім мен Әбдірахман Ақтауда әскери қызметте болса, Омары мен Еркебұланы «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ қызметте. Мөлдірі Жалағаштың Еңбек ауылында әкімшілікте істейді.
Ата-анасының көз қуанышы болған немерелері үйді толтырып, мейрам сайын бас қосып, ата-әженің ыстық алақанын сезініп өсуде.
– Үйде төрт немерем бар. Бүгінгінің балдары ашық-жарқын, қығылез. Атасы екеуміздің күні бойғы ермегіміз осы наншашарлар. Бұрынғы уақыт пен қазіргіні салыстыра алмайсың. Алғаш жұмысқа келгенімде емхананың бас дәрігері Еген Әмитов деген білікті дәрігер еді. Кішіпейіл азамат болатын. Дәрігер, мейірбике, техқызметкер демей бәрімізге бірдей қараушы еді. Ол кезде бүгінгідей ағылған көлік жоқ. Жаяулатып Құрманғазы көшесінен Тотаев, Мол­далиев, Фейзулдаев, Өркендеу, Раушан көшелерін аралайтынбыз. Үйлер де бір-біріне қашық, қораланбаған еді. Сондайда иттердің оқыс әрекеттерінен бойымыздағы үрей біразға дейін арылмайтын, – деді ол.
Қашаннан өжеттілік пен шыдам­дылықты жа­ны­на серік еткен оның өз ісіне деген сүйінпеншілігі оны әрдайым қанаттандырады. Арын да, ақ желеңін де кірлетпеген жанның әдемі қартаюының белгісі де осы болса керек-ті.
Бейсенкүл Бұлашбайқызы 2015 жылы зейнетке шыққанда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Ал­ғыс хатымен», «Сыр медицинасының үз­дігі» төсбелгісімен марапатталып, еңбегі жоғары бағаланған. Бұл да болса, еңбектің ескерусіз қалмайтынының белгісі болса керек.

Айкерім МӘДИҚЫЗЫ
13 мамыр 2021 ж. 412 0