» » » Кітапхана – ақы сұрамайтын алтын ұя

Кітапхана – ақы сұрамайтын алтын ұя


Қоғамымыздың дамуы ақпараттың кең тарауымен, мәдениет мәйегін халыққа тереңдетіп түсіндірумен өркенің кеңге жая түспек. Осындай маңызды істерге шамшырағы жарқыраған аралдай, оты өшпеген қара ошақтай, қараңғы түнде алдан жарқыраған жарық сәуледей жол нұсқайтын – кітапхана. Руханияттың тарихын, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын тануда кітаптың берер көмегі ұшан - теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері болып саналады. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан №833 қаулысымен «24 қазан Кітапханашылар күні» болып бекітілді.


Бұл жаңалық әрине кітапханашыларды қуантты. Үлкен мәртебе санап отырмыз. Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» дегенде, тұңғиық терең білім мен ғылымды шамға теңеп отыр. Осынау білім деген шамның жарқырай түсуі үшін кітаптың, сол кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болуы тиіс.
Бүгінгі таңда аудан бойынша аудандық кітапханаға қарасты 36 мемлекеттік кітапхана 13376 оқырманға қызмет көрсетіп келеді. Кітап берілімі 178022, келушілер саны 51579, кітап қоры 467651-ді құрап отыр.
Биылғы жылы аудандық кітапханаға 1456 жаңа әдебиеттер келіп түсті, оның 1455-і қазақ тілінде.
Сондай-ақ, қайырымдылықтан 58 кітап кі­тап­хана қорын толықтырды.

Кітапхана жұмысын жандандыруда жаңа тех­нологиялық озық үлгілер енгізілуде. Казіргі таң­да РАБИС бағдарламасының 6 модулі («Катало­гиза­тор», «Оқырманды тіркеу», «Келушілерді тіркеу», «Ізденіс тапсырыс», «Кітап берілімі», «Жүйе администраторы») енгізіліп, осы таңда бағдарламаның 4 модулімен («Каталогизатор», «Ізденіс тапсырыс», «Оқырманды тіркеу», «Келу­шілерді тіркеу) жұмыс жүргізілуде. РАБИС бағ­дарламасы 36 кітапханаға орнатылған. «Ауылда онлайн ақпараттық орталықтар құру» жобасы аясында Бірлік және Төменарық ауылдық кітапха­налары онлайн орталықтары болып және Қожа­кент ауылдық кітапханасы мобильді-мультимедия­лық кітапхана болып жұмыс жасап келеді.

Кітапханашылардың тағы бір міндеті – әр кезде жарық көрген жақсы шығармаларды көпшілік арасында кеңінен насихаттап, олардың кейбір ерекшеліктеріне баса назар аударып отырады.
Уақыт өткен сайын кітапхананың мән – мағынасы арта түсіп, оған оқырман қауымның қайта айналып соғып отыруы да заңды құбылыс. Осы орайда кітапхананы заманауи білім беру орталықтарына айналдыру, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ауданымызда демеушілік тарапынан және жергілікті бюджет есебінен 8 коворкинг орталықтары ашылды,
Қазіргі таңда кітапхана ісі заман талабына қарай күрделеніп, әрбір қызмет аясында жаңа технологияларға негізделген белестердің орын алуы жаңа бетбұрысты қалыптастырып келеді. Интер­неттің көмегімен жұртшылыққа ақпараттық қызмет түрлері және жаңалықтар мен жоспарланған іс–шаралар тізбесін ұсынатын кітапхана Вэб сайты жұмыс жасайды. Кітапхана сайтынан «Кітапхана тарихы», «Кітапхана жаңалықтары», «Мақалалар», «Электронды каталог», «Белсенді оқырмандар», «Клубтар жұмысы» т.б. өзекті тақырыптар орын алған. Барлық аудан кітапханаларында өткізіліп жатқан іс-шаралар кітапхана Вэб сайтында жарияланып тұрады. Бүгінгі таңда сайтқа 223 іс-шара енгізілді. Кітапхана қорларын цифрландыру» жобасы бойынша қор сақталымын қамтамасыз ету мақсатында аудан кітапханаларында бүгінгі таңда 436 дана кітап сандық форматқа көшірілді.
Қазақ халқының әр кезеңдегі қилы тарихына байланысты жазылып, көпшілік ортасына жол тартып жатқан шығармалар үнемі көңіл бөліп отыруды талап етеді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізіп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы соның дәлелі. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, әрі өнегелікке тәрбиелеу болып табылады.
«Оқитын ұлт» , «Нағыз оқитын кез» жобалары аясында мәдени шаралар атқарылып келеді.
Аудан кітапханаларында 2023 жылдың 8 ай көлемінде 602 шара өткізіп, оған 17124 адам қатысты. Таратып айтар болсақ «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Бір ел – бір кітап» акциясына 72 шара, әдеби өлкетануға 75 шара, «Нағыз оқитын кез» жобасында 453 шаралар өткізілсе, Халық ақыны М.Көкеновтың 95 жылдығына, Жаңақорған ауданының 95 жылдығына, «Жаңақорған тыны­сы» газетінің 90 жылдығына, Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына, Аудандық кітапхананың 90 жылдығына, ақын Х.Баязитованың 85 жылдығына, ақын Ф.Сахиевтың 75 жасқа толуына орай, Адырбек Сопыбековтың 86 жылдықтарына және Астана қаласының 25 жылдықтарына арналып аудан кітапханаларында мәдени-іс-шаралар өткізілді.
Кітапханашылар оқырмандарды кітапханаға тарту үшін түрлі тақырыптарда жобалық жұмыстар атқарып келеді. Атап айтар болсақ, аудандық орталық кітапхананың «Өлке тұлғалары» атты жобасы аясында "Жаңақорған тынысы" газетінің 90 жылдығына орай "Газет – елдік пен ерлік жаршысы" атты ардагер қаламгерлермен кездесу кеші, аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай "Туған жер тарихын білесің бе" атты интеллектуалды ойын, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының акедемигі Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына «Алыптың аты өшпейді" атты ғылыми танымдық конференция, ақын Файзулла Сахиевтың 75 жасқа толуына орай "Қолыңыздан түспесін қаламыңыз" атты "Файзулла оқулары" атты байқауы, “Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары” атты кездесу кеші, ақын Хадиша Баязитованың 85 жылдығына орай “Сыршыл жырдың иесі” атты еске алу кеші, "TULGA BOL" жастар­ды әлеуметтендіруге бағытталған жылжымалы жәрмеңке мүмкіндіктер керуені аясында "Оқы және өзгеге ұсын!" атты кітап сыйлау акциясы, аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ақын Манап Көкеновтің 95 жылдығына "Айтыстың актаңгері" атты әдеби кеш, Қандөз ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, жазушы Нұрмахан Елтайдың 70 жасқа толуына орай «Қандөз – құт мекенім» атты кітаптың тұсаукесері және аудандық орталық кітапханасының ұй­ымдастыруымен мәдениет үйінің фойесінде "Қазақ журналистикасының қайраткері" атты кітап көрмесі, 10-тамыз – Абай күніне орай, аудандық орталық кітапхана мен балалар кітапханасында «Қазақ поэзиясындағы алып тұлға» атты поэзия кеші, «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» атты әдеби кештер ұйымдастырылды.
Аудандық кітапхананың «Жазғы кітапхана" жоба аясында іс-шаралар жоспары бектіліп аудан­дық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Prime parkte «Кітап - ғажайып қазына» атты кітап кеші, "Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып" атты сұрақ-жауаптар кеші, «Жарқын жазда менің досым – кітап» атты демалыс сағаты, Жаңақорған ауданының 95 жылдығына орай «Прайм парк» демалыс саябағында аудандық кітапхана мен аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен "Жайнай бер, жасай бер - Жаңақорған" атты инсталляциялық кітап көрмесі және "Туған жер тарихын білесің бе?" атты интеллектуалды ойындар, №1 кенттік кітапхананың ұйымдастыруымен Prime parkte «Күн сәулесі кітапта» жобасы аясында «Кітап – ғажайып қазына» атты кітап кеші, «Кім жылдам табады?» атты викториналық ойын, «Ұлттық ойындар ұлтымыздың құнды мұрасы» атты сайыстар, №2 кенттік кітапхананың ұйымдастыруымен "Саябақтағы кітапхана" жобасы аясында Рrimе park-те "Мемлекеттік рәміздер - ел беделі» атты билио шаралар өткізілді.
Кітапхана – кітап беретін орын ғана емес, мәдениет ошағы. Оқырмандардың талап-тілек­теріне, олардың өскелең интелектуалды сұраныс­тарына сәйкес сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету, жүргізілетін жұмыстардың тиімді әдістері мен түрлерін енгізу, жас кітапханашылардың шебер­лігі мен білімін көтеру мақсатында семинарлар, дөңгелек үстелдер мен түрлі байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Бесарық ауыл­дық кітапхана базасында «Ақпарат ғасырындағы модельді ауыл кітапханасы» атты семинар өткізі­ліп «Коворкинг» орталығының ашылу салтанаты өткізіліп, осы орталықта ақын Манап Көкеновтің 95 жылдығына орай «Боздаланың бұлбұлы» атты поэзия кеші өткізілсе, 27 мамыр күні Кейден ауылдық кітапхана базасында «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аяында «Ұстаз - аты биік, әрі мәңгілік» атты еске алу кеші және коворкинг орталығын ашылуы өтті. Алдағы қазан айында Бірлік ауылдық кітапханасында іс-тәжірбие алмасу мақсатында семинар мен коворкинг орталығын ашу жоспарланып отыр.
Өмірде барлық нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымыз ешқашан жоғалмай, келешек ұрпақ асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай берсін. Кітаптың және осы кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болсын.

Әсемкүл ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың директоры

26 қазан 2023 ж. 603 0