№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кітап білім шырағы

Кітап білім шырағы


Бүгінде көпшіліктің санасы ғаламторға шырмалған. Заманауи ақпарат құралынсыз тіпті, бір күнді елестету мүмкін емес. Кез келген жерден компьютер мен ұялы телефонға телмірген жасты да, жасамысты да көреміз. Есесіне, кітап оқу үрдісі кенжелеп қалды. Осындайда кітапханаларымыз жетім баланың күйін кешіп кетпесе игі еді деген ой мазалайтыны жасырын емес. Руханияттың ордасына бара қалсаңыз сөрелердегі сықиған кітаптарға қызығушылық танытатын адамды ілуде бір кездестіресің. Осыған қарап «кітапты ғаламтор алмастырған уақыттың келгені ме?» дейсің. Алайда кітаптың ғаламтордан артықшылығын іштей бағалайсың. Міне, осы бағытта ауқымды іс атқарып жатқан аудандық кітапхана ұжымы бүгінгі жас ұрпаққа өткен заманның тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарих та, əдебиет те, ғылым да кітапта екенін насихаттаумен келеді.

  Жаһанданудың оң да теріс те ықпалы бар. Әлемнің көшінен қалыспай, алға жылжуымызға дем бергенімен құндылықтарымыздан айрылуға да жол ашып отыр. Абай атамыз: «Барлық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп бекер айтпаған болса керек. Соны біле тұрсақ та, көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы төмендеді. Қазір шынымен де сананы ғаламтор жайлаған, кітапқа құлықсыз уақытта өмір сүріп жатырмыз. Осындай көпшілік ортада жүргенде біз байқаған олқылықтар жөнінде Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхана директоры Әсем Тілеубергенова төмендегідей пікірін білдірді.

– Бүгінгі оқырманды кітапты жатажастана оқыған буынның соңғы сарқыншағы ма деп қаламыз. Соған қарамастан жастардың санасын ғаламтор жаулаған уақытта кітаптың құны түсіп кетті деген пікірге келісіңкіремеймін. Бірақ бұл оқырмандарымыз жоқ дегенді де білдірмейді. Осы саланың ыстықсуығына тоңып, жұмысын жасап жүрген соң біздің міндет тұрақты оқырман қатарын көбейтіп, түсіне білген адамға кітап сырлас дос, ақылшы екенін ұғындыруға тырысамыз. Осы тұрғыда атқарылған іс көп. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, аудандық кітапханаға қарасты 36 кітапхананың 1-еуі мәдениет үйінде, 1 кітапхана аудандық қаржы бөлімінің ғимаратында, 2 кітапхана жеке үйде, 21-кітапхана клуб үйлерінде, 3 кітапхана ауыл мектептерінде болса, қалған 3 кітапхана ауыл әкімдігінің ғимараттарында орналасқан. Барлығы 66 қызметкер оқырмандарға тұрақты қызметін көрсетіп келеді. Сонымен қатар осы жылдың 9 айында оқырман саны 12625 болса, оның 8599-ы ауылдық жердегі кітапханалардың оқырман саны. Жан дүниесін рухани байыту үшін кітап алғандар қатары 191729, ал келушілер саны 48691. Жалпы кітап қоры 470427 десек, мемлекеттік тілдегі кітап қоры 311638-ді құрайды. 15 жасқа дейінгі 353 жас өспірім кітапхананың үздіксіз оқырманы болып тіркелген. Демек руханияттың қара шаңырағына келушілер саны жылдағыдан жоғары,- деді ол.

Байқасақ, бүгінгі таңда өркениетті елдер кітап оқуға ден қоя бастады. Оған себеп, көпшіліктің ұялы телефонға тәуелді болуы. Бала тұрмақ үлкендердің өзі одан бас алмайды. Соған орай әлем кітапқа бет бұрып, кітапқұмарлар ұйымы құрылуда. Баланы кітап оқуға баулу мәселесіне келсек, меніңше, жеткіншектің табиғатына сай, сұранысын өтейтін кітап қолына тиюі керек. Содан баланың кітапқа құмарлығы оянады. Кітап оқығанда адам соның кейіпкеріне айналып, оның ішіне еніп кетуі керек. Сонда ғана көркем шығарманың адамға ерекше әсері болады. Ол армандауға үйретеді, қиялыңды дамытады, адамның ойлау қабілетін арттырады. Осы тұста аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Мира Жиенбаева: «Баланы кітап оқуға баулу отбасынан бастау алғаны дұрыс. Ол міндетті мұғалімге, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына итере салуға болмайды. Үйдегі ата-ана кітап оқыса, балалар да соған қарап ішінде не қызық бар екен деп үңіледі. Кітап оқу қажеттілігін санасына сіңіреді. Жасыратыны жоқ, кітапты сүйіп оқитын оқушылар бар, амалсыздан бетін парақтайтындары да кездеседі. Бұл қоғамның үлкен проблемасы. Бала кітап оқығаннан гөрі ғаламтордан қарай салғанды жөн көреді. Кітаптан оқып, ізденіп, оның кейіпкерлеріне мінездеме бергеннен ғаламторда талданып дайын тұрған дүниені көшіре салған оңай, әрине. Ол, түптеп келгенде, баланың сөздік қорын тежейді, ой жүйесін тұсайды» дейді ол.

– Кітап оқу қағидатын жақсы қалыптастырған ұжым ретінде өз істәжірибелеріңізбен бөліссеңіздер. Баланы ғаламтордан алшақтатып, кітаппен сырлас етуде қандай алғышарттар ұстанасыздар? деп сауал тастадық кітапхана қызметкерлеріне. – Бұрынырақта балаларды кітап оқуға баулуда кітапханашылардың рөлі зор болатын. Кітапханадан кітап алса, оны өткізерде міндетті түрде мазмұнын сұрайтынбыз. Сондағысы алған кітабының жауапкершілігін сезініп, тереңнен мән беріп оқыса деген ниет қой. Міне осы үрдісті одан әрі жаңғыртып, түрлі іс-шара ұйымдастырудамыз, – деді жауабында сала мамандары.

Иә, расында да «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, атаанадан дұрыс тәлім-тәрбие алған бала ертең сол өнегесін қайталайды. Әкесінің газет-журнал оқығанын күнде көріп, көкейіне түйіп өскен жеткіншек оны өз бойына сіңіреді. Ата-ана баланы кітап оқуға баулып, күн сайын көркем әдебиет оқуын қадағалап отырса, жасөспірімнің кітап оқуға деген дағдысы қалыптасар еді.

Түйін: Осы апта кітапханашылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Үкімет басшысы Әлихан Смайлов 24 қазан күнін «Кітапханашылар күні» деп жариялап, кәсіби мереке күні ретінде бекітті. Осылайша білімнің кілтін іздеген оқырман мен кітап арасындағы алтын көпірдің негізін қалаушы кітапханашылар үшін қазақ күнтізбесінде тағы бір мереке пайда болды.

Лаура БИБАСАРОВА
24 ақпан 2023 ж. 1 051 0