№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кітапхана - руханият ордасы

Кітапхана - руханият ордасы


Шығыстың ойшылы Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген екен. Демек, кітапханашы – алтын қазынаның иесі. Бұлай болатыны, кітапхана - мәдениеттің маңызды саласының бірі. Ол – парасаттың мәңгілік мекені, білімнің қайнар көзі, даналықтың сарайы. Оңтайлы оймен орамдасақ, кітапхана - оқырман ордасы.

О бастан белгілі, кітапхана мәдениетті, рухани тұлғаны тәрбиелеудің тетігіне айналған. Кітап шексіз құдіреттің шыңырау шынары болса, кітапхана - рухани мұқтаждықты қанағаттандыратын және қанаттандыратын қасиетке тән құнды ғимарат.

Міне, осынша құндылықтар жиынтығын құрайтын кітапхана мен кітапханашының мерейі қашанда үстем болғаны жөн. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазандағы №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» болып белгіленуін бағалаудың биік бағаны санаймын.
Қазақ даласында ықылым заманнан білімге құштарлықты, даналыққа дендеуді, ойшылдыққа ойысуды оятқан – кітапхана. Мысалы, Отырар кітапханасы. Оны әлем мойындаған. Аталған мәдениет мұрасы халықтың отырықшылық кезеңін көрсетумен қатар білім, ғылымның даму жолына түскенін білдіреді. Сол секілді Сығанақ қала мәртебесіне ие болғалы онда да мәдениеттің, жалпы өркениеттің өзегі жатыр. Яғни, бай кітапхана болған. Олай дейтінім, Сығанақтан ғалым Хусамаддин ас-Сығанақи шыққан. Оның еңбектері Дамаск, Каир кітапханаларында сақталған. Бұдан шығатын түйін – кітапхана саласы замана қандай қияметті бастан кешірген уақытта да жұмысын тоқтатпай, елге қызмет етті.

Ғалымдардың есептеуінше, ең алғашқы кітапхана осыдан сегіз мың жыл бұрын пайда болған көрінеді. Ең көне кітапханалар көшін бастап тұрған кітапхана біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда іргетасы қаланған. Ассирия билеушісі Ашурбанипалдың идеясымен жүзеге асырылған бұл кітапхана қазіргі Ирактың Ниневе қаласында орналасқан. Онда 30 000- ға жуық материал сақталған. Кітапхана туралы еліміз бойынша түрлі дерек бар. Мысалы 1910 жылғы 31 желтоқсанда Верный қалалық думасының шешімімен кітапхана-оқу залының ашылуы кітапхананың негізі қаланған күні болып есептеледі. Ал,1931 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (ҚАКСР) Орталық Атқару комитеті Президиумының 1931 жылғы 12 наурыздағы «ҚАКСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасын ашу» туралы қаулысына сәйкес кітапхана Қазақ ССР-нің Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып қайта құрылды. Кітапхананың алғашқы директоры – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов болды. Қазақстандағы ең алғашқы кітапханалардың бірі Семейдің Абай атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы деп көрсетілген. Кітапхана 1883 жылы құрылған. Оның ең бірінші оқырманы Абай Құнанбаев екен.
Негізі қазіргі Қазақстанда 4 мыңнан аса кітапхана болса, біздің облыста 209 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Ондағы қор 4,5 млн-нан астам басылымды құрайды және 255 мыңнан астам оқырман тіркелген.

Бүгінгі заманауи үлгі қалыптасқан кітапханаларда кітапханалық қызметпен қатар электронды қызмет түрлері көрсетіледі. Оның ішінде электрондық каталогтар, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электронды жеткізу, әдебиеттердің мерзімін онлайн ұзарту қызметі бар. Бұл жерде 74 кітапханада коворкинг орталық ашылғанын ерекше жеткізген жөн.

Кітапхана процестерін автоматтандыру, цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған «Web-РАБИС» және РАБИС бағдарламарымен жұмыс істеу жолға қойылған. Сондай-ақ кітапханаларда сирек кітаптар қорын және өлкетану басылымдарын цифрландыру жүзеге асырылып, қазіргі таңда 14382 дана кітап цифрлық форматқа көшірілді. Жаңақорған аудандық кітапханасына ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ақын Адырбек Сопыбековтың есімі берілді.
Әрбір кітапханашы кемел елдің көкжиегінен көрінсін!

Руслан РҮСТЕМОВ, Қызылорда облысының
мәдениет және спорт басқармасының басшысы.
23 ақпан 2023 ж. 953 0