№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бір әулеттің шырақшысы

Бір әулеттің шырақшысы


Жаратушы Иеміз асты кенішке толы, ал үсті құнарлы топырақ, тастаған дәнің жайқалып шыға келер жазық даланы аямай тарту еткен Жаңақорған өңірі талай тыңның ерлерін тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі - еңбек ардагері, талай жылдар бас агроном болып шаруашылықты басқарған Садырбаев Медетбек Әбдіхалықұлының 90 жылдығына орай Жаманбай батыр ауылында ұйымдастырылған «Тағылымы мол сәулелі ғұмыр» деп аталататын екі күндік мәдени шара оның көрермені бола білген көптің көңілінде мол мазмұндық ерекшелігімен есте қалды.


Шараның алғашқы күні Жаманбай батыр ауылындағы №54 Ж.Қыдыров атындағы орта мектебінде жасөспірімдер арасындағы аудандық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Сөйтіп спорт түрлері – қазақша күрес, баскетбол, қол күрес, кіші футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Ауылдың орталық алаңында келесі күні өткен «Ауылшаруашылығының озық қызметкері» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері Садырбаев Медетбек Әбдіхалықұлының 90 жылдығына арналған «Сәуле-ғұмыр» атты тағылымы мол шараны ашқан аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың лебізі төмендегіше өрілді:
– Құрметті жерлестер, қадірлі қонақтар! Тарихты тұлғалар жасайды. Міне, сондықтан тусыраған мидай жазық жерімізді жайқалған егім даласына айналдыруда жанкешті еңбегімен ел есінде қалуға тиіс аға ұрпақтың өнегелі өмірін насихаттап, кейінгіге үлгі ете білуде адал перзенттердің де парасатты қадамы құптарлық – ақ. Соның бірі бүгін өтіп жатқан мерейтой иесі - Садырбаев Медетбек ағамыз 1933 жылы Жаңақорған ауданы, Ақүйік елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Жас күнінде тапшылық пен жоқшылықтың не екенін біліп өсті. Ер жеткен соң Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтынына оқуға түсіп, оны 1958 жылы агроном мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Екпінді ауылында бас агроном болып бастап, 1961-1964 жылдары Жаңақорған ауданының тұқым тазалау зертханасының директоры болды. 1964-1995 жылдары Бірлік, Қожакент, Сунақата, Талап совхоздарының бас агрономы қызметін абыроймен атқарды. Өзі туған ауылының ғана емес, Сыр күрішінің атын әйгілеп, мерей-мәртебесін республикаға танымал етуге Медетбек Әбдіхалықұлының еңбегі өлшеусіз екендігі белгілі.
Қадірлі ағайын, Сыр жұртшылығы үшін еңбегімен ел есінде қалған Садырбаев Медетбек Әбдіхалықұлының есімі ешқашан ұмытылмайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жолын ұрпақтар сабақтастығы жалғастырып келе жатыр. Бүгінгі таңда осы Медетбек ағамыздың ұрпақтары, әкелері 90 жылға толу қарсаңында елде үлкен іс-шара ұйымдастырып, ағайын жан-жақтан келіп, бүгінгі іс-шараның куәгері болып жатырмыз. Міне, осындай игілікті шараларымызбен туған жердің абыройын биікке көтеріп, халықтың қадіріне бөленген жомарт жүректі жандарды ұлықтай білсек келер ұрпақ та шынайы еңбектің қадірін түсініп, соның тұғырын бекемдеуге ұмтылатын болдаы деп үміттенеміз, - деп осы іс-шараның басы-қасында жүрген аға ұрпақтарына өз атынан алғысын айтты. Елдік шараға сәттілік тіледі.
Кімнің әкесі тоқсанға келмейді. Өмірден өткеніне бірнеше жылдар өткен аға жайлы толық білмейтіндер осылай асылық сөз айтуы да мүмкін. Бірақ әр тұлғаның тағдырына тереңдеп қараған жан өз ойының бұрыстығына көзі жетіп, өз-өзінен ұялыс тапса керек. Шара барысында тұлға өмірін суреттеген Дінмұхамед Әбжаппаровтың «Сәуле-ғұмыр» атты қойылымы осы ақиқатты көрерменге ұсынып, жас-кәріні үлкен ой тереңіне шым батырып қойды.
Ия, соғыс басталғанда бар-жоғы жеті жасар Медетбектің ең жек көретіні – пошташы шал. Майданға кеткеннен хат үзілген әкесі Әбдіхалық, оның ағасы Әбсадық соңына анасын, сүйген жарларын қалдырып майданға аттанды. Ал екеуінің де інілері, үйдің кенжесі Кежебек тым жас кетті, үшеуінен бірдей хат үзіліп тұр. Қайғы-қасірет күні туса кісіні аямайды екен. Үшеуі де оралмады. Бір әулеттен майданға аттанған үш бірдей боздақтың соңында жалғыз тұяқ болып Медетбек қана қалды. Медетбектен кейін туылған Әлима бар. Ендігі кезекте ене мен екі келін, барлығын қосқанда үш бірдей ана бар тілеуін осы екі жетімектің үстіне жаудырды.
Жер бетінде ана тілеуінің арнасы кең. Медетбек еті тірі, алғыр болып ер жетті. Бір ауыз орысша білмесе де мұғалімнің үйіне барып, оның кәрі шешесінің жүрегін жібітіп, оқуға түсуге мүмкіндік тапты. Жақсы оқыды.
Бір әулеттің аманатын арқалаған азамат жақсы жар тапты. Құдайдың берген перзенттерін шектемей, он қыз, бір ұл сүйді. Ал осынау үміт күткен ұрпақтары ата-ана аманатын ақтады ма? Оны тереңірек зерделеу үшін сол кез куәгерлерінің естелігіне ынтамен құлақ түрдік. Жаңақорған ауданы ардагерлер кеңесі төрағасы, ауыл шаруашылығы үздігі Өмірсерік Тақырбасов сөз сөйледі, сөйлегенде бүй деді:

– Бұл әулетпен ертеден таныс-білістігім бар, қызмет барысында талай дастарханынан дәм татқан адам ретінде балалардың кейінгі қадамына да сырттай қарап отырамын. Өздерінен кейін таған еркек бала – Нуридиннің туған күнін жыл сайын қарашаңырақта атап өту айнымас дәстүр болыпты. Қазаққа киелі қарашаңырақтың қасиетін ұлықтауда бұл үлкен тәрбие.
– Мен бұл кісімен көп жылдар әріптес бодым. Ол Қожакент ауылында бас агроном болған жылдары шаруашылықты ең үлгілі дәрежеге жеткізді. Өйткені кәсіби маман күрішті егуде барлық агротехникалық талаптарды сақтап, қарамағындағыларды қия бастырмайтын. Деңгейлі температура болмаған жерде егіс егуге рұқсат бермейтін, жұмысымыздан қалдыратын бас маманды кінәлайтын кезіміз де көп болды. Бірақ нәтижеде сол кісінің мерейі үстем шығып, жоғары көрсеткішке қол жетіп жүрді. Медетбектің шәкірттері – Бекмырза Шалғынбаев, Сман Жұмаділлаев, ішінде өзім де бармын, Алмас Нәлібаевтар кейін бір-бір совхоздың директоры болып кеттік. Ал ол кісі сол қарапайым қалпынан танбай, қара терін төгіп еңбек етуді білді. Бірақ қасиетті өмір жолы егесінің тұғырын шырқау биікке қондырады екен. Оған бүгінгі күн өткізіліп жатқан тағылымды шара куә. Жақсы перзент әке атын осылай жаңғыртады. Өсіп-өркендей беріңдер, - деп аға ұрпағына ақ батасын берді. Одан соң сөз алған ауыл шаруашылығы саласы ардагері Алмас Омарұлының да лебізі осы бағытта өрбіді.
– Қадірлі ағайындар, қадірлі талаптық туысқандар! Барлығымыз болып бүгінгі ұлықтап отырған азаматымыздың өмір жолы өте ауыр болғанын сезініп отырмыз. Ол кездері қазақтың қара баласына жоғарғы оқу орнына түсу деген жоқ, бірен-саран мұғалімдік, кейінірек зоотехник, ветврач, веттехник сынды мал маманын дайындауға ден қойылды. Ауыл баласының ішінде алғашқысы болып агроном мамандығын меңгерген осы Медетбек ағамыз. Оның соңғы тұрақтаған жері осы Талаптың қойнауы болыпты. Мына жағы Егізқара, мына жағы Төменарықтың тұсына дейінгі Қаратаудың жыңғыл-жықпытын түгел білемін. Тау баурайынан бастау алатын өзендер, бұлақтарға егін салған бірден-бір ауыл осы Бесарық ауылы. Бесарықта суды беске бөліп, «Бесарық» атаған. Қырыққа жуық керзі қазып, егін салған ауылда осы Бесарық. Қазір де жасыл бау-бақшасымен аты озып түр. Тауға өрлеп жоғары шықсаңыздар, «Айсын» бауы, тағысын-тағы баулар көп. Сол бауларды жасаған кім? Осы отырған ауылдағы адамдар. Мен сіздерге айтар едім, шын мәнісінде қара жерге жалынумен келген Бесарықтың халқы кешегі ашаршылық кезде талай адамды аман алып қалды. Тарысы бар, бидайы бар, шығыр ұстаған, керзіні пайдаланған, жазымен бейнет кешіп, күзде егінін жинап алғаннан кейін біріне-бірі қонаққа барып бейнетінің рахатын көрген осы ауылдың адамдары. Басқа ауылдың бәрі көшіп-қонып жүргенде бұл ауыл отырықшылыққа тез бейімделді. Ауылдың кіреберісінен ата-бабамыздың еккен бауы самсап тұр, - дей келе ары қарай өзіне ұстаз болған Медетбек аға туралы естеліктерін айтып бөлісті.
Салтанатты жиын ән мен жырға ұласып, сахнада Әлшекей атындағы ұлт аспаптар оркенстрі дерижеры Сырым Айсыновтың жетекшілігімен Дәулеткерейдің күйі «Көрұғлыны», Құманғазының «Балбырауынын», Бәден Айсыновтың «Егемен Қазақстан» күйін әуелетті. Туған жердің талантты перзенті, әнші Олжас Ормахановтың қоңыр даусы кең алапты кезіп, көрермен жүрегіне нұрлы шуағын құйды. Осы ауылдан шыққан композитор Бауыржан Өскенбек өзінің әні «Ескі пеш» әнін орындап берді. Одан әрі Қазақстанның бас ақындары айтыс көрігін қыздырды. Айтыс қорытындысында Бекарыс Шойбеков бірінші орынды, Карима Оралова екінші орынды, Бөрібай Оразымбет үшінші орынды иеленді. Еңбек адамы құрметіне ұйымдастырылған мүшәйрада ауыл мектебінің оқушысы Дидар Ибадуллаева бас жүлдені иеленді. Бәрінен бұрын осы жанұяның он қызы мен бір ұлы атынан әке рухына арнау арнаған өлең шумақтары отырғандардың көңілін еріксіз елжіретті.
Ұл-қызың ұмытқан жоқ, өзіңді әке,
Қамқоршы оттай ыстық сөзіңді әке.
Өзіңнен алыстаған сайын әр жыл,
Сағыныш манаураған сезілді әке.

Асқар тау әкем едің бәсің биік,
Аямас қонағынан асын үйіп.
Бағыштап рухыңа дұғамызды,
Асыңа тұрмыз бүгін елді жиып.

Туған ел қайнары ғой өзегіңнің,
Тағдырың не тосса да төзе білдің.
Алапат аштық жылы арна тартып,
Күн көрді ел Бесарықтың өзенінен.

Ей, тәңір отбасыңда қаңыратпа,
Айырып ұлды әкеден жамыратпа.
Десе де әкең артқа қайырылмай,
Өзіңе кетті тастап шаңырақты.

Жетер деп бір шаттыққа төбем неше,
Сарғайып жаздың хатқа өлең келсе.
Кенжебек көкем келіп қалар ма деп,
Жан әке іздеп өттің өле-өлгенше.

Ысқылап саусағыңның салаларын,
Деп өтті бар байлығым – балаларым.
Он қызын мәпеледі үкідей қып.
Өсірді қайратты қып қара нарын.

Баян ҮСЕЙІНОВА
10 қазан 2023 ж. 747 0