Қайрат Қайсардан басым түсті
Ақүйік ауылдық округінде Жаңақорған ауданының 90 жылдығына және Халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жылдығына орай мекеме қызметкерлері арасында шағын футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Жарысқа аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдері мен кент және ауылдық округтердің құрама командалары қатыстырылды. Теңбіл допты серік еткен аяқ допшылар арасындағы жарыста «Қайрат» (экономика, қаржы, мемлекеттік сатып алу, мәдениет, ветеринария бөлімдері) командасы бірінші орын алса, «Қайсар» (ауыл шаруашылық, құрылыс, кәсіпкерлік, тұрғын үй, жер, жұмыспен қамту бөлімдері) екінші орынды қанағат тұтты. Ал, Бірлік, Төменарық, Жайылма, Қаратөбе ауылдық округ әкімдігімен біріккен Қаратау командасы үштікті түйіндеді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ақүйік ауылдық округі әкімдігінің кубогымен және грамотасымен марапатталып, демеушілердің тағайындаған бағалы сыйлықтары табысталды.