№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ананы құрметтегенге нұр жауады

Ананы құрметтегенге нұр жауады


Қожакент ауылында дүниеге келген, бі­рақ он жасқа толар-толмас анасынан ай­рылып, Өзбекстан жақта тұратын әкесінің бауырларының қолында бойжеткен Қаным­күл Смайылқызы жастайынан дәрігер болуды арманда­ған екен. Тұрмысқа шығып, балалы болса да медтехникумға оқуға түсіп, қа­лаған мамандығын алып шығады. Аққорған ауданында жүз орындық ауруханада еңбек жолын бастаған екен. Осы жылдары елден Берден Төлегенұлы бастаған кісілер келіп, баяғыда сүргіншілікте жер ауып кеткен бауырларды Қазақстанға көшіруге үгіттейді. Сонда ағайындары осы жас отбасына рұқсат беріп, сол кездегі атауы Октябрь, кейін ХХІІІ партсьезге келіп қоныс тігеді. Дәрігерге зәру болып отырған ауыл үшін жас маманның келгені үлкен қуаныш еді. Қанымкүл Смайылқызы ширек ғасыр осы елге қызмет етіп, зейнетке шыққан соң арғы жақта қалған ағайынның көңілін қимай қайта қоныс аударуларына тура келген екен.


Қожакентте жетпісінші, сексенінші, тоқса­ныншы жылдардың басында өмірге келген ұрпақтың кіндік анасы атанған абзал жан­ды қадірлеп, көзі тірісінде елге шақырып, құрмет көрсетуді ұйғарған ауыл азаматтары өткен сенбіні осы атаулы күнге арнады. Бұл қожакенттіктер үшін нұр жауған күн болды. Ауылдың тайлы-таяғы қалмай клуб үйіне жиналып, бүгінде сексен бес жасқа толып отырған Қанымкүл апаны елге шақырып, сөрге оздырып, шуақты кездесу кешін өткізді. Салтанатты кешті кезінде осы құтты мекенді басқарған, ғалым-агроном, қазірде ел ағасы Асыл Айтжанов жүргізді. Ол өзі инициаторы болып, ауыл халқы бірлесіп, оның ішінде ерекше демеушілік жасаған кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсеновтың ұйымдастыруымен өткен шара өте жоғары деңгейде өтті. Кеш шымылдығын түрген талант иесі Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Доқтыр апа» деп аталатын қойылымында кешегі күн ауыртпалығын еңсере жүріп, ел денсаулығы күзетінде ерен еңбек еткен ана бейнесі жарқырай көрінді. Ана бейнесін ғана емес, өздері бастан кешкен өткен күндердің елесін көз алдарында тірілткен көрініске жанары суланып, көңілі елжіреген көпшілік көл-көсір әсерге бөленді. Театр – таным мен тәрбиенің төресі деуіміз содан. Қойылым авторы және режиссеры Дінмұхамед Әбжаппаровтың ең­бегіне ауыл тұрғындары дән риза болды.
Ел алдында сөз алған Қанымкүл Исмаил­қызы: Қарақтарым, менің үш ұйықтасам түсіме кірмеген үлкен шарада жиналып отырмыз. Елден кеткеніммен жүрегім өздеріңмен бірге, қатар қызмет қылған замандас, араласқан туыс-туған, көрші-қолаңнан көзі кетіп қалғандары қаншама. Қазірде қолымнан бар келері, осы тіршілкте ет жақыныма айналған марқұмдарға дұға қылып, құраныммен жоқтап отырамын. Елге осы келісімде де біраз кісінің атын атып, дайындап келген Қатым құраным бар, – деп қариялық үлгі-өнегесін танытты қажы апамыз. Қанымкүл апа 2015 жылы мұсылмандықта қасиетті парыз саналған қажылықты өтеп келген екен. Ол сөзінің жалғасында баяғыда өзімен қатар жүріп қызмет атқарған құрбылары туралы да жан-жақты айтып берді.
– Менің жанымнан бір елі қалмай жұмыс істеген медбике Тәжігүлдің орны мен үшін бір бөлек, – деді ол. Әлі есімде, жетпісінші жыл­дың жаңа жыл кешінде бір түнде 4 әйел бірдей босанып, әбден есіміз шыққан. Бізге мереке тойламақ түгілі жай күндері де жайбарақат отыруға мүмкіндік болмайтын. Медқызметкерлеріміз де әбден соған төселген. Баян, одан соң Саламат, Жәмші апа жаныма жұмысқа келді. 79-жылға дейін родпалата өзімізде болды. Сонда күндіз-түні ауруханада болып, жас аналардың жағдайын жасауда уақытпен анаспай, сен-мен деспей ортақ абыройды ойладық. Соның нәтижесінде аймақта 41 медпункт ішінде бірінші орынға шықтық. Міне, осы жұмыстарда бірлесіп тер төккен Ұлбосын, Сағындық сынды замандастарды есімнен бір шығармай, ылғи құрынымды бағыштап отырамын, – деді ол.
Фельдшерлік-акушерлікті қоса атқарған апайымыз өзі еебек еткен жылдары 1500-1700 сәбидің кіндігін кескен екен. Міне, осынша отбасына бақыт сыйлап, «бір аяғы көрде, бір аяғы төрде» саналатын жүкті аналармен сәт сайын тағдыр біріктіріп, бірге толғатып, шекесі торсықтай сәбиді бірге дүниеге алып келетін ана мына отырған ауыл халқы үшін сондықтан да ыстық, әрбір жанұяның бір жақын адамы іспеттес. Бүгінгі күні кезекпе-кезек сахнаға шығып, ақ тілектерін жаудырған үлкен-кішінің алғысы да сондықтан ортақ арна тауып жатқандай.
Шараға арнайы келген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов өзінің ең алғаш еңбек жолын осы ауылдан бастап, қайнаған шаруашылықта тоғыз жыл тәжірибе жинақтағанынтілге тиек етті.
Осы шараны ұйымдастырған елдің ауызбіршілігіне рахметін айтты. Қазірде ауданда 7800-ге таяу зейнеткер бар болса соның ішінде айрық­ша ауданның дамуына еңбегі сіңген азамат­тарға тағайындалатын Жаңақорған аудандық «Құрметті ардагер» деген медальды Қанымкүл Исмайылқызына табыс етті. Кент ардагерлер кеңесі төрағасы Серқожа Ыдырысов та сөз алып, жылы лебізін жеткізді. Одан әрі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов сөз алып, аудан әкімі атынан Құрмет грамотасын ұсынып, сый-сияпатын ұсынды.
Осы кеште аудандық аурухана ұжымы, “Жаңақорған тынысы” газеті редакциясы, аудандық әйелдер ұйымы да қалыс қалмай, анаға құрмет көрсетті.
Ананы ұлықтау кешіне арнайылап келген әнші, жыршы, композитор, «Шабыт» фестива­лінің жеңімпазы Бауыржан Бекахметов кешке жырдан шашу шышып, мерекенің шырайын кіргізді. Кеш соңы ана құрметіне жайылған дастарханға ұласты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
03 қазан 2023 ж. 838 0