№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ауыл дәрігері


Көп жылдар Қожакент кеңшарында фельдшер болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан Қанымкүл Смайылқызының ерен еңбегі ел есінен кете қойған жоқ. Маман да, медициналық құрал-жабдықтар да тапшы сол бір кезеңдерде ауыр жүкті иығына арқалап, жүрегінің шуағын ауыл халқына арнаған ғазиз жанның еңбегі туралы жазуды міндет тұтып, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып жатқан, жасы сексенге толған ардагер апамызбен сұхбаттасуға шықтық.


Қанымкүл Смайылқызы Жаңақорған ауданы «Жаңа жол» ауылында дүние­ге келіпті. Әкесі Смайыл ұжымдық шаруашылықта бас шопан атанып, Мәскеуге екі рет барып наградалар алып қайтқан екен. Жары Зылиха өзіне жәрдемші шопан болыпты.
– 1946 жылы анам дүниеден өткеннен кейін, әкеміз үйден ұзай алмай, киіз үй тігумен айналысты. Мен төрт жасар інім екеуміз әкеміздің жанында құлдыраңдап жүретініміз есімде. Көп өтпей інім Бектас әкемнің тәрбиесінде қалды да, мені Өзбекстанда тұратын Абдулла деген немере інісінің қолына берді, – дейді апа бізбен әңгімесінде.
Жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Тағдырдың тартуымен әкеміз Момынкүл апамызбен отау құрды. Екеуінен Жантас, Битас, Сейілбек бауырларымыз дүниеге келді. Бұл бауырларымды бөліп-жарған емеспін. Мен үшін әрбірінің орны бөлек.
1957 жылы тұрмысқа шықтым. Тұң­ғышым 1958 жылы дүниеге келді. Ұлым төрт жасқа келгенде медтехни­кумге оқуға түсіп, оны 1964 жылы бі­тіріп шықтым. Оқуды бітірген соң Өзбекстанның Аққорған ауданында жүз орындық ауруханада медбике болып жұмысқа орналастым. Осы ауруханадағы өте білімді, білікті дәрігерлерден біраз тәжірибе алмасып білімімді шыңдадым.
1968 жылы қаңтар айында өзіміздің туған елден Әлжан Төлегенов, Зәкір Бейбітов, Дәумен Шоманов, Әбдікерім Төлегенов ағаларымыз осында қоныс аударған ағайынды іздеп келіп, өз алдына совхоз болып бөлініп шығып жатқанын айтып, түбі бір бауырларын елге шақырып келгендерін айтты.
Содан біздің Қазыбек аға (күйеуімнің ағасы), – үлкен кісілерді шақырып алып:
«Ал ағайындар, елден мына үлкен кісілер келіп отыр не деп жауап бересіздер?! Уақытында ашаршылық­тан, құрғақшылықтан қу сүлдері қалған халық амалдың жоқтығынан қарақан басына пана іздеп, жан-жаққа тарыдай шашырап кетті. Басымызға іс түскен уақытта осы Өзбекстанды паналадық. Халқымыз есін жинады, өздері бөлініп шығып, совхоз болып жатыр екен. Мен ең алдымен үлкен інімді жіберемін, сосын артынан өзім барамын» деп қысқа қайырды.
Сонымен, сәуір айында менің күйеуімді жұмыстан босатып елге жібереді. 1968 жылы 3 мамыр күні біз елге көшіп келдік. Мен ауылдағы медпунктке медбике болып орналастым. Ағайындар да лек-легімен көшіп келіп жатты. Жаңа өмір бастау кімге болсын оңайға соқпайтыны анық. Басқа ортаға үйренісе алмай қайта кері көшіп кетіп жатқандар да болды.
Менің күйеуім де жаңа ортаға көпке дейін үйрене алмай жүрді. Жүргізуші болып жұмыс жасайтын еді. Ол кезде жол жоқ. Көлігі топыраққа батып, жүрмей қалатын кездері болатын. Осылай қызу өмір басталып кетті. Өмір болған соң пенденің басынан не өтпейді десеңші.
Бұл кезде үшінші сыныпты Өзбекстанда орыс сыныбында оқып келген ұлым қазақ мектебінде көп қиналды. Күйеуім мен ұлымның көпке дейін бұл жерге үйренісе алмағанына менің жаным ауыр күйзелді. Осы екеуі үйреніп кетсе екен деп, бір Алладан тілеумен болдым. Туған елімді, кіндік қаным тамған жерімді, туған -туысқандарымды, халқымның ыстық лебізін қимай ешқайда кете алмадым. Үлкендері «қызым» деп, кішілері «әпке» деп сыйлады. Ауыл басшылары да жұмысымның алға басуына көп көмектерін тигізді, - дейді ол. Бұл кезеңдегі ақ халатты абзал жанның ауыр тауқыметті еңбегіне куә болған ауыл тұрғындарының апа жайлы айтар естеліктері көп.
“Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамай, босанатын әйелдерді, науқастарды аудан орта­лығына жеткізетін. Аяғы ауыр әйелдерді уақытында есепке алып, босанған­ша бақылап тұруы бар. Жас-кәрінің денсаулығын бақылап, үйме-үй аралап қызмет жасады» дейді олар.
Ауылдағы ағайындар бұл кісіні «Доқтыр апа» дейтін. Олай деуінің себебі бар. Күннің қай мезгілі болсын, «пәленше ауырып жатыр» десе тез жетіп, қолдан келген көмекті аяған емес. Сол еңбектің зейнеті шығар, әлі күнге дейін көрген жерде жамырасып, «Доқтыр апа», деп ерекше құрметке бөлеп тұрады. «Батаменен ел көгерер , Жаңбырменен жер көгерер» – деген, бұл дүниеге келген соң, ең бастысы адами құндылықты сақтау маңызды. Сондай ұстаныммен жүріп, кісілігіне дақ түсірмеген абзал жан әрбір мереке сайын марапатталып келгенін айтады.
Тарқатып айтар болсақ, 1973 жылы 12 наурызда «Отличник санитарной обороны», 1984 жылы 28 наурызда «Еңбек ардагері», 1988 жылы «Ударник коммунистического труда» төсбелгісі, 1989 жылы облыс бойынша ауылдық ауруханалар ішінде бірінші орын алып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне тағыпты.
Қанымкүл Смайылқызы 1989 жылдың күзінде еңбек демалысына шығыпты.
1993 жылы жолдасы ұзақ науқастан көз жұмған соң, соңында қалған тұяғын Өзбекстанда орнығып қалған ағайындары ортасына шақырып, әкең болса өмірден өтті, енді өзіміздің ортамызға қайт деп, елдеріне көшіріп әкетіпті. Сөйтіп, Қанымкүл апа қолындағы ұлымен бірге бүгінде Сарыағаш ауданының «Ақжар» село­сын келіп қоныстаныпты. Ұлы Сұлтан­бек Қазақтелекомда инженер, одан кейін аудитор маманы болып жұмыс істеп жүріп, 2021 еңбек демалысына абыроймен шықты. Келіні Нұргүл де өз ісінің маманы. Шаңырағының шаттығын келтіріп, жылулығын сақтап отырған ұлы мен келініне қария үйіп-төгіп алғысын беріп отыр.
Үлкен немересі Эльмира «Құрылыс архитектура» академиясын бітіріпті, қазір жанұялы екен. Төрт перзент тәрбиелеп отыр. Екінші немересі Мұратбек байланыс институтын бітірген, осы салада жұмыс жасап жүр. Екі перзенттің әкесі. Үшінші немересі Арсланбек Шымкент қаласында дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Волейболдан спорт шебері.
– Ауылды сағынған кезде бауырларыма барамын. Аяқ-қолымды жерге тигізбей күтеді. «Апа», деп еміре­ніп сағынысып қауышамыз. Ақ тілеуін жаудырып, маңдайымнан сипап сыйлап тұрған елім барда – мен бақыттымын! – деп апамыз сөзін тәмамдады.
Ана - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» – дейді. Демек, әйел бақытының, әйел тәрбиесінің, салиқалы әйелдің саналы ғұмырының ұлт болашағына, тіпті әлем болашағының баянды болуына тигізер үлесі орасан зор. Өз отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына белсенді үлес қосып, Қазақстанның жарқын болашағына қызмет ететін азаматтардың өмірге келуіне бірден-бір себепші жан Қанымкүл Смайылқызын «Батыр ана» деу жарасады.
Бұл мақаланы жазбас бұрын қазақ әдебиетіндегі әйелдер образына шолу жасадым.
Иен даланы мекен еткен, көшпелі қазақ ауылдарынан Анна Каренинаны немесе Элизабетт Беннетті кездестіру мүмкін емес, бірақ «Доқтыр апа» секілді кең жүректі асыл жанды біздің ауылдан кездестіру бағымызға бұйырыпты.
Анамыз өнегелі, текті ұрпақ өсірудің теңдессіз бақыт екенін сезінген нағыз әйел. Доқтыр апамыздың өмір бойы атқарған іс, еңбек жолын бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Ол кісінің жасаған игі істері ауыл халқының жүрегінде тұр.
Ауылымыздың анасына айналған Қанымкүл апамызға мың алғыс дегіміз келеді.

Зинара Ерланқызы
20 қыркүйек 2023 ж. 566 0