№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қандөз – құт мекенім

Қандөз – құт мекенім


Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР «Ақпарат саласының үздігі», республикаға танымал сықақшы Нұрмахан Елтай жетпіс жылдығы қарсаңында жаңа кітабының таныстырылымын өзі туып-өскен алтын ұясы – Қандөз ауылында өткізуді ұйғарыпты.


Еңбек жолын кеңестік кезеңде ол кездегі атауы бойынша Түркістан қой шаруашылығы кеңшарында комсомол жастар жетекшілігінен бастап одан әрі парторг, кеңшар директоры орынбасары қызметін атқарған Нұрмахан Назымханұлы қырық жасынан кейін журналистикаға біржолата ден қойып, облыстық газеттің өз тілшісі болғаны біздің көз алдымызда. Бұған дейін өзге салаларда қызмет атқарса да газет тіршілігіне кіріскеннен бастап баспасөзде жүрген сақа тілшілердің өзін басып озып, жазбалары өзгеше салмағымен, өзгеше стилімен танылған Нұрмахан ағамызға кезінде таңдана әрі қызыға қарағанымыз жасырын емес.
Қай мақаласын оқысаңыз да тақы­рыбын жеріне жеткізе жазатыны сон­шама автормен бірге өзіміз де ол аралаған обьектілерге бірге барып, кейіпкерлерімен бір жүргендей әсер алатынбыз. Мұның барлығы, сайып келгенде, қаламгердің айнала өмірді, адамдардың жан-дүниесі қалтарыстарын жақсы танитын жан-жақтылығының нәтижесі болса керек.
Нұрмахан Елтайдың бүгінге дейін оннан астам сатиралық кітаптарынан бөлек бірнеше деректі жинақтары да жарық көрген. Мәселен, «Қияға қонған қыран,»Аманат», «Беласар», «Дауылпаз Динамо», Жәннан жер, жайсаң жандар», «Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы», және биыл жарық көрген «Сұңқарлар биікте самғайды» кітабы Сыр өңірі тұрғындарының тір­шілік тынысын, кейіпкерлерінің адами болмысын, өзара қарым-қатынасы мен олардың жанкешті еңбектерін, үлгілі өнегелерін ашып көрсетеді. Жазушы бұл шығармаларында өнер өлкесінің сайыпқырандары, ел намысын биікке көтерген спорт майталмандары туралы кеңінен жазады.
Жазушының жетпіс жастың белесін бағындырған салиқалы сәтінде өзі туып-өскен ауылы туралы «Қандөз – құт мекенім» деп аталатын кітабы жарық көріп отыр. Кітапта асау Сырдария мен шұрайлы Қызылқұм қойнауының аралығындағы берекелі мекеннің жер-су аттарының тарихы тізбектеледі. Сонымен қатар ондағы мекен еткен тұрғындардың тыныс-тіршілігі, қоғамдық формацияның ауысуымен бірге дәстүр, салт-санаға енген өзгерістер, ондағы әрбір кейіпкердің ой-толғамы, асыл арманы, мінез-болмысын көркем тілмен суреттеу арқылы әсерлі баяндалады.
Бұл туралы жазушының өзі былай дейді: «Қаншама қанағатшыл болсам да өскен ауылыма пайдалы бір іс жасасам деген талап жаныма тыныштық бермеді. Қалталы кісілер тәрізді мешіт салып беремін немесе жалпы көпшіліктің ортақ игілігіне нысандар салып тастаймын, жол жөндеймін, су ағызып қоямын деген тәрізді ауқымды міндеттерді жүктенуге уәде бере алмайтыным белгілі. Мен қаламгер адаммын. Бірақ осы қаламымның ұшымен де туған ұямның атын ұшпаққа шығарып, тарихқа таңба қалдыруға қауқарым жететіне шүкір еттім. Сөйтіп, белді бекем буып, өзім туып өскен мекеннің әрбір қырат қылтанағына дейін зерт­теп-зерделеп, оның өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне маңдай терін төккен еңбек адамдарының өмір жолдарынан өрнекті ескерткіш қалдыруға кірістім. Көркем дүние тудырудың кесте тоқығандай өзіндік қияметі жетерлік. Әйтсе де соның барлығын еңсеріп, ойға алған мақсатымның бірі орындалып отыр» дейді.
Жексенбі күні Қандөз ауылындағы мешіт асханасында ағайын-жұрттың басын қосып, ата-анасының және жақында өмірден өткен асыл жары Орынкүлдің рухына арнайы ас берген Нұрмахан ағамыздың ниетін бөліскендер қатарында «Жаңақорған тынысы» га­зетінің шығармашылық ұжымы да болып қайттық.
Жиынға арнайы барып қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков жазушыны 70 жылдығымен құттықтап, аудан әкімінің арнайы құттықтау адресатын табыс етті. Одан әрі құттықтау сөз алған Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, кент ардагерлер кеңесі төрағасы Серхожа Ыдырысов пен Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Ө.Исмайлов өз тілектерін білдірді. Келесі кезекте сөз алған ардагер журналист Жалғасбек Аманов өзі көптен білетін қимас дос, аяулы әріптес туралы толғамды ойларын ортаға салып, шығар­машылық еңбегіне өте жоғары бағасын берді. Ол бүгін жұртшылық қолына тиіп отырған кітапты қолжазба кезінде оқып шыққанын айтып, бұл құнды қолтаңбаның тарихи да, шежірелік те маңызы зор екенін айтып, осы жолда зор еңбек сіңірген кітап авторына алғысын жеткізді. Орыстың жазушысы Антон Чеховтың «Ақын болу міндет емес, азамат болу міндетің» дегеніндей, бұл еңбектің болашақ ұрпақ үшін де орны бөлек рухани мұра екендігіне тоқталды. Қаламгердің шәкірті, рухани інісі болып ізін алып келе жатқан ақын Асқар Дүйсенбі өзінің жүрекжарды сөзінде Нұрмахан ағасының көп қамқорлығын көргенін жасырмады. Аға-іні ретінде ғана емес, рухани мұраттас, айнымас дос ретінде орны бөлек ағасына ал­ғысын жыр жолдарымен өрнектеп жеткізді. Әріптес досы Ерубай Қалдыбек, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы Нұрболат Пірімбетовтер биік рәуішті тілектерімен бөлісті.
Ауылдастары мен әріптестерінің ал­дында жүрекжарды сөзін арнаған Нұрмахан Елтайдың өзі: «Алпысыншы жылдары жиырма-отыз үй қоныс тіккен кішкентай ғана ауыл еді, кейіннен осында кеп қоныс тіккен ағайындар бәрі бір туғаннан артық ағайын болып кеттік. Барлықтарыңызға да рахмет» деп өзінің алғаусыз алғысын білдірді.
Шығармашылық өкілінің жаңа кі­табының таныстырылымы өткен жи­ынға аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері де аса мән беріп, рухани демеу жасады. Тарқатып айтқанда, жазушының барлық жарық көрген кітаптары және мерзімді ба­сылымда жарияланған мақалалары бой­ынша арнайы бұрыш ұйымдастырды. Бүгінге дейін алған марапаттарын көрмеге қойып, көпке таныстырды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
08 тамыз 2023 ж. 329 0