№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алтын қолды дәрігер

Алтын қолды дәрігер


Сенбі күні Жаңақорған аудандық аурухана ғимаратының екінші қабатында орналасқан хирургия бөлімінің тынығу залында денсаулық күзетінде табан аудармай 45 жыл қызмет атқарған, оның 36 жылында, яғни 1976 жылдан 2012 жылға дейін хирургия бөлімін абыройлы басқарған алтын қолды дәрігер, Қазақстан республикасы «Медицина саласының үздігі» Сұлтанбек Әлқожаевтың атында арнайы бұрыш ашылды.


Шарада Сұлтанбек Башарұлының шә¬кірті әрі әріптесі, еңбек жолын балалар дәрігері болып бастап, одан әрі аудандық ауруханада жиырма жылдан астам уақыт бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары, одан соң бас дәрігері болып қызмет атқарған жоғары санатты дәрігер Сәулебек Ысқақов сөз алды. Ол тәжірибелі ауыл дәрігерінің үлкен қалаларда, медицина¬лық аппараттармен жан-жақты қамтылған за¬манауи клиникаларда жасалуға тиіс күрделі оталарға талай тәуекел етіп, көзді жұмып кірісіп кеткен кездері көп болғанын әңгімеледі. Осылайша аяқастынан жазымға ұшырап, жанары жаудырап жатар талай жас өмірді аман сақтап қалғанына да жұртшылық өзі куә екенін айтты. Бөлімге аяқастынан түсіп жататын науқастардың қай түріне болсын жедел көмек берумен қатар жоспарлы түрде асқазан, өт жол¬дарына, сүйек сынығына өңірде тұңғыш өзі операция жасап, талай жанды аяқтан тұрғызып жіберген жағдайлардың да аз болмағанын ортаға салды. «Қарапайым бо¬лып кеткен соқырішекке жылына 180-220 - дай ота жасалатын. Ал басқа хирургиялық жедел операциялар: іш аурулары, бас, ми сүйек жарықтарына, балалардың туа бітті кемістіктері, қол, аяқ сыну, тағы басқа сырқат түрлерін қосқанда жылына 500-дей ота жасалатын. Ізінен ерген әріптес шәкірттері – Ғалым Есетов, Тәңірберген Әмитов, Сәкен Үсейінов, Молдахмет Иска¬ков, барлығымыз ол кісінің «шекпенінен» шықтық, мол тәжірибесін алдық», – деп өздері ұстаз тұтқан аға атына жылы лебізін білдірді.
Одан әрі сөз алған замандасы, аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімін басқарып келген білікті дәрігер Жұмабек Сейтмұратов: «Сұлтанбек аудан орталығындағы қыш мектепті өте жақсы оқып бітірді. «Алтын медаль» алатын деңгейден көрінді. Кейін Алматыдағы медициналық институтта менен бір курс жоғары оқыды. Сол кездері есімде, қолы қалт етсе қаладағы ауруханалардың қабылдау бөлімінде болып, түскен сырқаттардың жай-күйін, оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсету жолдарын бақылап, ойға тоқып жүреді екен. Өзі көп оқып, көп ізденетін. Кейін қатар қызмет істеген жылдары Сұлтекеңнің қатаң қағидасына, өз-өзіне талап қоя білетін талапшыл мінезіне біз де көндігіп, ерегіспеуге, өзімізді¬кін дәлелдемеуге тырысатынбыз. Өйткені ол өзінікінің дұрыс екенін мойындатпай қоймайтын. Ауылдық жерде маман тапшылығынан операция столында тәуліктер бойы тұрған кезін өз көзіммен көрдім. Бірақ шаршамайтын. Оның себебі мынада. Дәрігерлердің ішінде маңдай тері сорғалаған еңбегінің нақты жемісін айқын көре алатын осы хирург-дәрігерлер. Қолынан өткен сырқаттың көзін ашып, жарық дүниені көргендегі анадан жаңа туғандай періште пейілі, қалтқысыз алғысы барлық бейнетті ұмыттырып, бойына ерекше қуат құятынын ол осы саладан кеткенше таңқала айтып, жұмысына аса бейілді қалпынан танған емес. Сондықтан, мен ойлаймын, ол кісі ота бөлмесіне кірмей, жұмысын атқармай, жаны жай тауып өмір сүре алмас еді. Сондықтан да ол өз саласында осындай жетістікке жетті» деді.Келесі кезекте қарауында медбике болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан Гүлшат Сүйінбаева сөз алып, аға туралы естеліктерін ортаға салды.
Бұл сөйлеген азаматтар сол кездегі ауру¬хананың аса ауыр жағдайында қан кешіп жүріп, қаншама науқастарды ажал тырнағынан алып қалған дәрігердің жанкешті еңбегін егжей-тегжейлі айтып өткен күндер тарихын толықтыра түсті.
«Дәрігердің күші – оның жүрегінде» дегендей, кәсіби биік әлеуетімен ғана емес, адами асыл қасиетімен де асқақ танылған аға отбасында жан жары Күнімай Ысқақова екеуі алты перзентті елдің алды етіп өсіре білуінде де қатал әкенің талапшылдық мінезі жатқанын аңғардық. Міне, осындай тәрбиенің арқасында балаларының барлығы өте тәрбиелі ержетіпті. Үлкен ұлы Сәруарбек Санжар Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің травмотоло¬гия-ортопедия кафедрасының меңгерушісі, Шың¬ғысбек – техника-ғылымдарының кандидаты, ми¬нистрлер аппаратында қызмет істейді, қыз¬дары Гүлмира және Гүлнара екеуі де ұстаз, Фараббек Алматы қаласында ішкі істер басқармасында бөлім басшысы, полиция полковнигі, Олжасы келіншегі Құралай екеуі қарашаңырақта аналарын бағып-қағып отыр.
Иә, өзінің жарық өмірінде дәрігерлік сынды қасиетті маман¬дықты игеріп, көпке өмір сыйлап, үмітін жалғай білген асыл азамат¬тың көзі жұмылған соң да есімінің жаңғырып, ел жүрегін де өшпеуінде жақсы перзенттің орны бөлек. Бір ғұламадан жүрегі өкінішке толы бір жігіт былай деп сұрапты: «Менің ата-анам алдындағы парызым өтелмеді. Олар енді өмірде жоқ. Мен осы орындалмаған парызымды қалай өтесем болады?» Сонда ғұлама: «Әкеңнің көзін көрген замандастарын құрметтеуіңмен, соларға қолдан келген жақсылығыңды істеумен сен өз әкеңнің рухын шат етіп, ата-ана алдындағы перзенттік парызыңды өтеген боласың» деп жауап қайтарыпты. Әлқожаевтар отбасындағы әке рухына құрметін жалғап келе жатқан жанұя мүшелері осы өнеге төрінен танылып ке¬леді. Сұлтанбек ағаның үшінші ұлы Шыңғысбектің құрастыруы¬мен «Ұрпаққа естелік» атты кітап оқырман қолына тиген болатын. Кітапта жазушы ата-баба шежіресін тарқатып, әке өмір жолынан де¬ректер келтіріп қана қоймайды, көп ізденіп, халықтық педагогиканың сан тарауынан бұқараға қажетті мағлұматтарды тірнектеп жинап, о¬ны өзінің көзқарасы тұрғысынан дәйектеп, көркем түрде жеткізуге тырысады. Кітапты парақтап оты¬рып, ізденімпаз ғалымның мол энциклопедиялық білімнің егесі екеніне терең көзіңіз жеткен¬дей болады. Қарапайым ғана өз өміріндегі әке тағылымын тарқатып, сыр тербеудің астарында тәрбие тұнығы тарқамаған отбасындағы қымбат құндылықтарды көз алдымызға әкеледі. Әкені асқар тау санайтын халықтық қағидамыздың ғасырлардан бері жалғасқан берік арқауына сын түсірмеу осындай адал ұрпақтың қолында. Қазақтың текті ұрпақ тегіне тартады деуі сондықтан. Бүкіл өмірінде елге адал қызмет еткен асыл жан соңына осындай парасатты ұрпақ қалдырыпты.
Шара соңынан әке ұрпақтары және Сұлтанбек Әлқожаевтың әріп¬тестері, ағайын-туған еске алу дастарханында бас қосты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
01 тамыз 2023 ж. 504 0