№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Музей – халық қазынасы

Музей – халық қазынасы


Мамырдың 18-і халықаралық музей күні. Музей – елдің рухани қоры, мәдени мәйегі. Жаңақорған ауданындағы тарихи өлкетану музейінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағылым алуға, келешекке кемел көз жүгіртуге әбден болады.Өлке тарихын келешек ұрпаққа жеткізу жолында бабаларымыздан қалған құндылықтарды жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл ғимарат қоғамның рухани дамуына орасан үлес қосып келеді. Әсіресе, жазиралы Жаңақорған өңірі талантты азаматтар мен құнды мұраларға бай өлке. Осындай баға жетпес жәдігерлерді жиып-теріп, мұражай төріне қойып қана қоймай, оны ұзақ жылдар сақтауға әрі жаңаша кейіпке енгізіп, ескі ғимаратқа әдемі өң беруге күш салған Ажар Жанаева мен аудандық музей қызметкерлерінің еңбегі қашан да биік.


Әуел баста, 1904 жылы екі жылдық мектеп ретінде пайдалануға берілген қыш мектептің ғимаратында орналасқан музей үйінің жағдайы соңғы кезде сын көтермей кеткені рас. Өлке­нің тарихын танытатын мекемеге ең бірінші заманауи келбет керек уақытта, мекемеге жаңадан басшы болып келген Ажар Жанаева осыны қолға алып, аудандағы ірі кәсіпкерлерге өтініш айтып, игілікті іс жүзеге асыпты.Музей толықтай жаңғыртылып, жаңа жиһазбен жасақталыпты. Шынымен қапталған арнайы тақырыптық бұрыштар қайта жүйеленгені байқалды. Туған жер табиғатына арналған алдыңғы залда облыстық музейден жеткізілген қасқыр, бүркіт, қаршыға сынды өз жерімізде мекендейтін аң-құс, жануарлардың табиғи мүсінінің қойылуы танымдық орталықтың сән-салтанатын арттыра түскен.«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусыған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін де елемей жататынымыз рас. Дана халқымыз «Жаныңда жүр жақсы адам» деп көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғаларды қашанда қолдап, мерейін арттырып отыруға игі ықпал еткен. Бізде Ажар Мәжитқызының еселі еңбегі мен іскерлігін, рухани мұраға деген қамқорлығын айта кеткенді жөн санадық.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның жүріп өткен ғұмырындай», – демекші ол кісімен сұқбаттаса отырып, жаны жайсаң, көңілі ашық, мұражай саласына деген құрметі жоғары әрі аянбай еңбек етіп, өз жұмысына ерекше сүйген жан екеніне көзіміз жете түсті.
– Музей – кез келген елдің тарихи жадын жаңғыртушы қастерлі орын әрі тарихи жадының қоймасы іспетті. Ол ұрпақтар арасын жалғайды, мәдениеттер арасын жақындатады. Кез келген жерге барғанда алғашқы әсер мен түсінік оның тарихымен танысудан басталады. Сондықтан осы маңызды миссия музейге жүктелген. Жаңақорған ауданының бай тарихын түгендеу, дәстүрімен таныстыру, көнені бүгінге жеткізіп, қазіргі құндылықтарды қастерлеу үлкен міндет. Музей көпшілікпен бірге жас ұрпақтың да қызыға бас сұғатын сүйікті орнына айналды. Себебі, жұртшылық кітаптан оқыған жайларға қатысты деректерді мұнда көзімен көреді, қолымен ұстайды. Әсерге бөленеді. Егер музей өз міндетін атқарып, жас өркеннің ғибрат алатын орнына айналса, ойымыздың орындалғаны, – дейді рухани мекеннің басшысы.
Қазақстан мәдениет министрлігінің 1992 жылы 2 мамырдағы №144 қаулысымен Жаңақорған аудандық тарихи-өлкентану музейі құрылды. Алғашқы көрмесі 1997 жылы аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында ашылып, тұрақты орны болмай, әр жерге көшіп жүрген. 1905 жылы салынған бұрынғы қазақ-орыс қыш мектеп үйінің 4 бөлмесіне жаңа үлгідегі экспозициялық жұмыстарымен жабдықталып, орналасқан. «Мені музейге меңгеруші етіп тағайындағанда, рухани мол мұраның көне ғимаратта көңіл бөлінбей тұрғанына жаным ауырды. Содан ауданның ел ағаларына, белді кәсіпкерлеріне өтініш айттым. Сол айтулы азаматтардың арқасында 2022 жылдың 23 желтоқсанында музейдің жаңарған экспозициясының ашуы болды. Байқап тұрған боларсыздар, музейге күрделі жөндеу жасалды. Реставрация жүргізілді. Соның нәтижесінде бөлімдердің ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, мазмұны айқындала түсті. Зал­дар жаңаша жасақталды. Әрқайсысы өзінше дара, ел мақтанышына айналған тұлғалар. Олар қалдырған үлгі мен өнеге бүгінгі ұлттық тәрбиенің алтын арқауына айналуға тиісті. Келушілер осындай ардақты азаматтар жайында мол мәліметтер алады» – дейді Ажар апай.
Иа, мұражайдың жаңа кейіпке енгенін алғаш көріп, ерекше әсер алдық. Бұрындары бөлме­лері қараңғы болғасын, онда тұрған ұлттық құндылықтарымыз көрер көзге көмескі тартып тұратын-ды. Бұл жолы тіпті бөлек. Ғимараттың сыртына қарап, іші осыншалықты өзгереді де кім ойлаған? Ақ сарайдай аппақ кейіпке еніп, бөлмелері кеңейіп, биіктей түскен тәрізді. Жәдігерлер қойылған сөрелер жалт-жұлт етеді.
– Қазіргі таңда музейде тұрақты 4 экспозициялық зал жұмыс істейді. Түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге өлке­міздің ежелгі, ортағасырлық, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ауданның тарихы, археологиясы, этнография­сы, табиғаты бойынша музей жинақтамасы бүгінде 11277-нан астам жәдігерді құрайды. Үздіктері экспозициялық залда көрерменге ұсынылады. Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең құнды, маңызды жинақтары ол – археология классификациясына біріктірілген, керамикалық қыш құмыралар. Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірдегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендігін көрсетеді. Қордағы осындай халқымыздың рухани байлығы, көне құнды жәдігерлерді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмысының бірі. Музейдегі жәдігерлер­дің салмағы мен маңыздылығы – көне тарихи құндылығында. Жалпы музей ісінің негізгі міндеті де сол, яғни өңіріміздегі жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды, мәдени мұрамыз көне жәдігерлерді жинақтау. Көп жағдайда тұрғындар ата-аналары тұтынған тұрмыстық бұйымдарды өз еркімен музейге сыйға бере­ді. Әсіресе, этнографиялық, ата-әжелеріміздің күнделікті тұрмыста қолданған заттар, кеуде белгілері, сурет, құжаттар, нумизматика клас­сификациясына біріктірілетін экспонаттарды көптеп тапсырады. Ата-бабасының көзіндей болған бұл жауһар жәдігерлерді сақтау – біздің негізгі міндетіміз, – дейді өз сөзінде Ажар Жанаева.
Мұндағы әрбір қызметкердің өзіне жүктелген жұмысы бар. Жауапкершілік жүгін теңдей бөлісіп келе жатқан қызметкерлерінің әрқайсысына ерекше тоқталған меңгерушінің ұжымдастарын үлкен-кіші демей жоғары бағалайтыны қуантты.
– Біздегі қызметкерлердің бәрі нағыз өз ісінің мамандары, өте білімді азаматтар. Ғылыми қызметкер Мөлдір Дүйсенбаева, экскурсовод маман Бақдәулет Таждинов, әдіскер Құралай Дәрмен, зал қараушы Мира Әлиханова және Дәмеш Әбсаттар, хор сақтаушы Інжу Нәбихан есімді қызметкерлер бар. Ешқайысысын бөліп жармаймын, әрқайыссы өте білімді, нағыз мамандар, өз істерін жауапкершілікпен атқарады, – деп жеке-жеке тоқталды.
Әрбір істі айрандай ұйытып, тиянақты іс атқарып отырған Ажар Мәжитқызы ұрпаққа рухани азық болатын жәдігерлердің жаңғыруына, музейдің жаңаша жандануына өзіндік үлесін қосып келе жатқан жанның бірі. Бүгінгі таңда мақтанышымызға айналған рухани ортаның жұмысы жемісті, ісі оңды болуы да осындай қарым-қабілеті жоғары жандардың қажырлы еңбектерінің арқасы деуіміз керек.
Сондай-ақ, Ажар Мәжитқызымен сұқбат барысында әр сөзінен музейге деген ерекше жанашырлық пен үлкен құрметті байқадық. Өйткені, ұлттық құндылықтарды жинауға, қолда жүрген жауқарлардың мұражайда тұруына ат салысып жатқанын аңғардық.
– Шыны керек, мұражай ауданның тарихы, баға жетпес байлығы. Байқасам, тұрғындардың қолында көп жәдігерлер бар. Бірақ, көпшілігі оны бізге беруді құп көрмейді. Өйткені, ата-анамның көзі, үйде тұрсын деп ойлады. Бірақ, үйде емес, мұражайда ғұмыры ұзақ болады ғой. Бұл жерде тұрған әрбір экспонатқа ерекше күтім жасалып, ай сайын толықтай дизенфекциясы жұмыстары жүргізіледі, – деген сөзінен мұражайға деген жанашырлығын байқадық.
Қарап отырсаңыз, Жаңақорған өңірі та­рихқа өте бай өлке екені даусыз. Сондықтан өлкетанушылардың да, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізде­ністер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары әлі де көп.
Алдағы уақытта музей жәдігерлері толыға түсетініне кәміл сенеміз. Ендеше, талай шаралар, болашақ ұрпаққа берер, көрсетер құндылықтары жетерлік тарихи музейдің айтар сыры әлі де көп. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі бұған дейін де көрерменсіз емес, күн сайын түрлі шаралар, игі бастамалар өткізілуде. Енді мынадай жаңарған сәулетіне сай мұнда келушілер қатарының арта түскеніне көзіміз жетті. Өйткені, біз барған кездің өзінде онға жуық жас өрендер мұражайды тамашалап, өткеннің мұрасын көзбен көріп, қолмен ұстағанның әсерімен бөлісіп жүр екен. Алдағы уақытта ата-ана да ұл-қызын тарихи орынға әкеліп отырса, байланыс нығая түседі деген сенімдеміз.

Әсел РЗАЕВА

20 мамыр 2023 ж. 770 0