Озат оқушының биігі
Болашақ – білімді жастың қолында. Білімімен, әрі өнерімен көзге түсіп жүрген кішкентай бүлдіршін Асан Айгерім Талғатқызы. Жастайынан зеректігімен ұстаздарының көзіне түскен оқушы математика пәнінен алғырлығын танытып, облыстық, аудандық сайыстарда жүлделі белестерді бағындырып жүр. Жақында Түркістан қаласындағы өткен Халықаралық олимпиадада ментальды арифметикадан жүлделі орынды иеленіп, мерейі өсті. Ол аудандағы «Зейін» бастауыш мектебінің 4 сынып оқушысы.
Бұл сөзімізді Айгерімнің ұстазы Әлия Сейдуалиева қолдай кетті:
– Айгерім өте зерек шәкірт. Математика тіліне деген қызығушылығы басым. Үйреткен жаңа сабақты тез ұғып, өз бетінше сөздіктерді жаттап, сөйлемдерді құрастырып отырады. Әр баланың өзіне тән ерекше қасиеті болады. Жаңартылған білім бойынша сабақ беріп келе жатырмын. Өзінің білімге, есепке ынтасы өте жоғары, – дейді ұстазы.
Әлі ойын жасындағы бала болса да Айгерімнің білімге деген құштарлығы басым, болашағына қойған мақсаты айқын. Бос уақытында есеп шығарып, түрлі кітап оқып, ағылшын және орыс тілін меңгеруді алға қойған оқушының арманы асқақ. Айтар ойы мығым.
– Ата-анам әрдайым білімдінің болашағы жарқын деп айтып отырады. Мен де болашақта білімді, білікті маман болуды армандаймын. Арманым болашақта білікті, өз ісімнің нағыз маманы болғым келеді, – дейді дарынды оқушы.
Болашағын баянды етуді мақсат тұтқан балауса қыздың талпынысы қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Ол білімін шыңдауда білім додаларына да жиі қатысып отырады. Осы талабынан жаңылмаса Айгерім Талғатқызын әлбетте биіктен көреріміз анық, «Талаптыға нұр жауар», – дегендей жас талапкерге болашақта алар асуы биік, жолы ашық болуына тілекшіміз. ХХІ ғасыр білім ғылымның, озық техниканың алтын дәуірі. Алдағы уақытта осындай талантты жастардың дарынын шыңдап, білімін жетілдіре түсу міндеті тұр. Сонда ғана өркендеудің биік белесіне көтерілеріміз анық.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ