№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білімді бала – ел ертеңі

Білімді бала – ел ертеңі


Жақында ауданымыздағы №163 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрділла Бақдәулет Ақмола облысы, Щучье қаласында өткен «Зерде» ХVII республикалық конкурсынан бас жүлдемен оралды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бұл сайыста Бақдәулет «Ағылшын тіліндегі омонимдер және оларды ажырату тәсілдері» тақырыбында ғылыми жобасын сәтті қорғап, жүзден жүйрек болып, Гран-При иегері атанды.


Бақдәулет – дарынды оқушы. Жастайынан зеректігімен ұстаздарының көзіне түскен жасөспірім ағылшын тілі пәнінен алғырлығын танытып, аудандық, облыстық сайыстарда жүлделі белестерді бағындырып жүр. Оқуда озат оқушы түрлі сайыстарға қатысып, ағылшын тілі пәнінен түрлі сайыстарда оқ бойы оза шығып, ауданның намысын қорғады.
Шәкірттің жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі. Бұл жетістіктің артында балаларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздың үлкен еңбегі бар. Осындай оқушыны тәрбиелеп, зерттеу жұмысына, шығармашылыққа баулып жүрген тәжірибелі ұстаз – Қасиет Жаманқұлова. «Зерде» конкурсының негізгі мақсаты – оқушыларды жастайынан ғылыми бағытқа тарту, зерттеушілік дағдыларын жетілдіру арқылы олардың интеллектуалдық шығармашылық әлеуетін арттыру.
Бұндай үлкен сайыстардан жүлделі орын алмақ түгілі, оған қатысуға да үлкен жүрек қажет. Бақдәулет атаулы додада өзінің ізденімпаздығын, білімге деген құштарлығын, тілі үйренуге деген ынта-ықаласын айқын көрсете білген жүзден жүйрік талантты жас.
– Бақдәулет өте зерек шәкірт. Қатарластарына қарағанда ағылшын тіліне деген қызығушылығы басым. Сабақта үйреткен жаңа сабақты тез ұғып, өз бетінше есептердің жауабын тез шешеді. Ұстаздық жолда қызмет етіп келе жатқаныма сегіз жыл болыпты. Осы уақыт аралығында қаншама шәкіртті тәрбиеледім. Әр баланың өзіне тән ерекше қасиеті болады. Бақдәулет Нұрділлаға жаңартылған білім бойынша сабақ беріп келе жатырмын. Өзінің білімге, ағылшын тілін үйренуге ынтасы өте жоғары. Сыныптастарының алды десем қателеспеймін. Ағылшын тілінде оқып қана қоймай, түсінгенін, өз ойын еркін айтып бере алады. Жылда ұйымдастырылып отыратын олимпиадаға үздіксіз қатысып келе жатыр. Барлығынан да үлкен жетістіктер көрсетіп, жоғарғы орынды иемденіп келеді. Мен ұстаз ретінде Бақдәулет сынды оқушыммен мақтанамын. Өзі сабақта белсенді. Талантымен таңдандырудан шаршамайды. Түрлі байқауларда дара атанып, мерейімізді өсіріп келеді. Осындай талапты оқушыларды көргенде уақытпен таласпай олармен жұмыс істегім келеді, – дейді жетекшісі Қасиет Жаманқұлова.
Айта кету керек, осындай жүлделі орынға қол жеткізіп отырған Қасиет Жаманқұлованың бірінші оқушылары емес. Сыныпта білім алатын балалардың деңгейін, қарым-қабілетін, жан дүниесін өте жақсы түсінетін ұстаз оларға не керектігін, қандай іске икемі барын да бірден біледі. Әсіресе, оқушылардың шығармашылығын шыңдауға бар күшін салды.
Ал, кейіпкеріміз ойын жасындағы бала болса да Бақдәулеттің білімге деген құштарлығы басым, болшағына қойған мақсаты айқын. Бос уақытында ағылшын тілін тереңдете оқуға ден қойып, сөздік жаттап, түрлі кітап оқып, өзге де тілдерді меңгеруді алға қойған оқушының арманы асқақ. Айтар ойы мығым.
– Мен ата-әжемнің баласымын. Маған ата-әжем әрдайым білімдінің болашағы жарқын деп айтып отырады. Мен де болашақта білімді, білікті маман болуды армандаймын. Болашақтың негізгі бағдары білімде, тіл меңгеруде екенін түсініп келе жатырмын. Сол себепті де, ағылшын тілін меңгеруге деген құлшынысым ерекше. Бос уақытымда ағылшын тіліндегі кинолар мен ертегілерді жиі қарап жүрмін. Бұл менің ағылшынша еркін сөйлеуіме мол мүмкіндік береді, – дейді дарынды оқушы.

PS.: ХХІ ғасыр білім ғылымның, озық техниканың алтын дәуірі. Алдағы уақытта осындай талантты жастардың дарынын шыңдап, білімін жетілдіре түсу міндеті тұр. Сонда ғана өркендеудің биік белесіне көтерілеріміз анық.

Әсел РЗАЕВА

23 ақпан 2022 ж. 573 0