№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Рухани тәрбие - адамгершілік бастауы

Рухани тәрбие - адамгершілік бастауы

Кітапхана ештеңеге теңестірілмейтін білімнің қайнар көзі, адамзат тарихын осы заманға сүріндірмей жеткізген киелі орда. Оқырман үшін парасат-пайымын, білім мен біліктілігін шыңдайтын, сондай-ақ сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы мекен. Ал осындағы алтын қазынаға иелік етіп көзінің қарашығындай қарайтын кітапханашылардың орны тіптен бөлек. Сондай жанның бірі кітапхананың қасиетті қазынасын насихаттап, оқырманға қызмет еткен ардагер кітапханашы Жәмила Тайымбетова апайымызды мақалаға арқау еткенді жөн көрдік.


 «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» демекші, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыруда кітапхананың орны ерекше. Өйткені кітап өткеннің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Ал оның қызығы мен қиындығын бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан қоғамда көп елене бермейтін, алайда дүйім жұртқа кітап жайында бағыт-бағдар алуда жан-тәнімен беріліп қызмет көрсететін олардың еңбегі ұшантеңіз. Тіпті оны насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашыларды абыройлы мамандық иелері деуге де болатындай.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз жоғарыда аталған мамандықтың дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Олай айтуға себеп те жоқ емес. Апайдың жұмыс барысында эстетикалық талғамға бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігі шыңдалған, оқырмандарға қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отыруы көптен ерекшелендіретін. Сонысымен әріптестер ортасында да өзіндік орны болды.
Өзінің бұл салаға келгенін бала кезінде кітапқа құмар болғандығымен түсіндіреді. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегін», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын», тағы басқа классиктердің озық туындыларын жастанып оқыған кейіпкеріміз оқырман мен кітапты байланыстыратын мәдениет ошағына келіп қызмет еткеніне еш өкінбейді. Қайта жаңалыққа жаны құмар мамандық иесі болғанын мақтан тұтады.
– Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады. Мен де мамандығымды мақтанышым деп айта аламын. Тіпті құрметті зейнет демалысына шықсам да рухани ордаға бүйрегім бұрып, жақсы жаңалығынан құлағдар бола қалсам қуанышымен бөлісіп отырамын. Өйткені сан түрлі мамандық арасынан осы саланы таңдап, ыстық-суығын бірге көрген соң мен ол ұжымнан алыстап кете алмаймын, – дейді Жәмила апай.
Мұндай жанның бұрынғы ұжымдастарының қызықшылығын бөлісуін айтқанда оның сондай қамқор, жанашыр екенін түсінесің. Осы қасиеттерін отбасы, ошақ қасында да көрсетіп, үнемі айтып отырады. Өйткені Отан отбасынан басталатынын, ондағы тәрбиеге үйдің үлкендерінің, яғни ата-ананың тікелей қатысы бар екенін өмірлік жары Дүйсенхан екеуі естен шығарған емес. Шүкір осындай әулеттің қай ұлқызы болмасын бүгінде өсіпөнгендігін көрсетіп, әке-шеше берген тәрбиеден аттаған емес. Немерелері де ата-әженің ақылына қанып өсіп, ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап келеді. Осындай таптырмас тәрбие мектебінен өткен бала нашар болуы әсте мүмкін емес.
Бұл жайында отағасы Дүйсенхан көкеміздің пікірін сұраған едік.
– Баланың бойындағы асыл қасиеттерді отбасында ата-әже қалыптастырып отырған. Сонымен қатар ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін де осы кісілер сепкен. Мұның бәрін Жәмила апайың күнделікті айтып отыруды дағдыға айналдырғалы қашшан. Осыдан-ақ апайыңның өмірден көргені мен түйгені мол екенін байқауға болады. 30 жылдан аса рухани ортаға ғұмырын арнап, әлем ғұламаларының шығармашылығын насихаттағандықтан өсіп келе жатқан баланың сана-сезіміне бұл әсер етпей қоймайды, – дейді ол.
Расымен рухани құндылықтарға бай қазақтың әр шаңырағы өз заманында отбасы құндылығын жоғалтпаған. Озық технологиялар дамып, қарыштаған кезеңде де балаға берген тәрбиесі арқылы отбасы құндылығымен қатар ұлттық құндылығын да дәріптеп отырған. Осы ізгі жолды жалғастырып келе жатқан Айдаровтар әулетінің асыл әжесі Жәмила үлкені мен кішісі смартфонға телмірген заманда келешек ұрпаққа білім азығын берумен қатар жан сарайыңды ашуда үнсіздікте отырып кітап оқудың да пайдасы барын жеткізді.
Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Сондықтан өз мамандығына адалдық танытқан кітапханашы қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне сәл де болса үлес қоссам нәтижеге жеткенім деп сөзін түйіндеді.

Лаура АЙДАРХАН
02 тамыз 2023 ж. 923 0