№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Алып жүрек аласармайды

Алып жүрек аласармайды


Шалқия кентіндегі №86 мектепке қазақтан шыққан тұңғыш Тау-кен генералы Ахмет Әділовтің есімі берілгені жөнінде ел-жұрт хабардар. Кешегі сенбіде аталмыш азаматтың туған-туыстары болып, қайраткер тұлғаның дайын ескерткіш-бюстін оқу ордасына әкеліп, орналастырды. Салтанатты жиынды аудан әкімі орынбасары Бектас Нуридинов сөз сөйлеп ашты.

  Адам өмірі өлшеулі, ал атақ-дәрежесінің мәңгі болмағы еткен еңбегіне байланысты екенін өзінің еңбек жолымен дәлелдеп өткен даңқты тұлғаның рухына зор құрмет көрсетіп, есімі өшпеуі үшін тасқа көшірілген мүсінін білім ұясына қондырып, ұлағатын ұрпақ жүрегіне қонақтатып отырған азаматтарға аудан халқы атынан рахметін айтты.

Одан соң сөз алған аяулы тұлғаның перзентіАнарАхметқызыәке туралыеске алғанда ол бағындырған биік шың тек қана оқу-тоқумен, еңбектенумен өткен мехнатты өмірдің жемісі екеніне толық куәлік беретінін айта келіп, жас өскінді терең білім алуға шақырды. «Тауды биік демеңіз, талпынған шығар шыңына» дегендей, бүгінде маңдай терден гөрі ақша мен мансап құндылыққа айналған алмағайып кезеңде жас буынға аса қажет тәрбиенің өзегі – өткеннің асыл мұраларын жаңғыртудың маңызына көп назарын аударды. Бүгінгі шара осы ниеттеің жемісі деді ол.

Осы күні №86 мектептің ұжымы мен шәкірттері алдында аудан жұртшылығының қатысуымен аталмыш бюстің ашылу рәсімінен соң Шалқия кенті Мәдениет үйінің ғимаратында тақырып аясында ұйымдастырылған ғылыми практикалық конференция жалғасын тапты.
Конференция жұмысын осы шараға арнайы келген жерлесіміз, саяси ғылымдар докторы, профессор Есенжол Алияров жүргізді.
Ол алдымен жиналғандарды Ахмет Әділовтың өмір жолымен таныстырды. Қазақтан шыққан тұңғыш Тау-кен генералы, ғалым ағаның еңбек жолы ол кісінің өз қолымен жазған өмірдерегінде былайша өріледі. Жүргізуші осы жолдарды оқып берді.

«1928 жылғы қыркүйектен 1932 жылғы ақпанға дейін Ташкенттегі су шаруашылығы политехникалық техникумында оқыдым. 1932 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мәскеудің Тау-кен институтына оқуға түстім. Бұл кезде жиырма жаста болатынмын.

...Магнит тауына келіп практикадын өткенімде темір рудасын ашық әдіспен қазып алу процесін игердім. Осындағы ауылдың ауыр тұрмысынан қашып, жұмыс іздеп келген қазақтарға орыс тілін, қауіпсіздік ережелерін ағымдағы саясатпен ұштастыра меңгертуге тырыстым» деп жазады.

Ахмет Әділов 1939 жылы Мәскеудегі Тау-кен институтын бітіріп, еңбек жолын Шығыс Қазақстанда бастаған. 1940 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің түсті металлургия бөлімін басқаруға Алматыға шақырылыпты. Соғыс басталғанда ол осы қызметте болған. Тарқатып айтсақ, ол сол жылдары Балқаш мыс қорыту зауытының, Қоңырат және Жезқазған кеніштерінің, Лениногор және Шымкент қорғасын зауыттарының, сондайақ, Риддер, Зыряновск және Ащысай кеніштерінің үздіксіз жұмыс жасауы үшін жауапты болды. Мына жеделхаттарда жазылған «Москва Түсті металлургия халық комиссары Ломакоға! Кузнецк көмірінің тіреу ағаштары жеткізілмеуі салдарынан Ащысай кеніші жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Дереу көмек беруіңізді өтінеміз».

А.Адилов. 27. 06.42 ж
«Шымкент қорғасын зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үнемі жүзеге аспай келеді. Зауыт шығаратын дайын қорғасынның 80 процентін Ащысай комбинаты жеткізуге тиіс. Ал ол жоспарлы шикізаттың тек 40 процентін ғана қамтамасыз етуде. Соның нәтижесінде зауыт қорғасын шығару жоспарын орындай алмай келеді» деген және тағы басқа мәтіндегі жеделхаттарды оқи отырып, сол кездері отызға да жетпеген жас жігіттің одақтық деңгейде кәсіпорын жұмысын білгірлікпен басқарғанына таңданбасқа шараңыз жоқ.

Қазақстан өнеркәсібінің отандық қорғанысымыздың басты қамалы болғандығын, жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғандығы туралы деректі еске түсірсек те жетіп жатыр. КСРОның «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ғалым Ахмет Әділов туралы естелік айтуға мінберге көтерілген 90 жастағы қарт ғалым, өзі де «Тау-кен генералы» Әбдіхан Бегімбетовтің төмендегі естелігі көпті толқытты.

– Мен Жаңақорғандағы мектепті бітірдім, – деді ол. Кішкентай кезімде әкеммен Түркістанға барғанымда шойын жолды көріп, «Әке, мына қиыс бұрылып жатқан жолдар қайда апарады?» деп сұрағаным бар. Сонда әкем: «Анау алыста Ащысай деген кен орны бар. Бұл жол соған апарады. Онда сенің Ахмет деген ағаң тау-кен инженері» деген сөзді естіген күннен бастап жүрегімде «мен де инженер боламын» деген талап тұтанып, жатсам-тұрсам арманға айналды. Ақыры онжылдықты бітірген соң Алматыға тау-кен институтына келдім. Келе сала ағамды іздеп таптым. Ол қуанып, батасын берді. «Инженер ғана емес, тау-кен генералы бол» деді. Батасы қабыл болып, мен де осы атақты иелендім.

Адам бір нәрсені мақсат етсе соған жетуге тынбай күресу керек.
Мен Ащысай кен байыту комбинатында 44 жыл жұмыс істеппін. Оқып жүргенімде ауылға келгенімде барлаушылардың Шалқия кенішін зерттеп жүргенін көретінмін. Міне, сол кездері Ахмет Әділов осы кен орнының ашылуына зор еңбек сіңірді. Шалқия кенішінің тұңғыш қазығы қағылып, осындағы құрылыстардың іргесі қалануында менің де зор қолтаңбам бар, Кезінде іргетасын өз қолыммен қалап кеткен оқу ордасына бүгін Ахаңның есімі беріліп жатуы мен үшін зор мақтаныш – деді ол. Алдағы уақытта Шалқия бұдан да ұлғаяды. Мұндай зор аумақты алып жатқан кен орны некен-саяқ. Шалқияның аумағы 50 шақырымға дейін кен рудасына бай. Алдағы уақытта мұның барлығы халықтың игілігіне айналуы білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан сабақты жақсы оқыңдар, – деп шәкірттерге аталық өсиетін арнады. Ол одан әрі ғалымның қадір-қасиетін сипаттап көрсететін бір үзік өткен күн оқиғаларынан айтуды да ұмытпады.

Одан соң сөз алған жерлесіміз, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айдархан Қалтаев «Біз 1968 жылы Алматыға оқуға аттандық. Жолымыз оңғарылып, студент атанған қуанышымызды бөлісіп, Ахмет ағамызға соқтық. Сонда ол кісі «Қандай тамаша, көп бала оқуға түсір деп келетін еді, сендер оқуға түсіп келіп отырсыңдар» деп біздің қиын пәнді меңгеріп, өздігімізше оқуға түскенімізге қатты қуанып еді. Университетті бітіріп, ғылым жолына түсуімізге бағытбағдар беруде көмегін аямады. Бұл кісіге туған жерде мектептің атын ғана емес, осы кенттің атын берсе де артық емес» деген пікірін де бүгіп қалмады.

Ахмет Әділұлы мықты ғалым ғана емес, тамаша отбасының егесі. Жұбайы Гүлбахрам екеуі бес перзент тәрбиелеп өсірді. Барлыығы да халық шаруашылығының түрлі салаларында елге адал қызмет етуде.

Кеш барысында Шалқия кенішінің алғашқы барлаушысы, 1962 жылы тұңғыш қазығын қаққан тау-кен инженері, бүгінде 80 жастан асқан ардагер Тұрлыбек Шаназаров сөз алды. Ол Ахмет Әділовтың алған Шалқияға келгендегі сапарында барлық негіздемелерді жинап, зерттепзерделеп, жоғары жаққа ұсынып, кеніш тіршілігіне жан беруде Одақтық министрліктерге шыққан еңбектері жөнінде әңгімелеп берді.

Тектінің тұқымы қандайды

Мазмұнды шарадан соң Ахмет Әділов атындағы мектептің директоры Ақтұйғын Юсуповамен сұхбаттасқанымызда, аға ұрпақтарының білім ордасына ұдайы демеушілік жасап отыруға ынталы екенін айтты. Солардың бастыбастысына тоқталсақ, 2021 жылдың ақпан айында 5 миллион 400 мың теңгеге 4 кабинетті компьютермен толық жабдықтап, принтермен қамтамасыз еткен. Мектептің спорт кешенін теннис столымен жабдықтап, күрес залына арлайы кілем алып бергенін айтты. Бірнеше волейбол және баскетбол доптарын, АӘД кабинетіне автомат құралын алып берген. Мұғалымдер бөлмесін стол, орындықтармен жабдықтап, әр сыныпта мұғалымдер үшін жұмсақ орындықпен қамтамасыз еткен. Кітапхана бөлмесіне стеллаж тарту етіпті.

Бүгінгі шараға да 500 мың теңге тұратын музыкалық құрылғыны микрофоны, арнайы тұғырымен бірге әкеліп, оқушылардың игілігіне тарту етіпті. Иә, жақсының ұрпағы да жақсылыққа бейім тұратының бұл да бір көрінісі болса керек.

Баян Үсейінова






08 қараша 2022 ж. 777 0