№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Адал неке ақ неке


Жанұя – шағын мемлекет. Оның негізі екі жастың ақ некесінен басталады. Жас отау шаңырақ көтергенде қазыналы қариялар ақ батасын береді. Ақ неке сөзінің астарында ерлі зайыптылар өмірдің түрлі сынағын, ыстық-суықты, жақсылық-жамандықты бірге көтеріп, қандай қиындық кездессе де дауылға төтеп берер емендей берік, көпшілік үлгі тұтатындай өнегелі отбасы болуға. ұмтылу сынды ауыр міндет тұр.

Осы орайда белгілі журналист Бейсен Құранбектің кейінгі жастарға үлгі болсын, отбасы іргесі берік болсын, ажырасу азайсын деген ниетпен отбасылық өмірінде ұстанған жеті қағидасы жайлы бөліскені еріксіз еске түседі. Қаламгер аға отбасының 7 қағидасы ретінде төмендегілерді атайды:

1. Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғанмын. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды.

2. Сенің ата-анаң – менің атаанам, менің ата-анам – сенің атаанаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады;

3. Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз;

4. Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, оқушы кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз;

5. Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз;

6. Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын;

7. Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды.

Ақиқатында, сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда ерлі-зайыптылар бірбірін құрметтеуге, сыйлауға, өнегелі болуға тиіс. Ата-бабаларымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаса керек. Отбасын құру өткінші сезімге бой алдыру емес, ол үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Бір қынжыларлығы, бүгін үйленіп, ертең ажырасып жататын жағдайға көзіміз үйреніп, көңіліміз түршікпейтін болды. Ата-баба дәстүрінде ажырасу деген болып па еді? Қайтып келген қыз жаман деп, теріс әдеттен тыйған, әулет, ру, ел болып ортаға салып, пәтуаға келтіріп отырған.

Әулет үлкендері бүгінде бірінің ісіне бірі араласып ақыл айта қалса айыпты болып қалады. Қыздың бетімен кетуіне де ата-ана кінәлі. Сәл нәрсеге ренжісіп қалса болғаны, ата-анасы басалқы болудың орнына «үйге кел, ішіме сыйған сыртыма да сияды» деп құлағын көтеріп жатады. Шаңырақ көтермес бұрын, екі жас бір-бірін әбден танып, қыр-сырын біліп, ертеңгі күні жақсы отбасы бола аламыз-ау деген жағдайда ғана бас қосу керек деп санаймын.

Табиғаты екі бөлек еркек пен әйел бір-бірін түсінуі керек. Еркек мықты болғанымен әлсіз тұсы көп. Осындайда әйел адам оған күш беріп, қолдап отыруы керек. Ал, әйелдердің сұлулыққа құмарлығы, нәзіктігі, әдемілігі өзіне үнемі назар аудару керектігін қажет етеді, бұл Алладан дарыған қасиет. Осындай тұста ер адамдарымыз әйелдерді де бағалап отырса дұрыс болады. Бірақ, мұндай жағдайлар керісінше болып жатады, бір-бірін түсінгісі келмейді, өзімшілдік басым. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда өзіңмен бірге болып, тұрмыс кешетін, ұрпағыңды өсіретін отанасы және отбасының тірегі бола білетін отағасын таңдау оңайға түспейді. Сондықтан да ертеңгі күні өкініп қалмас үшін, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жастарымыз көбейіп жатса, еліміздің ертеңі еңселі болатыны сөзсіз.

Ажыраспаудың амалы бар ма? Сүйiп қосылғандар ажыраспауы үшiн не қажет? Әрине, үлкендер айтатын шыдамдылық, төзiмдiлiк, кешiрiмдiлiк сынды қасиеттер өте маңызды. Ең бастысы, ажыраспаудың немесе екi жасты ажырастырмаудың кiлтiн табу керек сияқты.

Осы тұста, жазушы Зейнеп Ахметованың мына өсиеті көңілге қонады. «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді. Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады. Келінін жамандайтын енелерге: «Сенің не еңбегің сіңді? Оны туған жоқсың, түн ұйқыңды төрт бөлмедің, ақ сүтіңді бермедің, оқытпадың, тәрбиелемедің, дап-дайын күйінде қолыңа ұстата салды. Бір адамды – бір әлем дейтін болсақ, дайын бір әлемге еге бола алмасаң, кімсің?» деймін. Ал шынында ол келін анасынан тәрбие алмаған, уызына жарымаған бала болса, онда ол ененің соры. Тәрбиелеп болам дегенше, шашы ағарады. Келіндерге: «Сүйіп қосылсаң, жастыққа басың бірге түскен жігітті өмірге келтіріп, азамат етіп, асырап, баққан әйелді осы үшін қадірлеуің керек!» деймін», – деп асыл анамыз өте көңілге қонымды ақылымен бөлісіп жатса да мән бермейміз. Ақ некені қадірлегендер көптеген келеңсіздікті бастарынан өткерсе де қателерін кешіріп, қайта бірге болады. Оларды біріктіретін тәрбиелік отбасылық құндылық.

Ақ, адал неке – адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас.

Әсел РЗАЕВА
27 наурыз 2023 ж. 822 0