№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Туған жерге сағыныш

Туған жерге сағыныш


Негізі кісі егделене келе елжірегіш келеді, бәлкім. Осы күні жатса да, тұрса да бала кездегі құлағында қалған жағалауды арс-гүрс соғып жатар Аралдың ақжал толқыны сағым болып елестеп, қай-жайдағылар еске оралатын болыпты. «Аралым менің, жанарым менің. халқының ұлы қайғысы» деп қайрылатын өлең жолдары тілінен емес, ділінен төгіліп, көне сандық-кәрі кеуденің сартап сағынышын ақтарғандай болады. Оны түсініп жатқан кім бар?

Аралдың қызы, Сыр елінің келіні – ардагер ұстазымның жүрек түкпіріндегі толқынысын ақтарған алғашқы адамы болу бұйырып тұр екен маған. Ауылдағы сегізжылдық мектебімізде бесінші кластан бастап тарих пәнінен сабақ берген апайымызды бір-екі күн бұрын орталықта кездестіріп, құшағымыз айқасып, мәре-сәре болдық та қалдық.Бұл апайымыз Зейнулла Шүкіровтың туған бауыры әрі анамның әріптесі, сыралғы ізбасары ретінде де жүрегімізге жақын.«Асықпай бір редакцияға соғармын, сонда кең отырып сұхбаттасармыз әлі.Жазушылардың папама (ол ағасын осылай дейтін (жазған хаттары бар. Соны көрсетемін» деді. «Жоқ, шаршап қаларсыз, сізге мен өзім барайын» деп уәде бергем. Лебізімді жұтпадым. Сейсенбі күні апай тұратын ауылға атбасын бұрдым.

Бұл ауыл маған да ыстық. Сәби шағымыз осы ауылдың ақ топырағында шаңға оранып, суы сырқырап аққан арықтың жағасында жалаң аяғымыздың іздері қалған. Тіршіліктері бір-бірінен аумай қалған ауыл адамдарының арман-мұңы бір, жанарын алысқа тігіп, әлденені аңсап-күткендей жылт еткен жаңалыққа құлағы түрік отырушы еді-ау.

Трассадан бұрылған тақтайдай қара жол тура ауылға апарады. Жан-жағыма алақтап баяғы таныс адамдардың біреу-жарымын көріп қалатындай болып келемін. Ауылымның әрбір үйі қора-қопсысымен көзіме аса ыстық көрініп тұр. Іздеген кісімнің үйін де дәл таптым. Желкілдеп келін болып түскен жерінде жеттім-жетілдім деп кеулі толардай жетпістің желкенінен әлдеқашан асқан ақ жаулықты анамен емен-жарқын сырласып, арман-дертін екшегендей болғанда өз көңілімнің езіліп, елжірегенін қайтерсіз?

Шіркін, балалық шақтың ыстық естелігінен қымбат не бар? Әке-шешеңнің көзін көрген,кездескен жерде тай-тұяғыңды қалдырмай хал сұрасатын есті жандардың есен жүргені қандай жақсы. Ата-анаңа еркелегендей кеудесіне басыңды сүйегенде мауқың бір басылмас па?

Қадиша апайымның құтханасы бір кесегі кетілмей әлі сол күйінде тұр демесеңіз, әбден ескіріпті. Әйтпесе осы үй заманында ең сәнді үйдің қатарынан болатын. Қоржын там жағалап әбіржіп жүретін жас отауға ақын ағалары осы аппақ тамды салдырып, ауылдың алды етіп қойып еді. Ендігі еңсесі еңкіш тартып, елдің аяғына ығысып қалыпты.
Жылдар өте жерге сіңіп кеткен тақтай табалдырықты аттап ішке енгенім сол, мұрныма таныс иіс келді. Құдай-ау, бала кездегі біздің үйдің иісі ме, уақыт кеңістігінде саңылау тауып, сары топырақта сақталған сағыныштың иісі ме, жоғымды тапқандай жан жүйем толқып, босағада еріксіз аялдадым.

Хадиша апайымның ауызғы үйде әндетіп бесік тербетіп отырған үстінен түстім. Қасында қараңдап келіндері жүр. Бұл үйдің баяғы бізбен құрдас балалары ендігі бір-бір үй боп кетті ғой. Мына үбірлі-шүбірлі балапандар қолда қалған екі баладан өрген немерелері. Мені танып жатқан ұстазым ғана. Жалбырап төргі бөлмеге оздырды. Мұнда да баяғы иіс танауымды жеңіл желпіп өткенде жоғымды іздегендей жанарым жасаурап көз қиығымен бөлменің төрт бұрышын түгел кезіп, аласа шаңырағына аңыра қараппын. Бұдан жарты ғасыр бұрынғы көрініс келді көз алдыма. Төрт жасар кезім болар, құлағым ауырып, Жаңақорғанның ауруханасында жатқан жиырма күнім жылға татып, үй ішін өлердей сағынғанмын ғой. Аудан орталығынан ол кезде көлікпен бір сағат жүріп жететін ауылдағы алтын ұямызды аңсағаным соншалық, үйге кірген бойда қақ ортада ләмпешкесі салбыраған сарғыш ала шаңыраққа қарап тұрып-тұрып «уһ» деп ауыр күрсініппін, сосын«ошы ғой, біздің үйіміз» деппін таусылып. Сол ойыма түсті. О, қасиетіңнен айналайын ыстық ұя! Сенің не сыйқырың бар сонда? Неге сені ұмыта алмаймын? Сенің құшағыңдағы ғажайып мейірімді жер бетін жеті айналсам да таба алмауымның сыры неде?
Балалық пәк күндеріміздің куәсі болған қасиетті мекен жалған өмірдің жалғыз жарқылындай түпсанамызда мәңгі сақталар тұмарымыз. Адам баласы сол үшін де бақытты екен-ау.

Апайымыз біздің Аралдың қызы болғанда көне Бөгенде дүниеге келген. Сол жерде бастауыш мектеп болған. Әкесі өте зеректігімен өздігінше оқыған, орысша, татарша тіл білген кісі екен.Сол зеректігімен ферманы басқарған, дүкен ұстаған. Соның бәрінен де бұрын ол балықшы болған. Талай балық аулауға мұны да алып баратын көрінеді. Қайықпен. Алдын ала тор құрып кетеді екен. Содан соң ауға түскен нән-нән балықтарды қайыққа жайғастырып жағалауға алып келеді екен.

Ал өзінен бір мүшел үлкен ағасы тоғыз жасында түйеден құлап мерт болып, төсекте отырып қалды. Теңіз есіктің алдына дейін келіп ұрып жатады екен. Соған ойлы көзін қадаған жас кеудеде жанартау тұтанып, жасын боп ойнаса, ғажайып әлемге жетектеген періште-жыр қанатына алса, ол осы теңізінен, сол теңіздің айналасындағы тірішіліктен құйылған құдырет емес пе екен?

«Алты айлығымда жүгіріп кеткен екем мен,
Мың алғыс саған тағдырым менің – Төтеннен
Тас бұғау салып, төсекке таңдың тұрғызбай,
Мен байғұс, бәлкім, көбелек болып кетер ме ем» деп жазмышын жырға айналдырған ақын жүректің жұмбағы не екен?

Бір білетіні, бала жастан жалғыз ғана жұбанышы болған кітапты көне Бөген¬нің кітапханасында Зәмза апайының қолынан алып, түгел түгесіпті. Анасының нар түйені қомдап, жолға шыққандағы ойы жарымжан баласына Аралдың кітапханасынан кітап алу еді. Араға бір қонып, жүз елу шақырым жердегі аудан орталығына жетіп, кітапхананы тапқанмен мақсаты орындалмады. Рай¬ы¬нан қайтпай, райкомға кіріп жүріп құлынына қат дүниенің құлағынан ұстап, қуанышты оралды ауылға. Содан бас¬тап ерінбей-жалықпай екі араны жол қы¬лып, «Қарадомбайына» кітапты қаптап тасыды. Сондағы бар арман-дерті, қайт¬се сол балапанының көңілін аулап, дертін жеңілдетпек, қайтсе белуардан төмен жан кетіп, домаланған жұмыр кеудедегі үміттің шырағын үрлеп, сәуле ғұмырына шырай дарытам деп дамыл таппады –ай.

Кейін бұлар Жаңа Бөгенге қоныс аударды. Зейнулладан кейін туылған қос бүлдііршін осы мекенде дүниеге келді. Сол екі қыздың бірі – бүгінде Қожамберді ауылының келіні, ел анасы деңгейіне жеткен Хадиша апаның балалық шағы айнадағыдай көз алдында тұр ғой. Соны жыр ғып айтып берді.

Сырдарияның Аралға құйып жатқан сағасы, үйлері биікте, айнала көкпеңбек шөп, бала біткен бота, құлын, қозы-лақ өргізіп, ойыннан да құр қалмайды. Бәрінен де жаз жайлауға көшкен кезді айтсаңшы. Құмды жерде арам шөп өседі, оны жеген мал қырылып қалады деп қарауындағы түйе-жылқыны алдыға сап жайылымға көшетін ағайынмен бірге ырғалып-жырғалып бұлар да қозғалады. Көш басы «Шықыманды» артта қалдырып «Сапаққа» жеткенде жануарлардың бас жібін тұсап, қонаға бір түнейді. Түйенің қомына тиелген местің шүмегінен шөлдегенде сусын қандырып, басқа уақытта шайқатыла-шайқатыла сабадағы сүт бетіне мелдекгеген сары майды бөліп алып, тоқтаған жерде шоққа көміп жауып алар ыстық нанға қарып беріп, қарын тойдыратын дәмнің тәттілігін айтсаңшы.

Жайылымға барып, үй тігіп, орнығып алғаннан кейін ала жаз саба-саба сауылатын қымыз-қымыранды Аралға тасымалдап пұлдау қарекетіне кірісіп кетер тіршілікке тыныс бітеді. Төрт-бес түйені жолға дайындап шұбаты пен қымызы, одан өндірілген құрт-ірімшігін артса, бөлек түйеге жай дайындап мұны тастамайтын анасы мен екеуінің Аралға келгенде тоқтайтын нағашылары Ебейсін, Көбейсін деген белді қызметтегі ағалары бар, күннің ыстығында сол кісілердің үйлеріне аялдап, шаруасын бітіріп, кешкі салқынмен жайлауға қайта бет түзейтін қайран естеліктің бәрі өткен күннің еншісінде қалды.

Қыз баланың ойындары да қызық. Неше түрлі әдемі ыдыстардың сынығын жинап, үйшік ойнайды. Көрпе-жастық жасаймын деп ағасы Алматыдан алып кеп берген батсайы матаны да қидалап қиып тастағаны бар. Соған анасы кейіп бір ауыз қатты сөз айтпапты. Не деген керемет жан еді. Кереметтігі сондай, оған ерінің де артық зекіп сөйлеген кезі болмапты. Тіпті атын да тура айтпай, «Набатжан» деп атаумен өтіпті. Қатты қадірлепті. Бұл кісіні айналасында жақсы көрмейтін жан қалмапты. Кейін ақын ұлының жағдайымен қалаға келіп отырғанында да үйге күн құрғатпай келетін ақын-жазушының бәрі осы кісіні өздеріне қатты жақын тұтып, анасындай қадірлепті.

Ел басына түскен ашаршылық кезеңде де қазаны оттан түспеген қайырымды жан өзегі талған талайға таяныш та болыпты. Соның ішінде мына бір оқиға есте қаларлық. Бірде күбі пісіп күмпілдетіп жатқан үстіне әлдеқайдан басы ауып, қорған іздеп, босағасынан сығалаған бес балалы әйелді жатсынбай қабылдап, қатарға қосуы, кетерде емшектегі баласын алып қалып, бауырына басқаны да ерлікпен тең. Ондағы ойы жарымжан ұлының артынан қара ерсе деген тілек. Обалы не, бар мейірін төгіп, басынан құс ұшырмай мәпелеген олжа баласы өздеріне әжептеуір алданыш болып құлдыраңдап шауып жүргенінде кейін есін жиып алғаннан кейін емешегі езіліп, қайта айналып соққан қу шешенің құшағында кетіпті.

Әлі мектепке бармаған кезі, анасы біраз бой сергітсін деді ме, қаладағы немере ағасынікіне қыдыртып жіберді мұны. «Көкелерің әйел алыпты» деді Темірхан ағасы ықы жоқ, тықы жоқ. Бұл сенген жоқ. Анасының ерінің құлағын сарсылтып «Әй, шал-ау, қартайып келеміз. Мына қарадомбайдың ізінен еретін тұяқ керек қой. Мен өзім таңдап әйел алып берейін» деп көндіре алмай жүргені қашан. «Сенбесең, мә, мына хатты оқы» деп ағасынан келген хатты қолына ұстатты. Тіп-титтей бүлдіршін ағасынан оқып, әріп танып, кітапханадағы ертегі кітаптарды қоймай оқып жүргенін қайдан білсін, Зейнулланың майда маржан жазуын бірден танып, мазмұнын оқып алған соң ал жылауға бассын. Басына шын пәле тілеп алған Темірбек ағасы апыл-ғұпыл жолға жиналып қызды жетектеп Бөгенге жал тартуына тура келген.

Келсе, шынымен есік алдында біреу отыр. Сәби мыйына еш сыйдыра алмай ертегіде оқыған мыстан кемпірге теңеп, шыңғырған пәлекей қызын зорға басып, «Олай деме, ол сенің шешең ғой. Ол сенің анаң болады» деп айналып-толғанған анасы осы сертіне өзін де амалсыз көндіріп, іріген көңілін әрең іркіп тұрғаны анық еді. Алдын ойлаған ақылды ананың осы ниеті оңғарылып, қарадомбайының артынан ұл да ерді, қыз да ерді. Өзі де көңілін бекемдеп, қарашаңырағын, қолдағы бар мал-жанмен қоса басы бүтін осы екеуіне табыстап, ендігі уақытта бар мақсат-мұратын шығармашылықтың жайымен қалаға қоныс аударған қаламгер ұлының бабын табуға арнап, қасынан қарға адым ұзап шықпапты. Сол жылдары обкомның хатшыларына арналып салынған кең сарайдай үйден жай беріліп, аяулы ақын анасымен бірге соңғы күндеріне дейін осы шаңырақта өмір сүрді.

Міне, осы кездері ағаның үйі ақжайлау әріптес іні-достың жиі бас қосатын мекені болған екен. Қай кезде де қонақ келсе де қабағын шытпай, зыр жүгіріп қызмет жасайтын ана шіркінге әл-қуат дарытып қоятын күш бар, ол жанына қара жиылса жанарынан мұң жоғалатын қарашығының бір сәттік қуанышы. Сол үшін барын салып, бардың бабын тауып аяқ-қолы жерге тимей кететін ана-жүректің құдіретіне не дерсің?

Мектепте оқымаса да өздігінше ізденуден жалықпаған көкірек көзі ашық ана газет-журналға үңіліп, теледидар тетігін де бұрап қоятын көрінеді. Ол кезде бар-жоғы екі-ақ канал, хоккей болып жатса да аяғына дейін көріп, «біз үшін көрсетіп жатыр ғой» деп доп қуғанның да көңілін қалдырмай телевизор ағарғанша отыратын әулиелігін күліп еске алды қызы Хадиша апа.

Жетпіс алтыншы жылдары әз-ана өмірден озыпты. Ақынның қатты қиналған тұсы осы кезеңдер болса керек. Рас, қарындастары Хадиша мен Малика кезектесіп келіп, қарасқан болғанымен отаны бөлек жандар емес пе, анасындай қайдан болсын?

Сол күндері бізге тарихтан сабақ беретін апайымыздың аптаның соңына қарай тықыршып жаны иненің ұшында тұратын кейпі көз алдымда. Ұшарға қанат жоқ демесеңіз, туған бауырдың мүшкіл халі жанды жемей тұра ма? Апта, ай аралатып барып болсын туғанының жанында жағдайын жасап сәл де болса көңіл орнықтырған қатал апайымыздың рең басы да жарқырап, сабаққа көңілденіп келіп, өзі ғана емес, шүпірлеген балаларына дейін иығы жаңарып, үлде мен бүлдеге оранып, оңалып қалатынын бала да болсақ аңдап, алыстағы ағаға біздің де ішіміз жылып қалатын кезіміз көп еді. Бауырмалдылықтың лебі баршаға ортақ екен-ау.

Көп ұзамады, анасының соңынан ақын жүрек те аттанып кете барды.Обкомның берген даңғарадай үй-жайы, біраз қаржысы бар жинақ кітапшасын енді кімге аманаттаймыз дегенде ағайынның ниеті баласы көп, жағдайы да келісіп тұрмаған Хадишаға қарай ауып тұрғаны белгілі болды. Сонда Қадиша апайымыз азар да безер болып, «кеткен қыз шиден тысқары, Құдай маңдайыма берсін» деп қайран ағасының орнына ортақтаспаған мәрттігіне бірге еріп барған абысын-ажындарына дейін таң болып, бас шайқасты. Ағасының жалғыз жанарымен көз майын тауысып, тапқан өз қаржысына да қол сұқпай, анасы екеуі қатар жатқан мазараттың басына биік етіп мемиорал белгі қоюға бұрғызғаны қандай көрегендік болды. Оның еңсесі бүгін де асқақ тұр.

Ақын аға соңғы кездері анасын да, туған Аралында аңсағаны ма, ашық-жарқын қалпынан тыйылып, жазудан да қалып, жабырқаңқы күй кешкенін айтты апа. Кісі есейген сайын жаутаңдап сәби сынды болып қалады екен, қайран ақынның қарадай жасыған болмысы қабырғасына аяздай батыпты.

Кеудемнен басып қозғалтпай сырқат бір залым,
Кірпігім ғана қимылдап жатқан құр жаным...
Туған ел сонда төсектен аллдың көтеріп,
Туған ел, саған ырзамын! Деп ағынан жарылған ақын емес пе? Кір жуып, кіндік кескен атамекені – Аралына алып барсақ серпілер ме екен, жаралы жаны жадырар ма екен деп те үміттеніпті. Ағасы ия десе арқалап болсын апаруға әзір еді. Бұл кісі Аралдан көшкенімен тұтас туған жер табиғаты пейілді перзентінің көкірегіне кеп баяғыда орнығып алғанын бұл қайдан білсін?

Құдай маңдайыма берсін деп келген жерінің кеудесін бермей, тоқмейіл биігінде қалған қанағатшыл пендесін жомарт Құдайдың жарылқағаны не сонда? Ері ертерек дүниеден өтті. Он екі ұл-қызының екеуі ертең арғы дүниеде шапағатшы боп алдынан шығарын көңілге медет тұтқан болады. Бес баласы бар қолдағы ұлы арғы жылы көлік апатына түсіп, аяғы балдақта жарымжан боп төсекте жатыр екен. Қарашаңырақтағы тағы бір ұлы ауылда жұмысшы. Қалған балалары өзімен-өзі, анасына салмақ салмағанына шүкірлік қылар жайы бар.

Іргесі қаланғанына жарты ғасырдан әлдеқашан асып кеткен баспанасының төбесі құлайын деп, ортасына түсіп кетпес үшін шаңырағын сыммен шандып байлап тастап лаждап отырғанын айтты апай.

Осы сәт қырық жыл бала оқытып, тек адалдыққа тәрбиелеген қамкөңіл ананың ар-ұятын қызғыштай қорып, тағдырға тістей қатып қарсы тұрған қаталдығынан, қайсарлығынан тапқан олжасы қайсы деген азғырынды қиял жанымды жесе болар ма? Түскен жұртым – алтын босағам деп арқа сүйеген аналары, одан да бұрын ұстазы, осы апайымыз алдарына жағдай айтып барғанда ауыл басшылығының «он балаң бар ғой, жағдайыңды соларға айт» деп шығарып салғанына жол болсын. Өздерінің қолынан келмесе осы ауылдан шыққан жұлдызы биік азаматтарымыз бар емес пе? Соларға қолқа салса да, Құдай біледі, мерейін бір көтеріп тастар еді ғой. Өмірінде жәрдем сұрап біреуге алақан жайып бармаған сүйегі асыл ұстазымызға ендігі аз қалған ғұмырында сүйеніш болсақ несі артық?

***

Кешегі жаз Хадиша апаны Алматыда тұратын қызы Қалдашы Қапшағайға демалуға алып барыпты. Жүрісі әлі де ширақ, асылдың сынығы, айбатты мінезді апа болса жағалауда күнге қыздырынып жатқан жұртта жұмысы қанша, көкпеңбек суға көйлегімен күмп беріп құлаштай жүзе жөнелген қалпына әуелгіде өзі де таң қалыпты. Бара-бара баяғы Аралында жүзген балалығы ұстап, түбіне сүңгіп алып еді, су сүйген маңдайы жарқырап, айтып жеткізгісіз қуаныш кернеді кеудесін. Анасының төсіне ұмтылған бала құсап қияға саусағын жайып, сағыныштың жасын бір төкті-ай кеп. Ешкімге емес, жарқырап жатқан қиялындағы Аралына арман-мұңын шақты-ай кеп. Өмір дегеніміз – өткен күн емес, елес боп жарқ етер жарқын естеліктер екен ғой. Кім білген... кім білген...

Жарты күн жан сырын ақтарған ұстазыммен қоштасып, алтын ұямды қимай, артыма жалтақтап қарай берген менің жағдайым да осы сәт апайым бастан кешкен сезімнен бір де кем емес-ау деп түйдім.

Баян ҮСЕЙІНОВА

30 қазан 2022 ж. 692 0