№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Айнымас асыл


Биыл туылғанына 95 жыл толатын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «Қазақтың Островскийі» атанған қайратты қаламгер, арынды ақын, дарынды прозашы Зейнолла Шүкіровтың осыдан он бес жыл бұрын 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қожамберді ауылдық клубында алқалы жиын ұйымдастырылған еді.
Осы кешке қадірлі қонақ ретінде арнайы шақырылған аяулы ақын ағамыз Адырбек Сопыбеков тайлы-таяғы қалмай жиналған жұртшылықтың алдында толқи сөйлеп: “Сендер бақыттысыңдар. Ақынның туған бауыры алтын бесіктеріңнің анасы атанып, ұрпағын жалғап, әулеттің туын тіктеуге атсалысып жүр. Асылдың сынығындай мұндай жанды бағалай білу аз, алақанға сап аялай білу керек” деп еді. Ақын аға меңзеп отырған бұл тұлға- ардагер ұстаз, Батыр ана Хадиша Шүкірованың осы ауылға келін боп түсіп, өсіп-өніп, өркен жайғанына биыл туп-тура жарты ғасыр болыпты. Бұл кісінің алдынан кезінде өзіміз де дәріс алған едік. Ол кезде қадірін білдік пе, білмедік пе, бірақ нақ бүгіндері әдебиет атты ұлы мұхитты жаралы кеудесімен жарып өтіп, жарық өмірге деген ұлы махаббатын жүрегінің сиясымен өшпестей етіп жазып, соңына қалдырып кеткен жасын мінез, жалын ақын Зейнолланың өзі болмаса да көзі, алмастай ақиқатының сөзі, шерлі тағдырының шежірешісі, өткен өмірінің шынайы куәсі, асыл жанды апайымызбен бір кездесіп, жазушы жайында сыр бөліссек деп армандап жүретінбіз. Соның сәті түсіп, ойға түйгенімізді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.


Аттай жиырма бес жыл ауылдағы №162 орта мектебінде ұстаздық еткен Хадиша апайымыз Қызылорда пединститутының филология факультетін тәмамдаған екен. Ауылда маман жетіспейтіндіктен алдымен бастауыш мектептің мұғалімі болыпты. Одан әрі тарих және жағрафия пәнінен ұзақ жылдар сабақ берді. Келе-келе осы ғылымға қатты құмартып, бауыр басып алғаны сондай, ұстаздық тағдырының тіреуішіне айналған тарих пәніне деген құрметінің ескерткішіндей бір ұлына Рим деген есімді еншілетіпті.

***
Ұстаз ана қапас түнекті қажырлы жігерімен бұзып өтіп, тар маңдайға біткен қатыгез тағдырға мойымыған, табиғат берген талантының арқасында тылсымның тілін түсініп , оған өзінің де жүрек үнін қоса алған ағатайының арманды ғұмырының қай қатпарына, қай кезеңіне қиял жіберсе де көз алдына қарлығаштай қамқорын аямаған, дімкәс баласының жанынан бір қарыс ұзамаған қайран анасының елесі көлбеңдеп шыға келеді. Ана мен бала ажырағысыз бір ұғым тәрізді. Құдай ажыратпаса адам ажырата алмаған алып бір құдырет сынды. Бірінсіз бірінің күні жоқ, жаны бөлек демесең бір жүрекке телінген, біріне-бірі тіреу боп, бірін-бірі демеген, жылынып бір шырақтан, бірін-бірі жұбатқан қос мұңлықтың ғұмырын жеке дара елестету еш мүмкін еместей. Ия, ақынды ақын етіп, ел танитын деңгейге жеткізген оның анасы еді.
Егер анасы болмағанда тағдырына өкпелі жас өскін қанатынан қайрылып, қайғы-шерге батар ма еді, бір бұрышта қараусыз керексіз боп жатар ма еді. Жоқ, ана шіркін баласы үшін басын тауға да, тасқа да соғады екен, тіпті шамасы жетсе аспандағы айды да алып беруге пара-пар ерлікке барады екен. Айтқандай, Зейноллаға жүкті кезінде анасы мынадай түс көріпті: Жұлдыздар жамыраған аспанда күн менен ай қатар туып, көкте күліп тұр, ортасында бір ұл бала ойнап отыр екен. Шырақшыға түсін жорытқанда, ол кісі: Ұл бала туады екенсің. Ол елді аузына қаратқан қасиетімен халқына қадірлі, көпке көлеңкесін түсірген сақы, салих амалдарымен пенделіктен биік тұратын, Жаратушысына жақын адам болады екен, деп батасын беріпті.

***
Ескібөген мен аудан орталығын жалғайтын жүз шақырымнан аса құмдауыт жолға астына мінген түйесінің ұзын тұяқтары шұбырта ізін тастап, басында ақ жаулығы желбіреген бір әйел адам келеді. Кеше таңертеңгісін күн шықпай жолға шыққанмен жолай кездескен малшы отбасының үйіне бір түнеп, қайтадан ертелетіп сапарға шыққан беті. Орталыққа түс ауа әрең аяқ іліктірді. Сұрай-сұрай аудандық кітапхананы да тапты. Есік алдында бел суытып, су ішіп, біраз тынығып алғаннан кейін, ішке кіріп жағдайды түсіндірді. «Өзі бір ерекше туған елгезек ұлым бар еді. Бірінші сыныпты өте жақсыға бітіргендіктен аттап үшінші сыныпқа өткен. Қатарларымен тайлақжарысқа түсіп, ойынды қыздырып жатқанда алдынан қабаған ит шыға қалып, астындағы жануар оқыс үркіп, үстіндегі бала ауып түсіп қалады. Осы құлағанда омыртқасы ауытқып орнына келмей сал болып қалған жайы бар еді" деп, одан әрі баласының оқу-білімге ынтықтығын, ауыл кітапханасындағы бар кітапты оқып тауысқанын, енді егер мүмкін болса аудан кітапханасынан көтергенінше кітап алып кетсе ұлының жарым көңілін телегейтеңіз қуанышқа бөлейін деп тұр. Соған, Тәңір жарылқасын, қол ұшын созып, кітаптарымен қараса тұрса екі-үш жетіде түп-түгел әкеліп, табыстап тұрады ғой. Ананың өтінішіне бұл жақтағылар құлақ салып, түсіне қарағанымен танымайтын кісіге мемлекеттің мүлкін арқалатып жіберуді заң қостамайтын тәрізді. Амал жоқ, салы суға кетіп, кітапхана үйінен еңсесі түсіп шықты. Баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын ана жүрегі алған бетінен қайтпай, енді «райкомның өзіне барып жағдайды түсіндірейін» деген ойға келді. Сұрай-сұрай жүріп «Ақ үйді» де тауып алды. Бірінші хатшының алдына кіріп, жағдайын түгел баяндады. Кітапхана басшылығына жас оқырман Зейнолла Шүкіровтың анасына сұраған кітабын түгел беру туралы тапсырма беріледі. Одан бөлек «Менің өзімнің атымнан батыр жігітке мына сыйлығымды табыс етіңіз» деп Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты кітабын тарту етті. Анасының алып келген дүниелеріне Зейнолла жүрегі жарылардай қуанды. Әсіресе, «Құрыш қалай шынықты?» кітабы оның сұрықсыз өміріне ғаламат өзгеріс әкеліп, жарым көңілді жарқылға бөлеген, бойына жігер құйып, келер күнге үміттендірген, ғажайып құбылыс болды. Анасы әкелген кітаптарға құныға бас қойған балақан бір қап кітапты айналасы бір айдың ішінде бітіріп тастайтын. Анасы орталыққа жүруге тағы қам қыла бастайды. Осылайша, екі аяғын тең баса алмайтын ұлан бір жамбастап жатып, дүниенің кітабын тауысып, таным көкжиегін дамыта берді, дамыта берді.

***
Зейнолланың әкесі Мұхаммедханафия ( жұрт Әнәпия деп кеткен) да қаражаяу емес-ті. Арабша, орысша, ескіше де сауатты кісі болған екен. 30- жылдары ферма меңгерушісі, колхоз бастығы болыпты. Сол кездері бір жалаға ілігіп, «халық жауы» ретінде айдалып кетеді. Жары Набат бауырындағы бір ұл, бір қызымен қала береді. Он жылға кесілген Әнапия жазаның тоғыз жылын өтеп, оныншы жылында туған жеріне оралған екен. Қыздары Гүлжаһан, Хадиша қыр­қыншы жылдардан соң өмірге келеді. Әнапия өзі ақын,өзі сері,ел ішінде белгілі жырау болған кісі. Таңды таңға ұрып жыр тақпақтатқанда таңдай қақпаған жан болмайды екен. Өзі домбырада шебер ойнаған. Осы келіншегі Набатты айттырып алып келе жатқан жолда серіні біреулер қуып жетіп, ана таудың астында өтіп жатқан тойға шақырып кетеді. Қалыңдығын қасындағы әкесінің інісіне аманаттаған жігіт желе-жортып жиынға жөнеледі. Көкесі күйіп-пісіп қала беріпті. Түнімен жыр төпелеген жырау жігіт таң ата өзінің ауылына тойға арнаған сойысын жетектеп келіп жетіпті. Әкесі осындай сегіз қырлы , бір сырлы болғанда Зейноллаға өнер жат болсын ба. Зейнолла да домбыраны шебер меңгеріп алды. Аспапты тарта білуі өз алдына, балық аулайтын аудың қалтқысынан перне жасап, домбыраға тағып, бір шетін шәй столдың астына орнатып, "Ортекені" ойнатқанда тәмам жұртты есінен тандырған екен. Бір сәт «мондалинді" қолына алып, өзгеше әуенмен тәнті етсе,енді оны қоя беріп «Гауһартасты" қалықтата жөнелгенде қоңыр даусы құлақтың құрышын қандырып, жүректерге нұр сепкендей болады.
Сонау 1955 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Менің достарым" деген тұңғыш жыр жинағы жарық көрсе, қашан қаламы қолынан түскенше қалың қауымға ұсынған отызға жуық поэзиялық туындыларының баршасы туған жер тақырыбына арналды. Арал-оның ақжелкен арманына қанат байлаған, жігерін қайраған қаранар қамалы, жанының жамалы болды. Ақын жаны Аралын өмір бойы сүйіп өтті. Аралдың толқынымен ән шалқытып, Аралдың толқынынан жыр жаудырды. «Кіндігім бірге Аралмен, Теңізден тыныс алам мен. Ақпейіл анам секілді, Алдымда жатыр далам кең. Сырласып жібек самалмен, Желпінсе жүрек жаңа әнмен. Теңіздей жаным кең шалқып, Теңіздей толқып қалам мен. Аспаны қандай Арал кең, Күрсініп неге алам дем? ...
Бір жұлдыз болып қалам мен,- деп жырлайды ақын. Аралдың басына төнген қасіреттің зардабын бір ғана ел емес, әлем жұртшылығы қатар шегіп, адамзатқа қауіп төнерін сол кездің өзінде пайымдай білген зерек ойлы жазушы "Ғажайып құмыра", "Тоғысқан тағдырлар" кітаптарында осы тақырыпты көтеріп, "Қиын түйін" романында осы проблеманы тереңнен толғады.

***
Ауылда жатып, атағы Астанаға дүркін-дүркін жетіп жатқан жазушыны Алматыға шақыру жиіледі. Ауыр халінен жасқанып шақырту алған жиындарға да зауқы шаппайтын ақынды дос-жолдастары көтеріп жүріп болса да қастарынан қалдырмауға тырысты.

***
Облыстық партия комитеті қаладағы Фурманов көшесіндегі №6 үйді ақынға тарту етті. Набат апа Қарадомбайына (Зейнолланы осылай деп атап кеткен) көлеңкедей ере келіп, өмірінің соңғы күніне дейін ұлының бүкіл шығармашылық жұмысына жағдай жасады. Бұл туралы Хадиша апай былай деп толғанады. – Бұл үй өте кең, бөлмелері көп болатын. Қонақжай папамның (ағасын ол осылай атайды екен) бір күн жалғыз отырмауына бұл жақсы жағдай туғызды. Әдебиеттің айналасында жүрген жастар, қаламгерлер, өнер өкілдері, жас талапкерлер күн құрғатпай келіп тұрды. Папам қолынан келсе бәріне жәрдемін тигізуге асығатын. Қызылорда пединститутында оқып жүрген Тынымбай Нұрмағанбетовке бір бөлмені босаттырып беріп, қамқорына алды. Айжарық Сәдібеков, Қази Данабаевтар біздің үйден тарап жататын. Адырбек аға Сопыбеков осы үйдің бір баласы болып, келіншегімен бізбен бірге тұрды. Молдахмет Қаназов "Сыр бойы кітабындағы елдің шежіресін жинақтап жүрген папамның көңілін жықпай,арқалап жүріп Қарақалпақстандағы ағайындарды аралатып қайтқаны есімде. Тұрмысқа шығып кеткен соң қысқы және жазғы каникулда балаларымды ертіп папамдыкіне баратынмын. Үйлері сол баяғысынша қонақтан босамай жатушы еді. Апам қабағын бір шытпай, қонақ күтуден жалықпай зыр жүгіріп жүретін. Баласының қаламақысынан түскен қаржыны қонағына жұмсап, ботасының қабағы жадырап отыруы үшін жанын салып жүгіруден шаршамайтын . Қазы-қарта, жал-жаясы оттан түспей, ағарғаннан жасалған дәмнің неше түріне дастархан үстін толтырып қоятын. Алматыдан келген жазушылардың бірде-бірі біздің үйге соқпай кетпейтін . Қонақүйді ұмытып, апталап папамның жанында болатын. Апам соның бәріне уақыт тапты. Ары өткен, бері өткенде Мұқағали жиі соғатын "Зәке",- дейтін ол,- Сіз мықты ақынсыз. "Жоқ" дейтін папам. "Сен менен де мықты ақын боласың!" Шәмші жиі атбасын бұратын қаңғалақтап. Келген сайын алды кең, жүрегі жомарт жан сырласының қолпаштауынан қуат алып, құлашын кеңге сермеп, шалқар теңіздей тасып-төгіліп, тамаша әндер туатын. "Жайраңдап жазда ағатын еді, Есімде қайран сол сұлу. Таңертең сонда баратын еді, Толқынға құмар бір сұлу. Аңсатса Сыр өңірі, Ән тербер жүрегімді, Өзіңнен туған ұлың айналсын. Жаралған шаттық үшін, Жайқалған ақ күрішің Қайран сол, Сыр сұлуы, қайдасың? Бірінің тәні жаралы, бірінің жаны жаралы егіз болмыстың ақ желкен арманы қалықтай ұшып бір кеңістікте түйісіп, осылайша ортақ арнасын тауып кете барар еді.

***
...Анам алпыс сегіз жасында өмірден озды. Бүкіл Сыр өңірі қабырғасы қайыса қоштасты. Нағыз жетім, шын қорғансыз қалған ақын жаны бәрімізден де терең күйзелді. Қаралы жиында басу айтқан Қасым Қайсеновтың: Әй, Зейнолла! Набат - сенің ғана анаң емес, ол біздің де анамыз, бәріміздің анамыз. Қазақтың анасы. Қазақ болып қабырғамыз қайысып отыр» деген сөзі әлі есімде. Ұстаз ана сөзін осылай аяқтады. Әлі айтылмаған, ақтарылмаған сыр қанша... Кісі үміт сәулесін сөндірмей өмір сүру үшін көңіл түкпіріндегі шоқты қайта-қайта үрлеп отыруы керек. Әйтпесе ол қоламтаға айналады. Ақын жүрегіндегі үміт сәулесі оны сөндірмейтін шын жанашырға зәру еді. Атам қазақ "Жалғыздық Құдайға жарасқан", "Қосағыңмен қоса ағар" дегенді қандай тауып айтқан. Ақын ендігі бар жанашыры да, сүйеніші де жүрегінен шыққан шығармаларына адалдық танытып, өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамады. Бір кездері қуарып, біз кездері суалып, кемелері жағада қайырлап қалса да арнасы қайта толып, толқыны жағасын сабалап жатқан Аралдың тағдыры мен ақын тағдырында ұқсастық көп. Жаратушы екеуінің де табиғатын мәңгілік тазалыққа құштар етіп жаратқан. Жазмышы маңдайдан сипап еркелетпесе де айнымас арына арқа сүйеген өр кеуделі ақын аға жанына зәредей де кір жуытпады. Жарық өмірге пәк болып келді, пәк болып кетті. Ал айнадай айдынында аппақ кемелер жүзген тілсіз Аралдың мәңгілік тағдыры адамдардың қолында...

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

18 наурыз 2022 ж. 414 0