№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Аралдан ұшқан аққу ем...

Аралдан ұшқан аққу ем...


«Әйелдің бағы барған жерінде жанады» деп жататын үлкендердің сөзіне кезінде көп мән бермеппіз.
Қыз бала келін болып түскен елге үйренісіп, бір адамындай сіңіп кетуі жеңіл-желпі нәрсе емес. Өз басымнан айтарым, жастай қоғамдық қызметке араласқаным бар, оның үстіне жалғызілікті анама қарайласамын деп отыздан асқанша өз басымның бақытын жиып қоюыма тура келіпті. Комсомолдардың  облыстың бір шарасында жаңақорғандық Аманқұл деген әріптеспен жолығып,  көңіліміз жарасып,  ақыры жұп болып ғұмыр жалғауға серттестік.  Жары мезгілсіз қайтыс болып, екі қызы, кішкентай ұл баласын өзі бағып-қағып, өсіріп жатқан жігітке менің рухани демеуім де аса қажет екенін келген күннен түсіндім.
Атамыз Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі, кемпірі ертеректе дүние  салып, бар қамқорлықты осы қарашықтарынан күтіп отырған жайы бар екен. Міне, маған келген күннен бастап осындай жауапкершілікті иығыма артуыма тура келді.
Несін жасырайын, бір аймақтың адамдарымыз десек те Аралдың қызына бұл елдің көп тіршілігі тым тосын тиді. Үйлесіп кете аламын ба деген уайым да аз болмады. Менің қолыма қарап қалған жауқазын сіңлімді кейін қамқорлығымызға алған Аманқұл екеумізге мін тағу аздай, өзінің қызы бар екен, қолына алыпты деген жел сөз тарады. Аз бұрын жетінші сыныпта оқитын сіңлімді үйдің жанындағы №125 орта мектебіне орналастырған едім. Сонда мектеп директоры Хадиша Баязитова апамның алдына барғанмын. Аралдың қызы екенімді біліп, арқамнан қағып, «Аманқұл менің оқушым болған. Сабақты өте  жақсы оқыды. Тәртіпті, кішіпейіл болатын. Қазір де сондай, ол жігітпен қол ұстассаң қор болмайсың» деп көңілімді көтеріп тастады. «Бір апам бар» деп араласып тұр деп үйіне Аманқұл екеумізді қонақ етті. Балалары жас, үлкендері студент. Әлеудин көке туған ағайымдай көрген жерде қызындай еркелетіп, дем беріп қоятын. Анадай өсекке шыдамай, апай мен ағайға әбір-жәбір ақтарылып, төркініме кетпек болған шешімімді айттым. «Жұрт айтса бір күн, екі күн айтады, өтіріктің құйрығы бір тұтам, жел сөз жайына қалады. Соған бола өзіңнің де, нешеме жанның тағдырын да тас-талқан етпексің бе» дегенде  ентігім басылып, ес-ақылымды жиып, жаңа бір міндетті арқалап шыққандай болдым. Жаман болмадым. Мамандығым бойынша ұстаздық еттім. Балабақша меңгерушісі болдым. Аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман, одан әрі басшы болып қызмет атқардым. Әйелдер ұйымы жұмысына белсене араластым. Қазір зейнеттемін. ораза намазымды түгендеп, Аманқұлдың артында немерелерімнің ортасында бақытты ғұмыр кешудемін.
Осы жақында таң ата Хадиша апам түсіме кіріпті. Әдемі болып, жасарып кеткен. «Бірінші шығарған кітабым, соны саған берейін» деді. Қуанып, айқайлап жіберіппін. Оянып кеттім. Түсімді көңілімдегі бір кісіге жорыттым. Ол жақсылыққа жорыды: «Кезінде ішкі саясатта жүргенде апай екеуіңіз аудандық мұсылман әйелдері қоғамының шараларында бірге жүріп елге қызмет еттіңіздер. Қаншама жастың көкірегі иманмен нұрланды. Енді осы жұмысты сізге жалғастыруға аманаттап жатыр екен» деді.
Иә, аналар, қыз-келіншектер, біздің жақсы сөз айтқанымыз да, жарқылдап, жақсы тілекте жүргеніміз де мына ел үшін құт, береке.
Алла ынтымағымыздан айырмасын!
Әдемі Дәрібаева
07 наурыз 2022 ж. 350 0