Адырбек Сопыбеков туралы толғаныс.
Әрбір қалам иесінің өз туған жеріне перзенттік пейілі бөлек. Бұл орайда аяулы аға Адырбек ағаның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін көзі қарақты оқырман түгел мойындайды.
Адырбек-ағаның бір ерекшелігі – поэма жазуды да шебер меңгергендігі. Оны Адырбек Сопыбековтың өзінің туып өскен жерінің дін өкілдері адамдарына арнаған жырларынан, оларға зор ықылас танытуынан көреміз. Аллаһ сөзінің ұлы мағынасын терең ұғынатындығын қатты сезінеміз. Һисамиддин Сығнақи (Сунақ Ата) мешітінің ашылар кезінде оқыған өлеңінде:
Қиянат етпей ақ жүрсең,
Сақтайды өзі бір Алла!
Шығып жатса саңлақтар,
Халқың өзі салмақтар.
Мешіт деген құт орын,
Риза болып ел мақтар,
Осында болған әр жанды
Қорғайтын бір Алла бар! – деп халықты имандылыққа шақырады.
А.Сопыбековтың туған жеріндегі атқарған қоғамдық жұмысының өзі бір төбе еді. Елдің азаматы өзінің туған топырағына жақсылық ұрығын сепсе, өз жұртын аялап, өзге ұлыстың көрінген биігінен төмендетпесе, еңбектің үлкені осы емес пе? Соның бір дәлелі, Адырбек Сопыбековтың Қазақстанның халық ақыны, халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған Манап Көкеновтің шығармашылық өнер мектебін басқаруы еді. Оған кезінде шын көңілмен қуандық. Ол Манап. Көкеновтың кітаптарын жинастырып шығаруға ұйтқы болды. Аманатын адал, шын пейілмен мүлтіксіз орындады.
Сонымен қатар А.Сопыбеков өзінің сырлас досы, қимас інісі болған Бексұлтан Байкенжеевтің өмір жолы мен шығармашылығына арналған "Сағынтып кеткен Бексұлтан" атты кітапты да шығарды. Бұл Адыкеңнің өнерге, қатарласқа деген жанашырлығын айғақтайды. Бексұлтанның әндерін кім сүйіп тыңдамайды дейсіз. Бір сәт болса да бойыңды жадыратар өнер күшінің қасиетін ұққан композитордың қаншама әндері қалды соңында. Соның да іздеушісі, осы Адырбек аға Сопыбеков қой!
Б.Байкенжеевтің газет-журналдарға басылған 55 әндерінің тізбесін де түзген А.Сопыбеков! Ол ол ма, оның әр жылдарда жазған 83 әнін тізіп, жоғарыда жазғанымдай "Сағынтып кеткен Бексұлтан" кітабын салмақтаған да Адырбек ағамыз! Сол сексен үш әннің 12-не А.Сопыбеков өлең жазыпты. Өзіміз білетін атақты ақындар Ф.Оңғарсынова, Т.Молдағалиев, А.Дүйсенбиев, Қ.Шаңғытбаев және елдің құрметіне бөленген өнердің майталмандары, елдің сыйлы азаматтары А.Асылбеков, Ә.Мәжитовтердің өлеңдеріне ән жазған Б.Байкенжеевтің есімін қызғыштай қорғап жүрген де Адекең екенін бір сәт естен шығаруға болмайды.
Жоғарыда көрнекті ақын, Адырбек Сопыбеков жайында азды-кем сыр шерттік. Кеңес Одағы кезінде: "Біздердің хандардың бәрі жаман, олардың хандарының бәрі жақсы", – болғанын жамырай жазғандардың өз ішімізден шыққандарын да білдік. Кезінде осындай ағаттық орын алғанын несіне жасырамыз. Кавказ тауындағы Грузин ұлтының Церетели деген ақыны 13 өлеңімен классик атанғаны қашан! Абайдың өлеңдері екі-ақ том екен деп өздерінің ергежейлі қиялымен мыжып отырып жазған кейбір қаламгерлер ұлы ақынға мұрын шүйіре қарайтынды да шығара бастады. Тіптен жала жауып өзге дінде болған екен деп докторлық диссертация қорғауға талпынып, оған мүйізі қарағайдай академик атағы бар бір пенде жетекшілік жасап отырғанына таң қалмайтын болдық. Неге біз осындай бойкүйездік аурудан арылмай келеміз.
Мына көрші қырғыздың өзінде өз таланттарына құрметті айрықша көрсетіп жатады. Өзбектердің 6 ақын-жазушысы "Халық қаһарманы" атанып отыр. 12 классик қаламгерлері (жазушы) бар. Бұл тәуелсіздіктің соңғы жылдарындағы мәліметтен. Ал біздің бұл жерде ұтылып жатқанымыз жоқ емес. Керісінше, өзінің елін жамандап, өзге діннің етегіне кіріп, көргенсіздік жасау, теріс баталы қаламгерлердің шайтани жолы болып тұрған сыңайлы. Жоқ! Бұл да уақытша, бұл пәнидің сынағы болар. Олай болса, отанының жыршысы, дінінің жанашыры, балалардың сүйікті ақыны атанған, жарты ғасырдан бері Қазақ атты ұлы халықтың мектеп қабырғасында оқитын оқушылары мен орта мектептің түлектері өлеңдерін жаттап өсіп, ұшар құстай қанаттанып жатқан ұрпақты өлеңімен рухтандырған Адырбек Сопыбековты ұлт әдебиетінің ірі тұлғасы деп қуана айтуға неге жарамасқа?
Сөз арасында Адекең туралы бір қызық жайды қозғағым келіп тұр. Сонау Алматыға білім шамшырағын іздеп, жастау кезімізде аттанған жылдар болатын. Оқу оқыған соң оның жемісін еңбекпен ақтауың парыз. Міне, сол жылдары Алматыдағы мекемелерден жұмыс іздей бастадым. Аңқаулық сезімнен арылмаған кез еді. Бәрін өзіңдей көресің. Жастық көңілмен "Жазушы" баспасы орналасқан мекеме есігін аштым. Сырттай өзім кітабымен таныс Марал Сықақбаев басшылық жасайтын ұйымның хатшысына осында қызмет істегім келетінімді жасырмай жайып салдым. Сүйкімді қыз екен. Маған таңдана қарады. Қазір бастықпен сөйлесіп көрейін, сосын өзіңізге хабар беремін деп қойды. Мен болсам тағатсыздана күтіп отырдым. Бір кезде, сізді бастық шақырып жатыр деп мені үлкен кабинетке алып кірді. Аман-саулықтан соң, басшының: "Біздің де жетісіп тұрғанымыз шамалы. Жүргізушінің өзі орыс жігіті. Оған сол жұмысына "курьерлік" тапсырма да жүктеп отырмын. Кім біледі. Өзгеріс те болып қалар, – деді маған. Мен болсам жазушы ағаға: – "Сізге рахмет. Қабылдап өзіңіздің шын пейіліңізді білдірдіңіз" – дедім. Сол арада хатшы, сүйкімді қыз менің аңғалдығымды тез аңғарса керек, "Маке, это первый человек, в жизни который я знаю, что пришел к нам без звонка!" – деді. Сол кезде Адыкеңнің атын атамағаныма кейін өкіндім.
Араға күндер салып, музей жағалап жүріп, Сәбит Мұқанов атындағы әдеби мемориалдық музей үйінің табалдырығын аттадым. Керемет дерекке толы экспонаттарды аралап, өзім бір қатты әсер алдым. Арасында менің кім екенімді сұрастыра бастаған сол музейдің қор сақтаушысы Мария Ивановна деген егде келген орыс әйелінің жылы сөзі менің көңілімді өзіне аудартты. Ол кісі музейдің директоры кәдімгі Сәбит Мұқановтың Арыстан атты ұлынан туған Нейля Мұқанова екенін, сол кісімен менің бір ауыз болса да жолығып қалуымды сұрады. Мен таңдансам да, үлкен кісінің айтқанын орындауыма тура келді. Көп уақыт өтпей Нейла апа да келді. Менің көзіме сондай ыстық көрінді. Сүйкімді, қарапайым, көркем мінезді екен. Сәбит. Мұқановтың асыл жары Мәриям анамыздың тәрбиесін көргені анық байқалып тұр. Енді әңгімелесе бастаған тұста, биязы, мәдениетті, ашаң бойлы жігіт ағасы бөлмеге енді. Нейлямен ашық, әрі салмақты сөйлесіп отырды. Атақты жазушының әдеби мұралары жөнінде, эпостолярлық хаттары туралы тереңнен әңгіме қозғады. Сөйтті де, маған бұрылып, "сен кімсің"? дегендей, аты жөнімді сұрастырды. Қайда істейтінімді, қайдан екенімді білді. Өзін де қалыс қалдырмады.
Мен, Құлбек Ергөбековпін! -дегенде өзіме өзім сенбедім. Мен де алып ұрғандай: "Сізді үлке-е-ен кісі" десем, жас екенсіз! Құлбек Ергөбек деген есімді ұлтымыздың әдебиет қауымы емес, кітап оқырмандары да жақсы біледі деп қойдым. Шынында, "Егемен Қазақстан" (ол кезде "Социалистік Қазақстан") газетінде Қ.Ергөбектің балалар әдебиетінің авторлары тұрғысында жазған көлемді мақалалары мен сын зерттеу еңбектері үздіксіз жарияланып жататын. Менің айтқаным сол еді. Ол да маған көңілі толды ма, ризалық көңілмен үн қатты. Сол сәтте: – Сен, Адырбек Сопыбеков деген кісіні білесің бе? дегені. Мен: – "Әрине, Адыкең менің рухани ұстазым" – дегенім сол еді,
Құлбек – аға Нейляға жылы шыраймен қарап, көңілі жадырай: – "Менің ойымша бұл жігітті қызметке алу керек"! деп бірақ түйді. Нейля да ақ жарқын мінезді ғой, сол арада мені ол кезде тек қана ғылым кандидаттары қызмет істейтін музейдің аға ғылыми қызметкері атты қызметке бұйрық беретінін айтып, жұмысқа кірісе беруімді сұрады. Мен сөйтіп, Адырбек Сопыбековтың әдебиеттегі, өз ортасындағы беделінің көмегі тиіп, қызметтің тұтқасын ұстағанымды мақтанышпен айтамын.
Құлбек аға кейіннен де Сәбит Мұқанов музейіне келіп, өз ой-пікірлерімен бөлісіп жүрді.
Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын аттағалы тұрған тұста С.Мұқановтың атына ыңғайсыз, күңкіл сөздер айтыла бастағанда: – "Кім не демейді. Қалай болғанда да Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің алып тұлғасы. Осыны жадымыздан шығармауымыз керек”, – деп кесіп айтқаны бар. Сөйтіп, бір өзінде 16 мың кітап қорын сақтап отырған, кезінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің вице-президенті қызметін атқарған, филология ғылымдарының докторы, ірі ғалым Құлбек Ергөбековпен танысудың себепкері өзімнің арда ағам Адырбек Сопыбеков болатын!
А.Сопыбековтың рухани қолдауымен мен секілді қаншама жастар өздерінің шығармашылық табыстарына қол жеткізді десеңізші! Өзімнің жақсы сыйлайтын ағам, шындықтың шыңында жүрген журналист-жазушы Айдархан Бибаасаров, жақсы достар, іскер де адал азамат Алмас Бекжігітов, жақсы азамат Пахмаддин Айнақожаев, талантты журналист Құдайберген Ертасов, тамаша сатирик ақын Оразалы Мұсабековтердің де есімін бұл мақалада құрметпен айта кеткенді жөн көрдім. Сол жылдарда жастау кездегі аудандық газет редакциясының ұжымының әрбір қызметкер, жұмысшыларының ортасына бара қалсаң ақжарқын, кең пейілді, ортада той-думанның ішінде жүргендей өзіңді еркін сезінетінсің. Шынын айтар болсақ, сол кездегі жасы үлкендері мен жасы кішілері көрнекті ақын Адырбек Сопыбековтың шәкірттері еді! Ал соның ішінде шығармашылық өмірге жолдама берген Адырбек – аға Сопыбековтың ізбасарының бірі болғанымды мен мақтанышпен айта аламын.
Шайх-Асан Сығнақи (Саркулов), Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі