№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Дири­жер өзі жетекші, өзі педагог, өзі психолог болуы керек

Дири­жер өзі жетекші, өзі педагог, өзі психолог болуы керек

 Балалық шағы Бесарық өзені бойындағы «Байсынның бауында» өткен, қасиетті қара домбыраның үнін естіп, көз ашқаннан күйдің құдіретіне бөленіп өскен біздің бүгінгі кейіпкер – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері Жексен Қуанұлы.

  Біз білетін дирижерлікке ұшқыр талант керек-ақ. Бұл жағынан алғанда Жексен Айсынның бойына талант қонған оған қоса көп ізденеді. Қазақтың күйлерін, қазақтың музыкасын жақсы түсінеді. Классикалық музыка жағынан да сауатты. Дирижерлік мәдениеті, деңгейі жоғары, рухы биік. Жалпы, оркестр мен дирижерлік екеуі егіз ұғым. Бір-бірінсіз елестету мүмкін емес. Тыңдарманына шығарманы терең түсініп, саф алтындай таза күйінде жеткізу, әрбір дыбысты назардан тыс қалдырмай, аспапты өз тілінде сөйлету нағыз таланттың ғана қолынан келеді. Қамал алар қырықтан енді ғана асқан Жексеннің жас та болса, бас болып, жауапты міндет атқарып жүр. Дарабоз дирижердің шығармашылығы Құрманғазы оркестрімен тығыз бай­ланысты. Өйткені, 20 жасынан бастап осы оркестрде қызмет етіп келеді.
Яғни, еңбек өтіліне 23 жыл бо­лыпты. Әуелгіде оркестр әртісі бо­лып бастаған Жексен 2015 жылдан бас­тап Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспап­тары оркестрінің дирижері.
Талантты маман иесімен тілдесуге себепкер болған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы. Білесіздер, жо­ба аясында Тәуелсіздік жылдары Қазақс­танның дамуына қомақты үлесін қосқан адамдардың еңбегін елге таныту. Тек ел алдында жүрген өнерпаздар ғана емес, Мемлекет басшысы мақаласында атап өткен, халық көзінен тасада жүріп, тау қопарарлық қыруар шаруа атқарып жүрген өз ісінің шеберлерімен танысуға мол мүмкіндік тудыру.
Міне, бізде республикалық бірегей жобаның 2 кезеңінен сәтті өтіп, енді 3-кезеңінің нәтижесін күтіп жүрген Жексен Айсынмен телефон арқылы тілдестік.
Бала кезінен музыкаға бейім жігіт мектеп қабырғасында жүріп-ақ нота үйреніп, өнер мектебінен музыкалық білім алған. Әкесінің ағасы Бәден Айсынов алғаш өнерге баулыған жан болса, одан әрі Лиза Шаметова, Құлахмет Нәлтаев сынды мәдениет майталмандарының мектебінен өтеді. Ауылдағы №54 Ж.Қыдыров атындағы орта мектепте 9 сынып оқыған Жексен Қызылорда қаласындағы музыкалық училищеге түсіп, отбасылық жағдайға байланысты 1994 жылы Шымкенттегі музыкалық училищені ойдағыдай бітірген. Ол – Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясының түлегі. «Халық аспаптары» және «Опералық – Симфония дирижеры» мамандығы бойынша тәлім алған.
–    Дирижер мамандығы қиын да қызықты. Элиталық мамандық. Дири­жер өзі жетекші, өзі педагог, өзі психолог болуы керек. Оркестрді жүргізіп жатқанда әр адамның көңіл күйін, пайым-парасатын көзбен оқуы тиіс. Әрине, біздер алдыңғы аға буын Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков және біздің ауылдың тумасы, Қазақстанның халық артісі, 30 жыл Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері болған Төлепберген Әбдірашевты өзімізге үлгі тұттық. Олар шын мәніндегі дегдар, интеллегент адам. Олардың музыканттығынан бөлек, жүріс-тұрысына дейін тәнті болдық. Шүкір, бүгінде ертелі-кеш еткен еңбектің нәтижесінде біршама белестерді бағындырдық, – дейді Жексен Қуанұлы.
   Оның Құрманғазы оркестеріне дирижерлік еткен үш жылдың ішінде оркестрге түсірген шығармалары 80-нен асып жығылады. Дирижер репертуарында қазақ халық композиторларынан бастап, әлемге кең танылған Еуропа және ТМД композиторларының шығармалары қамтылған түрлі сипаттағы, оркестрде бұрын мүлдем орындалмаған жаңа туындылар бар. «Менің Қазақстаным», «Сендей қазақ баласы» атты партитуралар жинағының авторы. Аталмыш жинаққа «Қазақстан Республикасының Әнұраны», «Атамекен» және «Көк тудың желбірегені» әндері кірген. Жексеннің айтуынша, бұл шығармалар Қазақ халық аспаптары оркестріне алғаш түсірілуі екен. Қызметтен қол үзбей жүріп, түрлі конкурстарға қатысып, өзіндік даралығын танытқан. Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Рысбай Ғабдиев атындағы республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты.
Сондай-ақ, дирижермен тілдесу барысының оның ауылға деген сағынышын басу үшін бірнеше ән шығарғанын жеткізді. Яғни, ақындық өнері бар екенін білдік. Үнемі шетел мен ел ішінде гастрольдік сапарда жүретін Жексен Айсын қарбалас уақыттан саңлау тауып, ауылдағы ата-анасына сәлем беріп кететінін тілге тиек етті. Бесарықтағы атақоныс «Байсынның бауына» барып, одан әрі дала төсіне шығып, тау-тасты аралап, саф ауамен тыныстап қайтады екен. Әкесі Қуан мен анасы Патшайымның қызметінде болып, арқа-жарқа әңгіме құрғанды ұнататынын сөз етті.
   Иә, бізде өз кезегінде «100 жаңа есім» жобасының үшінші кезеңінен өткен Жексен Айсынға Қазақстандағы танымал, дарабоз есімдердің қатарынан табылуға тілекші екенімізді білдірдік. Туған ел мен шетел сахнасында дирижерлік өнерді дәріптеп, заманға сай ізденіс жасап, үнемі еңбек етуді өзіне ұстаным еткен жас дирижер шынында ізінен ерген жастарға үлгі.


 Әбдісамат ӘБДІШ.

24 қараша 2018 ж. 1 811 0