№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өмір – тартыста әділдік формуласы өзгермейді

Өмір – тартыста әділдік формуласы өзгермейді


Адами капитал оның жолына сарп еткен қыруар қаржымен болжанып, «Болашақ» сынды бағдарламаға басымдық берілгелі де біршама уақыт. Онда оқып, білім алғандардың көбі елге қайтпай шетелде қалып қойып жатқандары не сән. Бір нәрсе, дүниенің малын жисаң да орнын алмастыра алмайтын ғылым атаулы ақшалының емес, алдымен оған ессіз берілген енапат еңбек, қайсар талап, қайтпайтын мінездінің ғана маңдайына жазылса керек. Бұған ауылдың ақ шаңында топырақта ойнап өскен, қарапайым малшы балалары оқитын мектеп интернатында тәлім алып, алған білімі мен тәрбиенің арқасында толық адам болып қалыптасып, алғы күнге асқақ арманын алып ұшқан темірқанат тұлға, бүгінде әлемді мойындатқан өз ауданымыздың түлегі, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, өнертапқыш, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Әбдуәлі Баешовтың өмірі нақты дәлел.
Осы аңыз адам алдыңғы жұмада біздің қарашаңыраққа атбасын тіреді. Бүгінге дейін химия саласында қырыққа жуық авторлық кітабы , бір жарым мың ғылыми мақалалары жарық көрген, 240 патенттің иегері, 43 ғылым докторын дайындаған академик ағамыз «Елу жыл білім мен ғылым жолында» деп аталатын кітабын тарту етті. Ғалымның бұрын-соңғы ғылыми жазбаларына тісіміз батар ма еді, батпас па еді, ал мына көркем әдебиетке бергісіз көлемді еңбегінің отандастарымыз үшін тағылымы орасан зор болғалы отыр.


Неге дейсіз бе? Бернард Шоу айтқан екен: «Біз ғылыми-техникалық прогрестің арқасында көкте құсша қалықтап, суда балықтай жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйрене алмай келеміз». Міне, бұған дейін ғылыми жаңалықтарымен көпті таң қылып, өндірісте қыруар табысқа негіз қалаған өнертапқыштың бұл жолғы еңбегі соқпақты, соқтықпалы жүріп өткен өмір жолындағы заман­дастың жандүниесін ашып көрсетуге арналыпты. Өзінің айтуынша, ең басты мақсаты ғылымдағы ұстазы Евней (Ебіней) Букетов туралы жазу болған екен. Ебінейді жазып отырып оның шәкірттері қаламға ілігіпті, оның бірі өзі еді, өзін жазып отырып қайран әке-шеше бейнесі көлбеңдеп көз алдына келді, олар туралы толғанғанда туыс-бауыр тағдыры тұс-тұстан тұлғаланып, неше жыл көңіл түкпірінде тұншыққан туған жерге деген сағынышқа жан бітіп, ақ қағаз бетіне жамырап сала беріпті. Жазушылар сынды көркем теңеу, көрікті сөз іздеп сарылмады, өзі көріп-білген, ойға түйгенін нақты қабылдаған күйінде қағазға түсіре берген. Ғылым дәлдікке, нақтылыққа үйретіпті. Тура жүріп, әділін айтамын деп қиындықпен бетпе-бет келген кездері де аз болмапты, бірақ жолынан танбағанды мақсатына жеткізер өмір заңын ешкім өзгерте алмайды екен. Соған көзі жетті. Бұл оның ашқан барша жаңалығының ең ұлығы еді. Осы асыл ақиқатты арттағы ұрпақ ұғынса екен деген тілек туды кеудеде. Періште тілекті Тәңір қолдайды екен, жетпіске келген жасында жиырмадағы жігітке тән жігермен жазуға отырып, сұлу тіркес, қанатты ой орамдары қауырсын қаламына өз-өзінен орала берген. Әт­тең, кітабының соңғы нүктесін қойып, енді баспадан шығаруға келгенде сопаң етіп шыға келер қаржылық кедергі бұл кісіні де тұйыққа тіреді. Мына қоғамда кітабын қажет қып жатқан ешкім жоқ екен, қалтадан қаржы шығарып жүз данасын ғана шығаруға шама келді. Осылай жүргенінде қоғамдық көлікте қатар жайғасқан бір жігіт ғалым ағаның даңқына сырттай қанық екендігін білдіріп, ізетін аямады. Көліктен бірге түсіп, барар жеріне дейін шығарып салды. Сол жолы кітаптың бір данасын қолына ұстатып жіберіп еді. Мамандығы дәрігер болғанымен бизнесте жүрген Ғани есімді бұл азамат үш-төрт күннен кейін қайта соғып, «мына кітабыңыз қазақ жұрты үшін құны жоқ дүние ғой, Бұл жерде қалмауы тиіс» деген ізгі ойын ісімен дәлелдеп, үш мың тираж­бен бастырып беруді міндетіне алып, уәдесінде тұрды. Тәңір жақсылығын көктен бермейді, қырықтың бірі қыдыр көптен береді дейтіні осы екен...

Орны бөлек олжа бала

Бұл іште жатқанында анасы қатты қорқып, қимылдамай қалған баламен бір жарым жыл жүрген ұқсайды. Ем-дом жасап, толғатып туған жылбысқаны адам болып кетеді деген үміт кем. Бірақ қаратабан бола келе қатарға қосылған баланың басқалардан өзгешелігін алдымен әкесі аңдапты. Ол кісі елге белгілі ұста болатын. Түркістан темір жолы вокзалы құрылысында да қол­таңбасы бар. Қонысымызда қаншама отбасыларына құтты қонысын осы кісі тұрғызып берген. Нұрынса екеуі төрт ұл, екі қызды өмірге әкеліпті. Қараша үйде өсіп-өніп жатқан қарадомалақтардың әрбірінің өз өмір жолы, тағдыр-талайы бар, шығар биігі де әрқилы. Бірақ атақ-дәрежеңді бесіктен белің шықпай жатып әділ еншілетіп, бет-беделіңе қарай түрлендіріп отыратын жеңгелердің қойған атына келсек біздің кейіпкеріміз «кішкене бала», одан соң «музыкант бала», сосын «инженер бала», «ғалым бала», одан әрі «доқтыр бала», ақырында «академик бала» болып өз биігіне қоныпты. Ақтеңге жеңгесінің еншілеткен атауының ізімен академиктің өмір жолын біз де тізбелеп көрелік.
Ауылдағы қыш мектепте бастауыш білім алған жасөспірімді Кентау қаласында тұратын мұғалім ағасы Абылақ өзімен бірге алып кетіп, осындағы мектеп-интернатына оқуға береді. Дала еңбеккерлері ұл-қызына жан-жақты жағдай қарастырылған оқу ордасында білім мен тәрбие сапасы жақсы жолға қойылыпты. Ауылда жүргенінде әкесі жасап берген домбыраны қолынан тастамай, музыкаға құмартатын ұлан баян сыныбына жазылып, досы Сейдулла екеуі жұбын жазбай бірге жүріп үйренеді. Осы өнерлерінің нәтижесінде үрмелі оркестр құрамында орталықта өтетін небір музыкалық шараларда өнер көрсетіп жүріп, «Артек» дагеріне, Москва, Сочи бағытына саяхаттауға жолдама алған кездері болған. Өнер жолдынан танбаған досы Сейдулла Бәйтерековтың кейін «Әлия» әнімен Розаны әлемге танытқан композитор болғаны бәрімізге белгілі. Ал Әбдуәлі ғылым шыңын бағындырды
Ол кездері орта мектепте кәсіптік бағдар беру мәселесіне қатты мән берілген екен. 9-10-11 сынып оқу­шы­лары өндірістік тәжірибе ретінде трансформатор заводында практикадан өтіп, электросварщик мамандығына куәлік алып шығыпты. Теорияда «электротехника» пәнін игерді. Міне, осындай сатылардан соң электр тогын алатын генераторды өз қолымен құрастырып, двигательді қоса білген жетістігіне алғаш қуанған жас осы жолдағы білікті ұстазы Виктор Брониславович Пташникті тебірене еске алады. Жалпы ол кездегі білім жүйесіндегі үйлесімнің үлгі аларлық екендігін мына мысалмен тәптіштеп көрсетеді. Қарағандылық И.О.Кирилюс деген профессор соғыс уағында он бес жаста екен. Украйнадан өрімдей жастарды Германияға әкеп төгіп, қара жұмысқа салғанында ол паровоз жөндеу жұмысына жегіліпті. Бірде дөңгелек детальдың периметрінің ұзын­дығын өлшеуге миы жетпей жатқан мамандарға оны 2 ПR формуласымен өлшеу керектігін айтқанда немістер таң қалып,мынадай білімді жас ұланы бар совет әскері сөзсіз жеңеді, Гитлер капут, деп мойындаған екен. Сапалы білім мазмұнының осындай мықты тетігін ақсатып, шетелдіктерге еліктеп, табиғатын толық түсініп бітпеген Болон системасы дегенге көшіп кеткенімізге ұстаз- ғалым шын қынжылатынын да жасырмады.
Бүкіл ғұмырына шамшырақ болар­лықтай бағыт-бағдарын еншілетіп, қос қанатты білммен қаруландырып ұшы­рып салған Кентау қаласын қатты жақсы көріп, «О, Құдай, менің келешек нәсібімді осы қаладан бұйырта гөр» деген аңсар тілегін Алла қабыл көрді ме, ол оқуды бітірген соң жиырма екі жылдан соң, яғни химия-технология институ­тын тәмамдап, «Электрохимиялық тех­нологиялар» мамандығы бойынша алдымен Петропавл қаласындағы ма­шина құрылысы зауытында бір жыл инженер-технолог қызметін атқа­рып, одан әрі Қарағанды химия-металлургия институтында нешеме ғылыми жетістіктерге қол артып, докторлығын қорғап, кемелденген шағында білім алған сүйікті қаласына оралуға мүмкіндік туыпты. 1991 жылы Түркістанда ашылған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің экология және медицина факультеті Кентау қаласына орналастырылып, факультет декандығына Әбдуәлі Баешов тағай­ындалды.
Болашақ ғалымның ғылымдағы көкжиегі институтта оқып жүрген кезінде-ақ белгілі болып, рудадан әртүрлі процестерден кейін таза металл – мырыш, қорғасын, кадмий элементтерін алу тәсілін терең меңгергенше талмай ізденісте жүрген білімгер өндірістің техникалық схемаларымен жан-жақты қаруланды. Ғылыми ізденісінің алғашқы баспалдағы «Никель-фосфор балқымасын алу кезінде катод потенциалыының шай­қалуының өзгеруін зерттеу» тақы­рыбында баяндама жасады. 2 мың адам жұмыс жасайтын алып заводта жұмыс істеген жылдары да электрохимия саласында қолынан келмейтіні жоқ маман екендігін дәлелдеген. Осын­да жүргенінде бұрын диплом жұмы­сының ғылыми жетекшісі болған Равиль Самиевич Вахидов шәкіртінің ғылыммен шындап айналысуына қам­қорлық жасап, оның профессор Букетовтың қарамағында жұмыс жа­сауын дұрыс көріп, сонда ауысуына көп ықпал жасағанын айтады. Осы қадамдарының арқасында ғылыммен шындап айналысып, 1977 жылы «Электрорафинация процесі кезінде шламға түсетін мыс ұнтағының түзілу себептері» тақырыбында кандидат­тық диссертациясын қорғайды. Мыс электролитін зиянды қоспа иондардан тазалау әдісіне авторлық куәлік алады. Ғалымның әрі қарай өрлеу жолына келсек, 1986 жылы «Изобретатель СССР» марапатын алды. 2008 жылы №1 «Инновациялық патенттердің авторы» атанды. 2012 жылы «Евразиялық патенттеу меке­мелерінің «Алтын ме­далімен» мара­патталды.
2016 жылы «ҚР Еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын иеленді. 2018 жылы Совет Одағының және 200-ден аса шет мемлекеттердің патентінің авторы атанды.
1996 жылы Фосфор шламында Фосфорды анықтаудың Букетов-Баешов әдісін, 1985 жылы Ультрадис­перентті мыс ұнтағын алудың Бае­шов әдісі, 2013 жылы Энергия алу­дың Баешов қондырғысы, одан кейінгі жылдары Баешовтың энергия тасымалдауға арналған қондырғысы, Баешов насосын өндіріске енгізді.
Осындай қазақ ғылымын алға қарыштатуы нәтижесінде ел эконо­ми­касына көл-көсір табыс әкеліп отырған өнертапқыштығы, ғылыми жетістігінен бөлек адами құндылық жөнінде мағыналы ой тербеткен соңғы кітабында өз өмір жолы, ұстаздары туралы баяндаған тұжырымдарының ақырғы түйіні тазалық мәселесіне келіп тіріле беретіндігімен таң қалдырды. Байыптап қарасақ, бұл кісінің өзінің де, ұстазының да бүкіл өмірі сол қардай тазалықтан тұрады екен. Букетов туралы жазбасында мынадай жолдар бар. Бір күні сол үйде отырғанында жақын апалары немересін ертіп келіп, заң институтына оқуға түсіруге көмектес деп қолқа етеді. «Ал батыр, – деп сөйлейді әдетінше ұстазы, соңғы кезде қандай кітаптар оқыдың? Ана бала ешнәрсе айта алмайды. Жалпы қандай кітап оқыдың? Қандай жазушыларды білесің? деген сұраққа да мыңқ етпейді. Ашуы келген ұстаз орнынан тұрып жүре береді. Жол бойында бұған ой-өрісі кем, эрудициядан мақұрым мынадайлар заңның шекесін шылқыта ма? деп таусылғанын баяндайды. Қазақстанның бірінші математигі Ермеков айтқан бір жағдайды айтып беріпті. Ол кісіге де ауылдан адуынды бір ағайыны келіп, баламды оқуға түсіріп бер деп өтініш етеді. Бала математикадан қоқ етпейтін көрінеді. Қайтіп бес қойсын, екілікті қонжитады. Әлгі ағасы ашуланып келе жатыр дейді. «Әй, қолда өскен бала едің ғой, бір балыңды қимадың ба?» деп келген ағасы қолындағысымен қойып жіберетін болды ғой деп қуыстанса да құдай аузына қалай салғанын «Көке-ау, мен бір бал емес, екі бал қостым, балаңыз нөл еді, екі қойдым» депті. Ана кісі жөн сөзге тоқтап, артық сөзге бармапты.
Осындай өрнекті ой орамдары кестеленген кітаптың тұсаукесер күні жақын. Осыдан үш жыл облысымыздың «Құрметті азаматы» атағын иеленген аға отбасы республикада бірден-бір ерлі-зайыпты бірдей химия ғылымының докторлары атанған жанұя екендігімен де мақтана аламыз.

Баян Үсейінова
21 желтоқсан 2021 ж. 617 0