Сексен үш жыл жаз бен қыс, күз-көктем алақандай ауылдан кіндігі ажырап көрмеген Әсілхан ағмыздың мінезінде туған мекенінің майда құмымен де ыммен ұғысып, бір шөкімін де шашау шығаруға қимайтын шынайылық басым. Өйткені ол екеуі мезет сәтке де бір-біріне ажырап көрмепті. Мұның сыры мынада.
Үшінші сынып оқып жүрпгенінде жазым болып, аяғы сынған, белінен зақым алып, жүріп-тұра алмай қалғандықтан мектепке барудан қалған. Бірақ көз көреді, көңілі ояу. Ауыл кітапханасында бүкіл кітапты оқып тауысқан соң ағасы аудан орталығынан кітап әкеп беретін болған. Оны да оқып түгесер ме еді, көзі ауырып, дәрігерге көрсеткенде кітапты көп оқығаннан деп тауып, тыйым салыпты.
«Құрыш қалай шынықтыны» оқып, жарық өмірін қайсарлықпен жалғаған құдасы Зейнулла Шүкіровтың тағдыры бұған таңсық емес, құда болатыны, ақын Зейнулланың қарындасы Хадишаны мұның туған бауыры Сейілхан жар етіп отыр.
Тағдырына шүкір дейді, төсекке таңылып жатып қалған жоқ, өз-өзін зорап, балдаққа мініп, кешкі мектептің табалдырығын тоздырып жүріп аттестат алды. Механизация мектебінде оқып, ары қарай совхоздың тракторын айдады. Сәйтап жүріп келіншегі екеуі алтын асықтай ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі.
Мүгедекпін деп жәрдемақыға қарап жатып алуына болар еді. Кісі жарық өмірге маңдайында жұлдыз жанып тумайды, өмірін жарық ететін пенденің өзі. Жарымжан кеудесін сүйретіп жүрсе де сау адамыңнан кем емес тірлік қылып, ауыл адамдарының әжетіне жарап келген ағамыздың бейнеттен қолы ажыырап, алаңсыз отырғаны осы бір-екі жылдың көлемінде ғана екен.
Оған дейін... Зейнетке шыққан соң тракторын жолын қуған ұлына тапсырып, ал өзі темір ұсталығына көшкені қызық. Негізі әр кәсіптің өз иесі болады. Арғы аталары Байысбай осы аймақтың биінің оң қолы болған екен. Өзі ақындар сайысында жүлдені бермеген қара сөздің жорғасы болса керек. Одан туған Бибасардың кейін кеңестік кезеңде би тұқымы деп қудаланып, елден жырақта жүруіне тура келген. Атамекенге оралған соң су шығадыау деген жерлерден майда каналдар қаздырып, күріш ектірген. Тайпақкөлде шлюз салдырып су мәселесін шешіп,ел арасында «маман» деген лақап аты болыпты. Сол қасиетімен броньмен соғыстан қалдырылған. Жары Қарашаш екеуінен он бір перзент туған. Жасында шешектен шетінеп, төртеуі ғана – Айдархан, Сейілхан, Әсілхан және қарындасы Күләй аман-есен өсіп-жетіліп, үйлі-баранды болған екен.
Бибасардың өзі тоғыз жасында елірме болып ауырғаны бар екен. Әкесі елге танымал Тәмпек молданы алдыртып, тамырын ұстатқанда: «Әй, Байыс, – деген екен ол, – Тұқымыңда бақсы-балгер бар ма еді? Ұстаса, дәу перің бақсы болады, ұстамаса там-пам, етік-метік тігетін ұста болады деген екен. Осы ауылда Бибасардың қолы тимеген там болды ма екен. Қарапайым жұртты қоржын тамнан жаңа үлгідегі құтханасына кіргізіп, көңілдеріне сәуле ұялатқан осы кісі ғой. Етік-метіктерін де жөндеп беруден қашпаған. Ол кісі өмірден өткен соң ұсталығы ұлы Әсілханға ауысқан сыңайлы. Аяғымнан жүре алмаймын демей, көрік қыздырып, темір балқытып, кешеге дейін ауыл тұрғындарына керек-сайманын сайлап беріп отырыпты. Ал бабаларының ақындық қасиеті ұрпағының ішінде немересі Айдарханға дарыған сыңайлы. Бибасарұлы Айдарханның газеттің корректорлығынан редакторлығына дейін өскен өмір сатыларында сөздің су төгілмес жорғасындай жүйріктігіне, шешендігіне, бәрінен бұрын қазақтың жеті атасын түгендей жөнелетін шежірешілдігіне көбіміз таң қалатын едік.
Осыдан төрт жыл бұрын Айдархан ағамыз өмірден өткенде біздің сұхбаттасымыз Әсілхан Бибасарұлының жоқтауы төмендегідей өріліпті: Сөздің шебері, кені еді,
Айтқанының бәрі жөн еді.
Бұрынғы дана шалдардың,
Сөздерін жатқа біледі.
Шежірені шерткенде,
Ширатып бір төккенде
Таңды таңға жалғайтын,
Бірден бірге көшкенде.
Жазды талай кітапты,
Көнеден тылсым тіл қатты.
Желкілдеген жастарға
Жеті атасын сұратты.
Бөлеген нұрға маңайын,
Өзіңді қайдан табайын.
Қадірің ерек ойында,
Ұмытпас мәңгі ағайын.
Осы күндері бойынан күші кетіп, кешеге дейін айналдырып келген төсі мен балғасын қолына алмаса да көңілінің зеректігімен үйге қамалып отыра алмайды. Аяулы атамекенінде өсіп тұрған әрбір ағаштың орны бөлек, көлеңкесіне саялап, тым болмағанда көше бойында өзіне бұрылып кеп сәлем бергенге көшелі сөзін айтып, пайдалы кеңесін бөлісуден жалықпайды. Ауылдың бұрынғы әкімі Молдахмет жиі соғатын, құр келмей қолына қағазын ұстап келіп, кеудесі шежіре қарттың әр сөзін түртіп отыратыны бар. Бұл кісі бұл ауыл Қандыарал атанған кезден тел өсіп келе жатқан төлі ғой, Көккесене туралы да көп нәрсе біледі.
1937 жылы осы ауылға алғаш мектеп салынғанда кірпіш атаулы таптырмайды, сонда Көккесененің кірпішін бұзып, мектептің астына салмақ болған екен. Кесененің асты қалың жылан кірпішті алдырмаған ұүсайды. Қане, көріп алдым деп батырсынып барған ауыл ұстасының аузы қисайып қалыпты. Киесінен қорқып ешкім жоламай қойғанда Шиеліден кәрістерді әкеп бұздырыпты. Ол мектептің қазір орны да жоқ, бұзылып, бетінен тас жол салынып кетті. Қандыарал кейіннен «Молотов» колхозы болған, совхоз құрылған соң алдымен Красная-Звезданың, кейіннен «Төменарық» совхозының №3 фермасы «Коммунизм» атанды. Тәуелсіздік жылдарынан соң «Қожамберді батырдың құрметіне «Қожамберді» атауы берілді.
Осы тарихты зырғыта жөнелген кеудесі қазына қарияның қолынан өлеңдер жазылған қалың дәптерін қалап алдық. Алдағы уақытта таңдаулыларын жариялап та қалармыз. Қазақта “Әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін” деген нақыл бар. Әкеміздің қатарларының қасында жылы сөзін күтіп, жіпсіз байланатын жөніміз бар. Осы ықыласымызды олардың ешбірі құр қайтарған емес. Алақанын жайып аппақ алғысын арқалатып жібереді. “Еңбегің өнімді болсын, Ұрпақтарың өмірлі болсын, Күндерің көңілді болсын” – деп батасын берді ақсақал.
Баян ҮСЕЙІНОВА