Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақын және ақиқат

Ақын және ақиқат


Осыдан 31 жыл бұрын өзім кездейсоқ куә болған, бір уақиға күні бүгінгідей естен шықпайды.
Қазақстан Республикасын 40 жылға жуық басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың биліктен кетіп оның орнына Колбиннің келуі халықтың шынайы ашу-ызасын тудырды. Нәтижесінде 1986 жылғы 17-19 желтоқсандағы Алматыда болған жастар толқуы Мәскеудегі билікті қатты шошытты. Жастар қозғалысын бұзақылардың содыр қылығы деп бүркемелеп желтоқсаншыларды қудалап соттады. Осыған қатысы бар – ау деген зиялыларды да тасада отырып қудалау басталды.
Мұның өзі бірін-бірі күндеп жүргендерге керемет есе қайтаруға мүмкіндік берді. Бұл келеңсіздік өзгелермен бірге қазақтың марғасқа жазушыларын да айналып өтпеді. Солардың бірі халық жазушысы Балғабек Қыдырбекұлы еді. Ол кезде Балғабек Қыдырбекұлы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан)» газетінің бас редакторы болатын, Биліктің жандайшаптары оның «Алатау» романын шовинистік көзқараста ұлттар арасында араздық тудыратын шығарма, онда желтоқсаншыларды қолдау сарыны есіп тұр, деген мазмұнда арыз боратты. Арызды тексеру Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы Ұлықбек Есдәулетовке тапсырылыпты.
Мен ол кезде Алматы халық шаруашылығы институтының соңғы курсына сырттай оқитынмын. Алматыға келгеніме апта толғанда сол кездегі аудандық «Коммунизм жолы» газетінде бөлім меңгерушісі болып істейтін журналист Жұмабай Әбілов демалысқа келді. Екеуміз Жазушылар Одағына бардық. Жұмабай өзімен ала келген «Гипербола» деген шығармасын сол кездегі хатшы Ұлықбек Есдәулетовке алып келген еді. Ол Ұлықбек екеуі ескі таныстар болатын. Қатарлас оқыған екен. Жарқын жүзді кездесу соңында Ұлықбек қазақтың Островскийі атанған ақын Нұртас Исабаевқа барып сәлемдесіп қайтсақ деген ұсыныс білдірді.
Нұртас бізді қуана қарсы алды. Нұртастың қызы бізге шәй дайындады. Шәй үстінде Ұлықбек Нұртастан Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романының бар-жоғын сұрады. Өткен күні өзін Орталық Комитетке шақырып, Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» ролманының ұлттық шовинизм тұрғысында жазылғандығын, соған байланысты бұған осы кітап туралы пікір жазып әкелуге тапсырма берген екен.
– Жігіттер Балғабек аға тек журналист – жазушы ғана емес, ол үлкен жүректі азамат, мемлекет қайраткері, ұлт мүддесін жеке бас пайдасынан жоғары қойған жан. Билікке менен оның «Алатау» кітабын қаралап жазған рецензиям – керек болып отыр. Бұл деген осындай елім деген азаматты көпе-көренеу қиянатқа өз қолыңмен байлап беру ғой. Өзім бұл кітапты әлі оқымаппын. 1986 жылы жарық көрген сол кітап бар ма, – деп ағынан жарылған ол Нұртасқа қарап. Кітап Нұртаста да жоқ болып шықты. Мен осы арада олардың әңгімесіне араласып, осында жақын туыс Жарылқасын Тұрлыбековтің үйінен осы кітапты көргенімді айттым. Жедел таксилетіп ағаның үйінен кітапты алып келдім.
Сол сәттен Ұлықбек «Екі күнге іссапарға кеттім», – деп жұмысына телефон шалып хатшысына хабарласты. Бірнеше сағат олар кітапты кезектесе оқып ертесіне таңертең кітапты оқып бітіріп, рецензия жазуға отырды. Екі күнге жуық қайта-қайта жазып, керек емес жерлерін алып тастап, ой електерінен өткізіп, 7-8 беттік рецензия дайын болды. Осы арада дана халқымыздың «Біреуден екеу жақсы, екеуден үшеу жақсы» дегені еске түседі. Сырт көз болсам да маған сол рецензия өте ұнады.
Екі тәуліктен астам шала ұйқылы болған Ұлықбек Нұртастың үйінен Орталық Комитетке кетті. Кейіннен естігеніміз Балғабек Қыдырбекұлына аталған кітапқа байланысты кінә қойылмапты. Өйткені Ұлықбектен өзге тапсырма алған жазушылар мен сыншылар да кітап жас ұрпақты Отаншылдыққа шақырып, тәрбиелейтін, кейінгілерге ғибрат болатын кітап деген пікір білдіріпті.
Дегенмен қолында билігі бар Колбин бастаған топ оған Орталық комитеттің саяси органы «Социалистік Қазақстан» газетінің мазмұндық сапасын төмендетуге жол берді, актуальды материалдар азайып кетті деген сын тағып, оны, қызметтен шеттетті. Мұның өзі қайран ағаның денсаулығына қатты әсер етіп, оның жарық дүниеден ертерек өтуіне себеп болды – ау деп ойлаймын.
Қалай болғанда да сол кезде қазіргі таңда Қазақстан Жазушылар Одағын басқарып отырған Ұлықбек Есдәулеттің биліктің ығына жығылмай, азаматтық позициясын ұстап қалғанын іштей еске алып риза болып жүремін. «Алтау ала болса ауыздағың кетеді. Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» осы үш жігіттің ұлттың марқасқа перзентін биліктің шеңгелінен арашалап қалуына тамшыдай да болса үлес қосқанымды көңіліме медеу тұтамын. Шынында да олардың бас түйістіріп отырып атқарған қарекеті ерлікке пара-пар іс болатын.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
24 сәуір 2018 ж. 1 000 0