№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ең қайырымды мамандық

Ең қайырымды мамандық



Дәрігер болу үшін алдымен төзім, содан соң мейірімді мінез қажет-ау. Құсқа қос қанат қандай қажет болса ақ халатты абзал жан атана білу үшін осынау қос қасиет соншалықты қымбат.

 
 Жасынан дәрігер болам деп талаптанған кісінің осы қасиеттің ауылынан алыс болмайтындығы содан шығар. Әйтпесе, екінің бірі салмағын атан түйе тарта алмас жауапты мамандыққа пейіл бере бермейтінін байқауға болады. Ал бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы осындай киелі кәсіпке кездейсоқ келсе де абыройды иелену бақыты бұйырған жан екендігімен ерекшеленеді. Ол кім десеңіз, Билібай ауылының тумасы Байтемір Әбсеметұлы туралы әңгіме өрбітпекпіз.

 Орта мектепті бітірген соң мал баққан әкесінің таяғын қолына алып, шаруашылыққа араласыпты. 1976 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, екі жылдан соң ауылға қайтпай ма? Келсе, ата-анасы бұған қалыңдық дайындап қойыпты. Жақын жерден. Осы ауылдың медпунктіне фельдшер болып келген қыз, оң жақтағы көрші үйде жатып жұмыс істеп жүр екен. Анасына ұнағаны бойжеткеннің мамандығынан бұрын он саусағынан өнер тамған шеберлігі екен. Қыздың тақыр кілемді де, түкті кілемді де тоқи алатын ісмерлігін айтып тамсанғанда сөз таппағаны қызық. Ақ желеңді ару жігіттің де ойынан шықты. Дәм жазып, ата-ана тілегі қабыл болып, екеуі бас қосты. Кілем тоқуды қайдам, ауыл адамдарының саулығы, қала берді алыстағы мал отарларына жедел шақырумен үйден түзде болғаны көп келіншектің жұмысы ауырлап кетті. Содан ол күндердің күнінде жолдасына қолқа салды. Оқуға. Медициналық білім алып, дәрігерлікті меңгерсе мына қияпат қиындықты бірдей бөлісіп, иыққа артылған жүгі жеңілдер еді. Одан басқа кім жәрдем береді? Жарының қолқасын жүрегімен қабылдап, осы жолға тәуекел еткен Бекең Түркістан қаласындағы медициналық училищеге құжат тапсырып, оны ойдағыдай бітіріп келді. Дипломын алып, аудандық аурухана бастығы Егпенберді Әмитовтің алдына келді. Бұл 1983 жылдар болатын. Міне, сол күннен бастап Байтемір Әбсеметұлы өзі тұрған ол кезде Қандықұдық аталатын ауылында фельдшер болып жұмысқа тұрды. Келіншегі медпункт меңгерушісі, бұл айналадағы егінші және шопандарды қатынап емдейтін көмекші дәрігер ретінде ел халқына қызмет жасауға кірісті.

 Өздері елден жырақта, жұмыстары да жеңіл-желпі емес, түрлі сынақпен бетпебет келетін еңбек адамдарының хал-күйін көріп, денсаулығын тексеріп шығатын сан түрлі сапарда бұл кісі не жағдайға куә болмады. Шопан қыстақтарынан жедел арада шақыру түсіп барғанында толғатып жатқан ананы өзі босандырып алып, кіндік әке атанған кезі де болды ғой. Өйткені адам өмірін сақтап қалу арпалысында кәсіпке адалдықтан басқа мақсаттың мәні жоқ, осы жолда нешеме ауылдастарының ауыр сәтте жанынан табылып, жәрдемін жасап, алғысын арқалағанына өзін шексіз бақытты сезінеді.

 Сондай оқиғалардың бірін әңгімелеп беріңізші деп едік, ол кісі мына оқиғаны баяндап берді: Бірде кезекті сапармен келе жатып тау баурайында қарайған кісіні көзі шалып қалады. Иелігіндегі “Урал” мотоциклін тоқтатып, құлағын тосып еді, әлгі кісі де мұны көріп, доқтыр бала, мұнда кел, деп жандалбаса айқайлады. Жедел жанына барғанда байқады, ерте көктемнің кезі ғой, жонға таудан түсіп келе жатқанында арбасы аударылып, бас сүйегін жаралап, қан ағып жатыр екен. Жалма-жан жанынан тастамайтын сөмкесінен керек-жарақ медикаменттерін шығарып, жараланған жерді тазалап, таза дәкемен мықтап байлап, ауруханаға алып келді. Совхоз директоры Сансызбай Бөкеев Қалдарбек Ібішевті көрген сайын «доқтыр бала болмағанда өліп кетер ең» деп айтып жүрді. Ол кісі де кездескенде елпең қағып, бар құрметін көңілінің ізетімен білдіріп, арқасынан қағатын. Осының бәрі кісіні марқайтатын еңбегінің шынайы өтеуі сынды. Мұндайда өзінің көпке ортақ, адам баласының бәріне бірдей жан шуағын төге алатын жер бетіндегі ең қайырымды мамандық – дәрігерлікті таңдағанына еш өкінбейді.

 Ордабековтер отбасын «Дәрігерлер династиясы» деуге болады. Байтемір аға және Пернекүл апамыздан өсіп-өнген бес перзенттің іщінде қыздары Шәрипа аудандық ауруханада патронаждық қызметте, үздік еңбегімен танылып, «Үздік медбике» аталымына ие болды. Келіндері Салтанат Билібай ауылындағы фельдшерлік пунктің аға қызметкері, қарашаңырақта ері Әділет екеуі ата-анасын аялап, ұл-қыз тәрбиелеп отыр.

 Бүгінде құрметті зейнеткерлікке шыққан қос денсаулық сақшысының есігі әлі де басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынға айқара ашық. Емдомын жасап, ақыл-кеңесін беріп, тәжірибеден түйген тағылымдарын бөлісіп отырудан жалықпайды. Бұл кәсіптің табиғаты сондай, уақыт өткен сайын толысады. Өмірден көргені көп Байтемір аға нарықтың жаңа заңдылығына да жылдам икемделіп, игілікті бастамаға ден қойған екен. Қазір соның шарапатын бірнеше отбасы көріп отыр.

Екі мыңыншы жылдардан былай қарай ауылдық жердегі суармалы жіне мал жайылымдық жерлерді кез келген қалталы сатып алуға болатын жағдай қалыптасып, қаладан келген алпауыттар ауылға ауыз сала бастаған кезеңдер болды ғой. Сол кезеңдерде ел ішінде алдымен ес жиып, аукционға түсуге талап қылған азамат осы Байтемір ағамыз. 2050 гектардай жерді қарамағына алды. Оны заң бойынша сегіз жыл пайдалана алады.

 Сегіз жылдан соң ауылдағы оған дейін қаз тұрып, шаруасын тіктеп үлгірген үш бірдей шаруашылыққа – «Өтебай» шаруақожалығы, «Беделбек» шаруақожалығы және «Сәруар» шаруақожалығына бөліп берді. «Елде болса ерінге тиеді» деген сол. Көп елді мекендерде иеліктеріндегі жерлерін кезінде ебін тауып, меншіктеп алған байлар қайтармай, жер дауы туындап жатқан бүгінгі күндері бұл ауыл тыптыныш қарекетін жасап, шаруасын дөңгелетіп отыр. Сондықтан ауыл халқы мұндай жанашыр перзенттеріне қалай риза болмасын?

 Байтемір аға өзінің иелігіндегі қазығын 96 жылдары қалыптастырған «Билібай» шаруа қожалығына бүгінде ұлы Әділетті бейімдеп, жөн-жобасына басшылық етіп келеді. Бастапқы кезде он га жерге овощ двқылдарын, он гектар жекрге шабындық орналастырған екен. Шыққан өнімді екі-үш жыл қатарынан Тюмень облысына апарып саудалап қайтыпты. Байтемір Әбсеметұлына берілген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбегімен қатар ел әлеуетіне қосқан еңбегін қоса дәріптейді.

Баян Үсейінова


29 сәуір 2023 ж. 758 0