№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Таңдаулы дәрігер дәреметі

Таңдаулы дәрігер дәреметі

Қашанда жүзінен мейірім, жүрегінен жылылық төгіліп тұратын терапевт-дәрігер Әділ Бабаев туралы Келінтөбенің халқы жылы лебіздерін білдіріп жатады. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін тәмәмдаған жас маман еңбек жолын Келінтөбе ауылындағы емханада дәрігер болып бастады. Содан бері он жылға жуық еңбек өтілі абыройды еншілетіп, өткен 2021 жылдың қорытындысымен ол қызмет жасайтын ұжым«Үздік емхана» атанды. Біз кейіпкерімізді  арнайы іздеп барып, емен-жарқын сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Мен алғашында әскери қызметкер болуды армандадым – дейді ол. Алайда, ата-анам дәрігерлікке икемімнің бар еке­нін айтып, сенім артты. Мектеп қабырғасынан соң медицина мамандығы бойынша білімімді жалғадым. Қазірде осы сала­да әлі де оқып-тоқумен үнемі ізденісте келемін. Адам өміріне деген жауапкершілікті жүктейтін саланы таңдаған соң қате жібермеуге әруақытта тырысу керек. Медицина саласы соны­мен қатар мінезге де сын. Кішіпейілділікті, сабырлылықты, адалдықты талап ететін ма­мандық деп түсінемін. Әсіресе, бүгінгі қоғамда адамдардың пси­хологиясы өзгерген. Оның үстіне, мына індет келгелі жаппай егу жұмысы оңай болып жатқан жоқ. Көпшілікпен түсінісіп жұмыс жасау да өнер. Кейінгі кездері психологиялық ахуал да күрделі. Бұл жұмыссыздықтан, әлеуметтік жағдайлардың төмендігінен де болса керек. Дей тұрғанымен «Адам өмірі – ең қымбат қазына» екені, сол бағытта жау­апкершілікті төмендетуге бол­майтынын жақсы түсінеміз.
Кейіпкеріміздің сөзінше, еңбек жолында кездескен бар қиындықты жеңген адам ғана өз саласының үздігі болмақ. Біздің сауалымыз да осы бағытта өрбіді.
– Айтыңызшы, өзіңіз таң­даған дәрігерлік маман­дықтың қадір-қасиеті неде деп ойлайсыз?
– Адам жанының арашасы болу – аса нәзік сезімталдықты қажет етеді. Денсаулық – ең қымбат байлық. Дертіне шипа іздеп келген жан дәрігердің қателігін ешқашан кешірмейді. Әсіресе, шалғай ауылдарда тұратын дәрігерлер ауа райының кез-келген қолайсыз жағдайларына қарамастан алдыңа келген науқасқа дер кезінде ем жасап, көмек көрсетуі керек. Бізде жұмыс кестесі деген ұғым жоқ. Таң болсын, кеш болсын, түн болсын телефонға дамыл жоқ. Ал, күнделікті қабылдауда қаншама науқасқа кеңес береміз. Содан жанды көмегіміз тиіп, дерттеріне дауа табылса қуанамын.
– Бүгінде адамдардың ден­саулығы туралы не айта аласыз?
–  Науқастар дәрігерге кеш жүгінеді. Соның кесірінен алдын алу, не өмірін сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Жасыратыны жоқ, қазір басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам кемде-кем шығар. Оның үстіне, өлім көрсеткіші де жоғары. Әсіресе, созылмалы аурулар жастар арасында көбейіп тұр. Қазіргі кезде аурулар жасарып барады. Мысалы бұрындары тек қарт кісілерде кездесетін ауру түрлерімен қазір жастар да ауырып жатыр. Семіздік, қан қысымының жоғарылауы, ас қорыту жүйесінің кінәраты, жүрек  аурулары көп кездеседі. Жүрек-қан тамыр ауруы асқы­нып саны күрт өсуде. Бұған себеп адамдардың салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбауы. Біздің аймақта, 20 жасар жап-жас жігіттер жүрегіне ота жасатып жатыр. Бұның барлығы дұрыс тамақтанбаудың, қимыл-қозғалыстың аздығынан туындап жатады.
– Адам денсаулығы мық­­ты болуы үшін не істеу қажет?
– Ең маңыздысы – белсенді өмір салты. Салауатты өмір салтын ұстану кез келген кеселдің алдын алатыны бел­гілі. Жүрек ауруы, не басқа да дерттің түрлері алдымен осындай бейқамдықтан, жаман әдетке әуестіктен, денсаулыққа мән бермеуден туындайтыны анық. Әсіресе, ішімдіктен темекіге әуестенбей, майлы, тұзды тағамға тәуелді болмай, медициналық тексерістен дер кезінде өту көптеген кеселдің алдын алады. Бір сөзбен айт­қанда, адам өз денсаулығына құрметпен қарауы қажет.
– Дәрігер боламын деген адамда қандай қасиеттер болуы тиіс?
– Жалпы дәрігер мамандығын жүрегінде түгі бар адамдар таңдайды. Дәрігер мамандығын таңдаған адамда жанашырлық қасиет басым болуы керек. Қабылдау уақытым бітті деп алдыңа келген науқасқа қара­майтын болсаңыз сізден дұрыс дәрігер шығуы екіталай. Сондай-ақ дәрігер психолог болуы қажет, өйткені ол сан қилы мінезді адамдармен жұмыс істейді. Одан әрі өз саласы бойынша ізденісті тоқтатпаған маман ғана білікті дәрігер бола алады. Адам өміріне тікелей жауапты болғандықтан, бүкіл күшіңді, біліміңді салып, уақытпен санаспай тіршілік ету әр дәрігердің борышы.
Міне, туған жерге қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жан – жауапкершілігі зор бұл саланың маманы бүгінде талай жанның жүрегіне үміт сыйлаған абзал азамат. Ауыл ардақтысына айналған жанның абыройлы қызмет жолы кімге де болса үлкен тәрбие мектебі іспетті.
Әсел РЗАЕВА
23 қаңтар 2022 ж. 631 0