Ұстаз тағылымы
Бүгін еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Кәрім Жұмабайұлы туралы толғамды ой өрбіткіміз бар. Ол кісі білікті ұстаз болумен қатар саналы ғұмырында төл газетімізбен тікелей байланыста болып, жас ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу бағытында тағылымды мақала, корреспонденция, тіпті көркем әңгімелерді көп жазған.
Әсіресе ол кісінің қаламына өзіміз туып-өскен Төменарық топырағының қасиет-қадірі Ұлы Жібек жолының бойында өркендеген Сығанақ шаһары мен Көккесенің мән-маңызы, ондағы әрбір төбе мен тарихи жерлердің ғибраты туралы тақырыптар көп ілікті.
Білім мен өнерге қызығушылығын жастайынан танытады.Мектепке бес жасында барыпты:
– Менің бірінші сыныпқа қабылдануымның өзі күтпеген жағдай болды. Ұмытпасам, тамыз айының жиырма бестері. Ауыл балаларымен бірге мектепке бардым. Шетте тұрғанмын. Маған көзі түскен мектеп директоры аты-жөнімді сұрады. Мен оқығым келетінін баяндадым.
«Олай болса, құжатынды жинап, алып кел» деді ол.
Болған оқиғаны анама айттым. Директор Шанақов жанары оттай жанған сәбидің сүйегін таныса керек. Не керек, 5 жасымда мектеп табалдырығын аттадым.
Ол кезде Төменарықта теміржолға қарайтын төрт жылдық мектеп болатын. Сонда сауат ашып, өмірге деген көзқарасым қалыптасып, ілім жолына түстім, – деген аға естелігін шәкірттерді ұмыта қойған жоқ.
Қазақ ежелден ұрпағын ілім-білімге баулып, өмір философиясын терең түсінуге бағыттап отырған халық. Олай болмаса, дала академиясының ірі-ірі өкілдері Әл-Фараби, Яссауи, Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр Жүсіп сынды ғұламалар қайдан шығады?!
Мыңжылдықтардан тамыр тартатын дала академисының өкілдері ұлттың рухани-мәдени өмірінің бағыт-бағдарын айқындап, жол көрсетсе, осы тыным-тағылымнан нәр алған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және т.б қайраткер тұлғалар ұлтқа қызмет етудің сара жолын көрсетіп кетті.
Төменарық ауылының төл перзенті, бетке тұтар тұлғасы болған, ұлағатты ұстаз Алаш қайраткерінің өнеге-өрісін өмірлік ұстаным етіп, өзінің мінезімен, көзқарасымен, парасатымен елге қызмет етуді көздеді. Оның бойында мұндай қайсарлық мектепте білім алып жүргенінде-ақ байқала бастады.
Бұған дәлел ретінде бір оқиғаны баяндап берейін.
Орта мектептердің толық жарақтанбаған кезі. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, Жаңақорған кентіндегі интернатта жатып, білім алуын жалғайды.
Мектептен тыс уақытта анасына қолғабыс болу міндеті екенін жақсы түсінеді. Бірақ оған мүмкіндік қайда? Жаңақорған мен Төменарық арасы біркүншілік жер. Сонда да жолаушылар пойызы, ара-тұра тауар таситын пойызбен ауылға келеді.
Содан туған ауылында 10 жылдық мектеп неге ашылмасқа деген ой келеді. Сөйтіп, Қазақстан үкімітінің төрағасы Бейсамбаевқа өтініш жат жолдайды. Ол кезде тоғызыншы сыныпта оқитын кезі екен.
«Мектеп директоры Әбіласан Әшірбеков шақырып жатыр» – деген соң жедел барады.
Оқушысын көріп, қабағын түйіп: «Сен Бейсембаевқа хат жазып па едің?» дейді.
– Үкімет басшысына хат жазуыңа не себеп болды? Әлде біздің мектеп ұнамай ма?, – дейді.
– Жо-жоқ! Ұн-а-а-й-ды! Ауылда анам жалғыз. Сабақтан тыс уақытта анама үй шаруасында көмектескім келеді. Сондықтан ауылда он жылдық мектеп ашылса дегенім ғой!
– Онда құтты болсын! Төменарықтағы мектепте тоғызыншы сынып ашылсын деген нұсқаулық беріліпті. 9 оқушы жиналса, ауылында сынып ашып, оқуды сонда жалғастыруға болады.
Осылайша Төменарықта тоғыз жылдық мектеп ашылыпты.
Коммунистік жүйенің мызғымай тұрған кезінде үкімет басшысына хат жазу үшін адамға біріншіден – мінез, екіншіден – сөз өнерін ұстауы керек. Ал, сөз өнері әр адамның басына қона бермейтін бақ екені даусыз.
Мектепте оқып жүрген кезінен журналист болуды қалап, КазГУ-дің журналистика факультетінде жоғары білім алуды армандайды. Оқушы кезінен «Қазақстан пионері», жергілікті «Екпінді» газетінде өлеңдері мен мақалаларын беріп тұрады.
Оныншы сыныпта қатарластарының зоотехник, агроном болуды мақсат етіп, ауданның дамуына тікелей қызмет жасаймыз деуі мақсаткер тұлғаның көзқарасын өзгертеді. Мұратшыл азамат қатарластарынан қалсын ба? Туған жерді гүлдендіруде аса маңызды мамандықты таңдайды. Ол – гидротехник. Ондағы ойы – Сыр мен Қаратаудың аралығындағы бос жатқан жерлерді суландырып, ну далаға айналдыру.
Осы ойдың жетегінде ауылшаруашылығы институтына құжат тапсырғанымен, оқуға түсе алмайды. Намысшыл азамат ауылда жата ала ма? Аудандық әскери комиссариатқа барып, армияға алуын өтінеді.
1954 жылы күзгі шақырымда Башқұртстанның Белебай қаласында сержанттар дайындайтын полктік мектептің арт бақылаушылар дайындайтын бөлімінің курсанты болып шыға келеді.
Әскерден келгеннен кейін Қызылорда педагогикалық институтында орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім алып, Төменарықтағы «Горняк» орыс орта мектебінде еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып ауысады.
Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы болады. Бұл қызметті ауылда жүріп атқарады. Анығын айтқанда, басшылар қызметті ұсынғанында ауданға қатынап жұмыс істемейтінін кесіп айтады. Содан бөлім басшылары аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін ауылдан ашады.
Зейнетке шыққаннан кейін журналист боламын деген балалық мұратын шыңдап, қаламын қолына алып, «Жаңақорған тынысы», «Сыр бойы», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газетіне ой-пайымдарын ортаға салып, тұрақты мақалалар жариялап тұрды. Ұстаздарға арналған бірнеше мерзімді басылымның тізгінін ұстайды.
Адамдықтың тағылымын сіңіріп, елге адал қызмет етуді өсиет еткен шаңырақтан Ләззат, Жаннат, Гүлшат, Ғалымжан, Бауыржан, Мейіржан, Ақмарал есімді ұл-қыздары көктеп, өсіп-өніп, бір-бір әулеттің тірегіне айналып, әке көрсеткен жолдан айнымай келеді.
– Алланың бойыма берген қабілет-қарымыммен елге азын-аулақ еңбек сіңірдім. Бастысы, саналы ұрпақ өсіріп, олардың бойына адамдықтың, адалдықтың дәнін септім. Ендігі ұрпақтың сапасы сендердің мойындарында, – деген ұстаз ұлағаты біз ұстанар қағидаға айналды.
Қайрат Кәрімұлы,
Нұр-Сұлтан қаласы