№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адал перзент болмысымен құрметті

Адал перзент болмысымен құрметті


Бейбіт заманның бесігін тербеп, ұрпақ өрбіткен ұлан-байтақ қазақ даласының әр пұшпағы өздері туғызған адал перзенттерінің алақан жылуымен әрленіп, өркениеттің жолына жармасқан талабына жан бітірері анық. Бұл кәсіби білімсіз мүмкін емес.
Кешегі Кеңес үкіметі тұсында жаппай сауаттануға ұмтылған халықтың саналы бөлігінің бауырындағы баласын ата-бабалары аяқ басып көрмеген алыс шаһарларға аттандырып сап, ақырын Алладан күткен арман-тілектерінің астарында адам болудың кілтін білімнен іздеген асыл мұрат жатқан жоқ па?
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрғалиды басқа перзенттерінен артық көріп, аманат арқалатқандағы әке талабының бір ұштығы осында жатыр еді.
Бала Нұрғали да әке үмітін ақтауға барынша тырысты. Институтта жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарда көзге түсуге тырысты.
Әкесі 1938 жылы әскер қатарына алынып, одан әрі 39-жылы фин соғысына қатысып, 3 жылдан соң Герман фашистеріне қарсы майданға кірген. Ауылдағы отбасы «шайқас даласында қаза тапты» деген қара қағаз алып, қайғыдан қан құсып жүргенде 1946 жылы елге аман оралған екен. Келгеннен кейін отбасын құрып, жары Шекер екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп, жетілдірді. Шиелі қамыс зауытының филиалында бөлімше бастығы, біраз жылдар Бөртескендегі бастауыш мектепте ұстаздық етіпті. Мұхтар Әлиевті оқытқан екен.
Тұңғышы Нұрғали 1947 жылы дүниеге келді. Орта мектепті үздік тәмамдап, 1965 жылы Жамбыл гидромелиоративтік институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын инженер-гидротехник мамандығы бойынша тәмамдап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында инженер-гидротехник болып жұмыс атқарды. Гидротехник мамандығын түсінбеген елдегілер «сушы, мұрап болуға оқудың қажеті не?» деп ойлаған кезінде. Ал шындығында заман ағымына қарай тірліктің бәрі қол жұмысынан автоматтандырылған және гидравликалық құрал-жабдықтарға көшу сатысында осындай мамандарға зәрулік артты. Алғашқы еңбекке араласқан жылдары «Мыңбұлақ» жақтағы каналды тегістеу жұмыстарына қатысты.
1973 жылы Қызылорда мелиорация тресіне қарасты аудандағы ПМК-34 мекемесіне мастер болып ауысты. Осы кезеңде Бесарық плотинасы құрылысын жүргізді. Мекеме мамандары үш ауысымда демалыссыз жұмыс жасады. Жүздеген самосвал тасымалы жұмылдырылып, техниканың күшімен үлкен котлаван тоған жарты метр сайын су өтпейтіндей нығыздалып, дәлме-дәл өлшеммен жүргізілді. Осындай қыруар күшпен Жайылма плотинасы, Бірліктегі Ақүйік су тоспасы салынып, 4 шақырым лотокты канал іске қосылды. Осы мекемеде прораб, бөлім бастығы, бас инженері болып қызмет атқарған жылдары Задарья, Қыркеңсе, Сунақата, Қаратөбе, Өзгент шаруашылығында күріштік жерлердің тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілуіне, Қожамберді, Сунақата, Сүттіқұдық, Екпінді елді мекендерінде ауыз су құбырларының іске қосылуына тікелей басшылық жасады. Осы жылдары білімін жетілдіру мақсатында Киев қаласында курстан өтті.
Еңбек еш кетпеді. Кәсіби маман ретінде қажырлы қызметі бағаланып, 1984-1994 жылдары екі шақырылым бойынша поселкелік кеңестің депутаты болып сайланды. Мекеме жолдамасымен Москваға ВДНХ-ға, Чехославакия республикасына туристік жолдамамен барып қайтты.
1994-1996 жылдары аудандық жол жөндеу мекемесінің бастығы болып еңбек етті. 1996-2002 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас маман болып жұмыс атқарды.
Осы жылдары 256 шақырымдық Қандөз-Көктөбе ауыларалық жолдары, одан басқа 203 шақырымдық 14 ауыларалық жолдары құрылысы қарқынды іске асты. 2002-2005 жылдары облысаралық, ауданаралық жолдарды сапалы деңгейге көтеруге бағытталған 1 млрд теңге қаржының игерілуінде Нұрекеңнің де үлкен қажыр-қайрат жұмсаған маңдай тері аз емес. «Ауыл жылдары» Қандөз, Аққорған, Жайылма орта мектебі, Манап ауылындағы мектеп-интернаты асар әдісімен салынды. Осы жылдары жас мамандарға әр жылы 60 үй, үш жылда 300 тұрғын үй салуға қол жетті.
Елді мекендердің барлығында ФАП-тар салынды.
Сол кезеңдері еңсесін енді тіктей бастаған жас мемлекетімізде ел халқы ауызбіршілікпен жұмыс атқарып, ауданымызда ел ағаларының ұйымдастыруымен осындай ерен жұмыстар атқарылды.
Ол кезде қазіргідей тендердің түлкібұлаңы жоқ, қазған суың да, салған құрылысыңды да мемлекеттік комиссия қатаң түрде қабылдап алатын.
Нұрғали Мінуаров өзі ПМК мекемесін басқарған тұста еңбеккерлерге қамқорлық мәселесіне ерекше ден қойды. Бірнеше мамандарға баспана салып берді.
2002 жылдан 2010 жылдың аяғына дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман болып жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Бұл құжат жүзінде ғана. Еңбекпен көзін ашып, елдің игілігіне қызмет еткен жан демалыстамын деп қол қусырып қарап отыра алмайды екен.
Осы кезде ел басшылығының жеке меншік әріптестігі негізінде қоғамның әлеуетін көтеру талабына қолдау жасауды ұйғарды. Балаларына бас болып бөбекжайға ыңғайластырылған үлгіде екі қабатты арнайы балабақша ғимаратын тұрғызды. Айналасына ойын алаңы, ертегі қалашығын тұрғызып, мазмұны мен көркі қабат өрілген көрікті мекенжай бүгінде балақандар игілігінде. Жан-жақты жағдай қалыптасқан «Нұрай-Қыдыр» балабақшасында бүгінде 70 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.
Бұл талапты тірлікте әке өнегесін алған өркенді ұрпағы тіреу болып келеді. Жары Айжан екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Әнипа – дәрігер, Қайрат пен Мұрат – кәсіпкер. Талғат пен Құрбанай – білікті ұстаздар.

ТҮЙІН. Көз алдында керегесін кеңге жайып, келбеттене түскен туған жердің қай түкпіріне барса да кешегі бейнеттерінің таңбасын танып, көңілі толқиды. Ғұмыры текке өтпеген екен. Түйгені, іс тетігін ұстаған жан жауапкершілік пен сапа мәселесіне ден қоюы керек. Ел алдында сонда жүзің жарқын болады. Кезінде өздері тұрғызған құрылыстар көзіне оттай басылады. Әлі де мызғымай, қанша жылға жарар екен деп марқайып қалатыны да рас. Кісілік болмыс та сондай. Негізі болаттай берік тұлғаның беделі төмендемек емес.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
05 маусым 2018 ж. 802 0